Accessibility links

Тасқыннан қашқан жүздеген тұрғын арнайы орын мен туыстарын паналады


"Үйдің іші лай". Оңтүстік жұртын тасқын әбігерге салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Шымкент пен Түркістан облысында нөсер салдарынан өзен тасып, бірнеше ауылда жүздеген адам мекен-жайын тастап шығуға мәжбүр болды. Тасқын су жүздеген үйге жетіп, көше мен аулаларды тас аралас лайға толтырған.

Шымкент қаласына қарасты Елтай ауылына нөсерден кейін пайда болған тасқын су толассыз ағып келіп жатыр. Мамырдың 14-іне таңертең Елтай ауылына барған Азаттық тілшісі толассыз жауған жауын астында жүрген құтқарушылардың арықтарды тазалап, тұрғын үй аулаларынан су мен лайды шығарып жатқанын көрді.

Елтай ауылындағы жеке үйдің ауласына кірген су мен лайды шығарып жатқан адамдар. Шымкент, Еңбекші ауданы, 14 мамыр 2020 жыл.
Елтай ауылындағы жеке үйдің ауласына кірген су мен лайды шығарып жатқан адамдар. Шымкент, Еңбекші ауданы, 14 мамыр 2020 жыл.

Нөсер жауынның әсерінен тасыған су Елтай ауылына сәрсенбі, мамырдың 13-і күні кешке жеткен. Ауылдағы 60 шақты үйді су алып, үш шаруашылық құрылысы бүлінген. Кей жерлерде су деңгейі 20-50 сантиметрге дейін көтерілген.

Үш жүзге жуық тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Олардың бір бөлігі көрші Тоғыс ауылындағы екі мектептегі эвакуация пункттеріне орналасты, өзгелері туған-туыстарын паналады деп хабарлады төтенше қызмет өкілдері.

Елтай ауылындағы селден негізінен су ағатын арна бойына салынған үйлер зардап шекті. Олардың тұрғындары кезінде әкімдік бөліп берген жерге баспана салғанын айтады.

Селден зардап шеккен Елтай ауылында. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 14 мамыр 2020 жыл.
Селден зардап шеккен Елтай ауылында. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 14 мамыр 2020 жыл.

Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны Керімхан Мырзақұловтың сөзінше, Қасқасу өзеніне Сырғанақ сайы мен таудан келген су қосылады, түстен кейін Сырғанақ сайынан қатты екпінмен аққан су көпірлерді жұлып кеткен.

- Өзеннің екі бетінде орналасқан ауылдың тұрғындары екі жақта қалып қойды. Далада жайылып жүрген мал сумен ағып келді, - деді ол Азаттыққа.

Ауыл тұрғындары өзеннің екі бетінде қалып қойды. Далада жайылып жүрген мал сумен ағып келді.

Бейсенбі күні таңғы мезгілде Еңбекші ауданындағы Бадам өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, тасыған су бөгеттің бір бөлігін бұзып кеткен. Су қауіп төнген екі үйдегі 17 адам Бадам-1 ауылындағы мектептегі эвакуациялық орынға жеткізілген. Арыс-Шымкент жолындағы көпірді су алып, көлік қозғалысы тоқтаған.

Түркістан облысы Төлеби ауданында 200-ден астам үйдің ауласына су кірген. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, "40 минуттың ішінде айлық жаңбыр жауған". Селден зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесуде әкім саманнан салынған үйлердің суда қалған кезде қауіпті екенін айтты.

Билік орындарының хабарлауынша, тасқын Жоғарғы ауылында төрт көпірді бүлдірген. Төлеби ауданындағы Екпінді ауылында оннан астам үйді су алған. Тасыған су Ленгір кентіне, Сұлтан Рабат ауылына да жеткен.

Селден зардап шеккен үйдің ауласын тазалап жатқан адамдар. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Елтай ауылы, 14 мамыр 2020 жыл.
Селден зардап шеккен үйдің ауласын тазалап жатқан адамдар. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Елтай ауылы, 14 мамыр 2020 жыл.

Түркістан облысында Бәйдібек, Қазығұрт және Сайрам аудандарында бірнеше ауылда тұрғын үйлер судан зардап шеккен. Билік мал шығыны бар деп хабарлады.

Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылында 30 үйді су басқан. Осы аудандағы Қызылата, Қаржан ауылдарында бірнеше үй суда қалған. Бәйдібек ауданындағы Тұрақты ауылында арнаны бұзып өткен судан бірнеше үй зардап шеккен.

Қаратас, Боралдай ауылдарында оннан астам үйді су алған. Көкібел ауылында су қоймасындағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты 130-дан астам адам жергілікті мектепке көшірілген. Сайрам ауданында Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарында бірнеше үйді су басқан.

Тасқыннан зардап шеккен Елтай ауылында. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 14 мамыр 2020 жыл.
Тасқыннан зардап шеккен Елтай ауылында. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 14 мамыр 2020 жыл.

Әзірге сел салдарынан нақты қанша шығын келгені белгісіз. Бейсенбі күні Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындарға келген шығын көлемін арнайы комиссия анықтайтынын хабарлады.

"Жергілікті деңгейдегі төтенше жағдайдың салдарын өз күшімізбен жоямыз. Оған тәжірибеміз жеткілікті", - деді Шөкеев.

Биліктің мәліметінде "Бәйдібек, Қазығұрт және Төлеби аудандарында 522 үй ауласы мен 4 үйді су басып, 258 адам эвакуцияланғаны" айтылған. Екі күн толассыз жауған жауын бейсенбі күні түстен кейін саябырлады. Бірақ алдағы күндері тағы да нөсер жауатын болса, су қайта тасуы мүмкін деп қауіптенеді жергілікті тұрғындар.

Тасқыннан зардап шеккен үй. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Елтай ауылы, 14 мамыр 2020 жыл.
Тасқыннан зардап шеккен үй. Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Елтай ауылы, 14 мамыр 2020 жыл.

Ауа райын болжайтын мамандар таулы аймақтарда алдағы күндері жауын болуы мүмкін деп ескертеді. Сарапшылар Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттегі елдімекендердің тасқыннан жиі зардап шегуінің себебін су ағызатын арнайы жүйенің жоқтығы немесе арықтардың бітеліп қалуымен, суландыру және су тартатын жүйелердің қатты нөсер кезінде пайда болатын артық суды ағызып жіберуге бейімделмегенімен байланыстырады.

Кейінгі екі аптаға жуық мерзімде Қазақстанның оңтүстігінде су тасқыны тұрғындарды осымен екінші рет әбігерге салып отыр.

Мамырдың басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы алты ауылды су алған еді. Көлденең келген апаттан мыңнан астам тұрғын үй, үш мектеп, бес балабақша, бірнеше медицина мекемесі мен мәдениет үйі бүлінді. Су алған аймақта тұратын 31 мыңнан астам адам үй-мүлкін тастап кетуге мәжбүр болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG