Қазақстанның бірнеше аймағында тасқын жағдайы әлі күрделі. Батыс аймақтарда су аздап төмендеген, бірақ орталық, солтүстік, шығыс аймақтарда керісінше өзендердегі су деңгейі көтеріліп келеді. Абай облысында жоғалған төрт адам әлі табылмады. Ал "Қазгидромет" облыстардың көбіне "тасқын қаупі барын" алдын ала ескерткенін мәлімдеді. Азаттық 2 сәуірдегі тасқын жағдайы бойынша ақпараттарды топтап шықты.
"ЖЫЛҚЫ АЙДАП ӨТПЕК БОЛЫП, СУҒА АҒЫП КЕТКЕН"
Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовтың үкімет отырысындағы мәліметінше, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және қостанай облысында жағдай қиын. Сондықтан қазір осы аймақтарға құтқарушылар мен техникалар көптеп жіберілген.
2 сәуірдегі жағдай бойынша Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Абай, Ұлытау, Ақмола, Атырау облыстарында барлығы 20 елдімекенде төтенше жағдай жарияланған. Сыздықовтың сөзінше, тасқыннан қазірге дейін 15 786 адам (оның ішінде 6187 бала) эвакуацияланған. Министрлік адам шығыны жоқ дейді.
Ал Абай облысында жоғалған төрт адам әлі табылған жоқ. Аягөз ауданы Айғыз ауылына қарасты Үйтас қыстауында мал бағып жүрген 47 жастағы Әділжан Құлқаев әлі іздестіріп жатыр.
Малшы жігіттің әпкесі Перизат Құлқаева Азаттыққа "бауырымды жан-жақтан адамдар мен еріктілер келіп іздеп жатыр. Жылқы айдап өтпек болып, суға ағып кеткен дейді. Оқиға 23 наурызда болған" деді.
Бұған қоса, Үржар ауданында 23 жастағы жігіт Ай өзеніне ағып кеткені, қазір іздестіріліп жатқаны айтылды.
Ал Аягөз ауданы Қарағаш ауылында жоғалған 39 жастағы Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазиннен де хабар жоқ. Екеуі 26 наурызда күні бойы су ортасында трактормен қалып, 112-ге қоңырау шалып көмек сұраған, бірақ ешкім келмеген. Желіде тараған видеода ауыл адамдарының бірі көмекке ұмтылып, жылқысымен бірге батып кете жаздап, өзі жағаға әрең шыққаны байқалады.
- Ешкім келмеді. Төтенше жағдай министрлігінде ешқандай дайындық жоқ. Ауыл әкімі басқа бір техника әкелуіне болады ғой. Мен ары-бері жүгірдім. Байланыс біресе ұстамайды, біресе ұстайды. Тек 112 звондай бердім, бірақ одан көмек болмады. Екеуі он сағат бойы трактор үстінде отырды. Он метр жер! Қандай шарасыздық! Соған күйінем. Бес күн болды, міне, баламнан айырылып жылап жүрмін. Енді, міне, таба алмай жатырмыз, - деді Шалқардың әкесі Тұрсынғали Қажыгереев Азаттыққа.
Алайда Абай облысы төтенше жағдайлар департаменті Қарағаш ауылындағы екі адам суға кеткен оқиғаның "тасқынға қатысы жоқ" деп отыр. Департаменттің мәліметінше, ер адамдар жолды қысқарту үшін өзеннен өтуге тырысқан, бірақ олар өзеннің ортасында қалып қойған.
"ҚАЗГИДРОМЕТ": ТАСҚЫНДЫ АЛДЫН-АЛА ЕСКЕРТТІК
ТЖМ мәліметінше, қазір елдің бес облысында 1405 тұрғын үй, 372 аула, 99 саяжай және он ғимарат су астында қалған. 50 елдімекенге жол жабылған. Ал төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовтың сөзінше, қазір тасқыннан құтқару жұмыстарына 11 мыңнан аса адам мен 4 мыңнан аса техника жұмылдырылған.
Мемлекеттік "Қазгидромет" орталығының бас директоры Данара Әлімбаева облыстағы әкімдіктерге тасқын жайлы алдын ала ескерткендерін айтады.
"Желтоқсан айынан бастап ескерту жасап, БҚО, ШҚО, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Абай облыстарына тасқын қаупі төнетінін айттық. Бұл ақпарат әкімдіктерге жіберілген. Бұған қоса, наурыздан бастап, қауіп-қатерлер жайлы хабарлап, жүзден аса ескерту жіберілді. Ақпаратты әкімдіктер мен министрлікке де жібердік. "Қазгидромет" қолдан келгенін болжады, ақпарат ұсынды" деді Әлімбаева 2 сәуірде үкімет отырысынан соң.
2 сәуірде баспасөз мәслихатында журналистер ТЖ вице-министрі Бауыржан Сыздықовтан "Қазгидромет" ескертуі неге ескерілмегені жайлы сұрады. Ведомство өкілі даладан келетін қар суына дайын болмадық деді.
"Негізі барлық күш пен құралдар дайын болды. 11 облыста 45 мың адам тұратын 46 елдімекенге тасқын жайлы ескерткенімізге назар аударғым келеді. Ал қалған бес облыста тасқын су өзен деңгейінің көтерілгенінен емес, даладан келген судан болды" дейді Сыздықов.
Вице-министрдің сөзінше, әлем елдерінің көбінде тасқын қаупіне дайындалғанда даладан келетін қар суы ескерілмейді.
Билік биылғы тасқын 2012 және 2017 жылғы тасқыннан асып кеткенін мойындаған. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтан кешірім сұрап, үкімет мүшелері мен бірнеше әкімге қатаң сөгіс жариялап, ескерту берген.
ПІКІРЛЕР