Accessibility links

Көктемде су көп, жазда су жоқ. Қазақстанды тасқын мен қуаңшылықтан құтқаратын технология бар ма?


Су басқан Ойыл ауданындағы елді мекендер. Ақтөбе облысы, 29 наурыз, 2024 жыл.
Су басқан Ойыл ауданындағы елді мекендер. Ақтөбе облысы, 29 наурыз, 2024 жыл.

Қазақстанда көктем сайын қайталанатын су тасқынынан кейін қоғамда суды тиімді пайдалану мәселесі жиі айтыла бастады. Ернеуінен асып жататын өзен-көл мен еріген қар суы әбігерге салатын кей аймақтар жазда қуаңшылықтан зардап шегеді. Кей белсенділер көктемде асып-тасып жататын суды жинап, жаз мезгілінде пайдалануды ұсынып жатыр. Елді тасқын мен қуаңшылықтан құтқара алатын технология бар ма? Қазақстан суды қаншалықты тиімді пайдаланып жатыр?

Қазір Қазақстанның бірнеше өңірі су тасқынынан зардап шегіп отыр.

Мысалы, биыл Ақтөбе облысында Қарғалыдан басқа аудандардың барлығын қар суы әбігерге салып, тіпті тұрғындардың сөзінше, бір ауыл (Берсиев ауылы) 90 пайыз жоқ болған.

Дәл осы Ақтөбе мен Қостанай облыстары, Қарағанды былтыр қуаңшылықтан зардап шеккен еді. Биыл да су тапшылығы болуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр.

Осы тұста кей мамандар Қазақстан неге көктемдегі мол суды жинап, сақтап, қуаңшылық пайда болатын жаз мезгілінде пайдаланбайды деген мәселе көтерді.

Мысалы, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан "Дәл қазір еліміз су тасқынынан зардап шегіп отыр. Жаздыгүні су тапшылығынан қиыншықты көретін боламыз, дұрыс па? Сонда суды көктем кезінде сақтап алып, жаздыгүні неге ауыл шаруашыққа пайдаланбасқа? Неге Алла Тағала Қазақстанға былай беріп отырған суды сақтай алмаймыз? Өткен жылдары инфрақұрылым, су сақтайтын қоймаларды құрып қоюға болатын еді ғой! Әттең, әттең..." деп жазды.

Саясаткер Санжар Боқаев Instagram парақшасында совет кезіндегі су тасқынымен күрес шараларын мысалға келтіріп, "еріген қар суын жазда суғаруға пайдалану үшін су қоймаларында сақтай білу керек" деді. Ол елде су тасқыны қайталана беретінін сынап, билік тасқынның алдын алмайды, тек салдарымен күреседі, себебі салдарын жоюға бюджеттен миллиардтаған қаржы жұмсалады, ол бақылаусыз жұмсалып жатыр деп мәлімдеді.

Су мамандары не дейді? Азаттық олардың пікірін білді.

СУ ҚОЙМАСЫ СУ ТАСҚЫНЫ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ МЕ?

Су маманы Құралай Яхияеваның сөзінше, су сақтау және су жинаудың түрлі әдістері бар және Қазақстан кейбірін пайдаланып та жатыр. Солардың бірі – контррегулятор. Мысалы, Түркістан облысындағы Көксарай контррегуляторы көктемде келетін көп суды жинап, жазда егістікке пайдалануға мүмкіндік береді.

"Біріншіден, Көксарай су алудан құтқарады. Екіншіден, су аз кезде Қызылорда облысының күрішін жатқызып алуға жетеді. Айталық, жобалық мөлшер бойынша үш млрд текшеметр су жиналса, 20 мамыр мен 15 маусым аралығында бір ай көлемінде жаңағы сумен жаңа ғана еккен күрішті суға бастырады. Себебі, оны екі-үш күн ішінде бастырмаса дән күйіп кетеді", – дейді Яхияева.

Көксарай су қоймасы. 19 ақпан, 2014 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.
Көксарай су қоймасы. 19 ақпан, 2014 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

Қазір билік 20 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Алайда бұған қатысты су мамандары арасында біржақты пікір жоқ. Бірі су қоймасы тасқын мәселесін шешуге көмектеседі десе, екіншісі су қоймасы орасан қаржы шығынын қажет етеді, оданша қаржыны қазір бар технологияны жаңартуға, жөндеуге жұмсаса әлдеқайда тиімді болады дейді.

Кейінгі пікірді су маманы Ерлан Бадашев қуаттайды.

"Қазақстанда қажет гидротехникалық жабдықтардың 90 пайызы бар. Тек оларға инвентаризация жасап, түгендеп, жөндейтіндерін жөндеп, жаңарту керек. Су қоймасы – көп қаражат талап ететін қымбат жоба. Және оны қайда салуға болатынын білмеймін. Жамбыл облысына үш қойма салуға болады. Қалғанын қайда саласың? Қазақстанның су қоры 100 млрд текше метр. 20 су қоймасын салсақ, қосымша 2 млрд текше метр су пайда болады дейді. Соған бола сонша қаражат жұмсаймыз ба? Ол тек бумен ғана кетеді. Оданша елде бар инфрақұрылымды жөндеп, түгендеп алсақ көбірек ұтамыз", – дейді ол.

Оның сөзінше, мысалы Шардара су қоймасының сыйымдылығы жоба бойынша 5,2 млрд текшеметр, ал бірақ қазір түбі лайланып кеткендіктен оған тек 3,8 млрд текшеметр ғана су жиналады. Оны тазартып-ақ сыйымдылығын арттыруға болады және мұндай жағдай "Астана" мен өзге су қоймаларында да қалыптасып отыр дейді маман.

Қоянды халқы қарғын судан қалай құтыларын білмей дал
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:52 0:00

Су ресурстары министрлігі бірнеше күн бұрын Ақмола облысында салынатын Есіл контррегуляторының жоба-сметалық құжатнамасын аяқтағанын хабарлаған. Құжат енді мемлекет сараптамасына жіберілмек. Биліктің түсіндіруінше, нысан Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын су басу қаупінен құтқарып, 25 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге тиіс. Нысан 2025-2027 жылы салынады деген ақпарат тарады. Жоба құны әзірге айтылмады.

Жемқорлық жөнінде жазатын кейбір журналистер Қазақстанда су нысандарын салған кезде де қаржы жымқыру қатері барын, "су қоймасы да жақсы ақша табу тәсілі" екенін айтады. Былтыр Қостанай облысында 2020 жылы шамамен 200 млн теңгеге салынған бөгет 2022 жылы бұзылып, ақша жымқыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Су қоймасының экожүйеге әсерін де ескеру керек. Оның табиғатқа кері әсері жөнінде түрлі зерттеулер бар.

Су маманы Әмірхан Кеншімов "еріген қар суын жинауға болады, бірақ ол үшін инфрақұрылым керек, ал бізде инфрақұрылымның көбі ескірген" дейді. Ол су тасқынынан қатты зардап шеккен Ақтөбе облысында совет кезінен бар инфрақұрылымның көбі қараусыз қалғанын айтады.

– Мына Ақтөбенің барлығы жазық жерлер ғой. Ойыл, Сағыз, Жем өзендері су тасыса жер-дүниені алып кетеді. Сай-саласы аздау жерлер. Өзен арнасынан шықса, өте қауіпті. Соның өзінде де бұрын Ойыл өзенінің өзінде 50-ге жуық бөгет салып тастаған. Оларды көктемге дайындау керек қой. Қазір ешкім оны дайындамайды. Содан кейін барып су келіп тіреледі, деңгейі көтеріледі, жан-жаққа жайыла бастайды. Жазық жерлердегі өзендердің мәселелері сол. Оған дайындық керек. Бөгеттердің барлығының шлюздерін ашып қою керек. Алды-артын тазалау керек. Су жүретін жердің бәрін тазалап, тал өсіп кеткен жерлерін отап отыру керек. Оны қазір ешкім істемейді. Себебі қаржы жоқ, – дейді ол.

КӨЛДЕТЕ СУҒАРУ

Су тасқынын дұрыс басқарып, тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін өзге де әдістер бар. Мамандар мұндай әдістер совет кезінде жақсы қолданылғанын еске алады. Солардың бірі – көлдете суғару.

Көктем кезінде еріген қар суын жайылымдық жер, шабындықтарға бұруды көлдете суғару деп атайды. Бұл әдіс су тасқынының алдын алады әрі жерді ылғалдандырады.

Мұндай әдіс қазір су тасқынынан зардап шегіп отырған Ақтөбе және Қостанай облыстарында да пайдаланылған дейді мамандар. Ол кезде канал, арықтар алдын ала тазартылып, су жүретін жолдар аршылып отырған. Соның арқасында еріген су дұрыс бағытпен ағып, елді мекендерді су баспаған. Ал шабындық пен жайылымдық жерге жеткен су топырақты ылғалдандырып отырған. Соның арқасында жем-шөп, жүгері және өзге дақылдар мол өнімі берген дейді мамандар.

Ауыл халқы су алатын шағын өзен. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Ауыл халқы су алатын шағын өзен. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Бұған дейін көлдете суғару әдісі Павлодар облысында қолданылатыны хабарланған. Павлодар облысында төрт ауылдың 6,7 мың гектар жерінде бөгетке топырақ үю мен шлюз реттегіш орнату үшін республикалық бюджеттен 5 млрд теңге керек екені айтылған.

"Көлдете суғару деп көктем кезінде еріген қар суын жайылымдық жерге, шабындықтарға бұруды айтады. Ал қазір урбанизация салдарынан қала маңында су бұратын шабындық та қалған жоқ. Бәріне үй салып тастады", – дейді су маманы Құралай Яхияева.

Оның сөзінше, қазір қала мен елді мекендерде арық жүйелерінің болмауы да жаңбыр немесе қар суының дұрыс бағытта ағуына бөгет жасап, суды пайдадан гөрі кедергіге айналдырып отыр.

– Қазір үйлер салынған кезде "жергілікті аумақ бедері" ескеріліп жатқан жоқ. Жергілікті аумақ бедері қай жердің ойпаң, қай жері қыр екенін көрсетеді. Бұрын бізде мұнымен жобалау институттары айналысатын. Ал қазір екінің бірінің лицензиясы бар. Кішкентай компаниялар өз бетінше жобалау жасай береді. Ол жердегілердің соған уақыты жоқ па, әлде сауаты жетпей ме, білмеймін, зерттеу жүргізбейді. Ал жобалау үшін геологиялық зерттеу жүргізу керек. Топырағы қандай, жердің тоңы мен тереңдігі қандай, соның бәрі ескерілуі керек. Ал бізде қазір оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Бұл енді жергілікті биліктің кінәсі. Ауылдардағы үйлерді су баспас үшін көшелердің екі жағында арық болуы керек. Қазір бұрынғы су ағып кететін жыраларды тегістеп, үстінен үй салып тастаған, – дейді Құралай Яхияева.

"СУ ТАСҚЫНЫН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ МИНИСТРЛІГІНЕ ҒАНА АРТЫП ҚОЮ ДҰРЫС ЕМЕС"

Water hub халықаралық зерттеу орталығының директоры Анатолий Рябцев Қазақстанда еріген қар суын өткізуге дайындық жүйесін қайта қарау керек деп есептейді.

"Біріншіден, біз бәрін төтенше жағдай министрлігінің мойнына артып қойдық. Бұл дұрыс емес. Бұл салада 1972 жылдан бері істеп келемін. Бізде бұрын шығын бойынша бюджет бабы да болатын. Тасқын суын апатсыз өткізуге бюджет қарастырылатын. Егер [жабдықтарды] уақытында жөндемесеңіз, тоспаны алдын ала сайлап, майламасаңыз, мұзды оймасаңыз, су жолын дайындамасаңыз, ертеңгі күні су жолды басады. Соған дайындалу керек. Бізде жергілікті билік шала-шарпы іс қылады, байыбына бармайды деп ойлаймын. Себебі кейбір аумақта жыл сайын бір жерді ғана су басады, содан кейін қол жайып отырады. Бірақ дұрыс шара қолданылмайды. Бұл жағы бізде ақсап жатыр", – дейді Анатолий Рябцев.

Су мамандары тасқынға қарсы жұмыстарға төтенше жағдай қызметінен гөрі сушылар көбірек араласуы керек деп есептейді, себебі су қоймалары мен инфрақұрылымдарының жағдайын солар жақсы біледі. Тиісінше, бюджеттің бір бөлігі де су ресурстары министрлігіне бөлінгені жөн, өйткені "тасқынмен күрес шаралары жыл бойы жүруге тиіс, сол кезде салдарымен емес, себебімен күрес басталады" дейді мамандар.

Қар суы тұрғындарды әбігер қылды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:43 0:00

ТАСҚЫН МЕН ҚУАҢШЫЛЫҚТАН ТАҒЫ НЕ ҚҰТҚАРАДЫ?

Қазақстан су тасқыны мен қуаңшылықпен күресте ғарыш арқылы, спутниктен түсірілген суреттерді пайдаланып болжам жасау тетіктерін дұрыс пайдалана алмай отыр дейді мамандар. Қар қалыңдығы, жерасты ылғалын, қанша су келетінін, су тасыса қай жерге ағатынын – барлығын модельдеп жасауға болады. Жас айтишниктерді соған бейімдеу керек дейді олар.

– Бұрын су шаруашылығы министрлігінің өз болжам бекеттері болған. Қазір ол жоқ. "Қазгидромет" қашан мәлімет береді деп күтіп отырады. Ал министрліктің негізгі жерлерде өз бекеттері болуы керек. "Қазгидромет" ол жауын-шашынды, боран-дауылды, т.с.с. болжайды. Ал мына жерде таза су ғана болуы керек. Ақыры кадр мәселесін қозғағаннан кейін, "Қазгидрометте" де мамандар аз қалғанын айту ләзім. Жас мамандар айлық аз болғаннан кейін істемей кетіп қалады, – дейді Құралай Яхияева.

Болжам мәселесіне осы аптада жемқорлықты зерттеу бюросы қоры назар аударған.

"Су қоймасы жақсы, технология жақсы, ал бірақ Қазақстанда соның бәрін жүзеге асыратын маман бар ма?" дейді Әмірхан Кеншімов.

"Біз қазір су саласында кадр жағынан өте үлкен қиыншылыққа кезігіп тұрмыз. Қазір бізде су ресурсы, су пайдалану деген бір мамандық бар. Сол арқылы бәрін дайындаймыз дейді. Бірақ су пайдаланудың түрі көп қой. Әрқайсысын жеке-жеке оқыту керек. Мысалы, кезінде Жамбылда гидромелиорация құрылыс институты болатын. Сонда гидротехник мамандарды дайындайтын. Мелиорация гидротехнигі, жабдықтар гидротехнигі, сумен қамтамасыз ету сияқты әртүрлі мамандыққа оқытатын. Қазір ол жоқ. Сосын инженерлік-техникалық пәндердің бәрін алып тастады. Онсыз суды меңгеру мүмкін емес. Қазір су дегеннің атын біледі, ал бірақ немен басқару керегін білмейтін, сызбаларды оқи алмайтын мамандар шығып жаыр. Сондай жағдайға жеттік. Мәселені дереу қолға алмасақ, жағдай мүлде қиындай түседі", – дейді ол.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Қазақстанда 1800-ден астам гидротехникалық жабдық бар. Олардың 600-ге жуығы республика меншігінде, мыңға жуығы коммуналдық меншікте, 200-ден астамы жеке меншікте, 25 нысан қараусыз қалған деп айтылады. Елде 500-ден астам нысан жөндеуге зәру.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG