Accessibility links

"Абай облысында табылмай жатқан екі адам су әкеткенге дейін он сағат көмек күтті" дейді туысы


Абай облысындағы су батқан трактор.
Абай облысындағы су батқан трактор.

Абай облысы Аягөз ауданындағы Қарағаш ауылы іргесіндегі Борлы өзенінде 26 наурызда су ағызып әкеткен екі адам – Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазин әлі табылған жоқ. Куәгердің сөзінше, олар мінген трактор өзен ортасында таңнан кешке дейін тұрған. Бірақ құтқарушылар дер кезінде жетпеген.

39 жастағы Шалқар Қажыгереев Аягөздегі әскери бөлімдердің бірінде келісімшарт бойынша жұмыс істеген. 68 жастағы Қуанышбек Мырзағазин шопан болған.

1 сәуірде Азаттық сөйлескен Қарағаш ауылының тұрғыны Тұрсынғали Қажыгереев ұлы Шалқар мен Қуанышбек Мырзағазин мінген трактор 26 наурызда таңғы алты жарымнан кешкі беске дейін су ортасында тұрғанын айтты. Олар 112-ге қоңырау шалып көмек сұраған, бірақ ешкім келмеген. Оларға көмекке бармақшы болған ауыл адамдарының бірі мінген атымен бірге суға батып кете жаздап, жағаға әрең шыққан.

Тұрсынғали Қажыгереев төтенше жағдай қызметінің жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, жылда көктемде таситын Борлы өзенінде су деңгейі биыл 26 наурызда көтеріле бастаған.

"Ешкім келмеді. ТЖМ ештеңеге дайын болмады. Ауыл әкімі басқа бір техника әкелуіне болады ғой. Ары жүгірдім, бері жүгірдім. Телефон байланысы біресе бар, біресе жоқ. 112-ге қоңырау шала бердім. Не ауыл әкімінен, не Аягөздегі төтенше жағдай қызметкерлерінен көмек болмады. Екеуі он сағат бойы трактордың үстінде отырды. Он метр жер. Қандай шарасыздық?! Соған күйінем, міне, бес күн болды, жылап жүрмін баламнан айырылып. Әлі таба алмай жатырмыз", – деп жылап жіберді Тұрсынғали Қажыгереев.

Бұған дейін Абай облысының әкімдігі Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазинді ТЖД қызметкерлері іздестіріп жатқанын хабарлаған. Азаттық осы оқиғаға байланысты Аягөз ауданы әкіміне хабарласты, ол "жиналыстамын" деп, жауап беруден бас тартты. Қарағаш ауылының әкімі Мадияр Байжұмановпен телефонмен сөйлестік.

"Тікұшаққа дейін сұрадым. Ана жерде мен ойбайлап тұрдым. Мен бәрін шеше қоятындай жоғары лауазымды адам емеспін ғой. Бірақ ойбайлап тұрдым, "мына су көбейіп барады, біздің күшіміз жетпейді" деп бәріне айғайлап тұрдым. Аягөзде қайық жоқ екен, Семейден келді" деді Мадияр Байжұманов Азаттыққа.

Қарағаш ауылында сегіз жүздей адам тұрады. Борлы өзенінен Қарағаш ауылына дейін 13 шақырым. Аудан орталығы Аягөзге дейін – 35 шақырым.

Абай облысы төтенше жағдайлар департаменті Қарағаш ауылындағы екі адам суға кеткен оқиғаның "су тасқынына қатысы жоқ" деп мәлімдеген. Департаменттің мәліметінше, ер адамдар жолды қысқарту үшін өзеннен өтуге тырысқан, бірақ олар өзеннің ортасында қалып қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG