Accessibility links

Топан су басқан ауыл адамдары үдере көшті


Су астында қалған Өргебас тұрғындары Тоқаев пен Шөкеевті іздейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:13 0:00

Түркістан облысында су алған аймақтағы жүздеген үй мен қора қирап, мыңдаған адам адам үдере көшті. Үйсіз, күйсіз қалған жұрттың кейбірі жергілікті әкімдік дайындаған орындарға жайғасса, бір бөлігі әлі күнге көше мен қыр басында жүр.

"ҚҰЖАТЫМЫЗДЫ ҒАНА АЛЫП ҮЛГЕРДІК"

Мамырдың екісіне түн ішінде Мақтарал ауданындағы Жеңіс және Жаңатұрмыс ауылдарын алған су ертеңіне Өргебас ауылына да жетті. Кешеден бері көрші ауылдарға келіп жатқан топан суға үрейлене қарайлап отырған Өргебастың екі мыңға жуық адамы түн ішінде қопарыла көшіп, ауылдарын тастап шықты.

Алдын ала қамданып, тіршілікке керек заттарын жинап отырғандар да, тым болмаса құжатын да алып үлгермей апыл-ғұпыл шыққандар да бар. Олардың арасында "жергілікті әкімдік апат жайлы ақпаратты уақытында бере алмады" деп санайтындар жиі кездеседі.

Тасқын су алған Өргебас ауылының тұрғыны Тазагүл Рысманбетова. Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.
Тасқын су алған Өргебас ауылының тұрғыны Тазагүл Рысманбетова. Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.

- Кемпір-шал, бала-шағамызбен шұбырып Асық ата ауылындағы туыстарымызға бардық. Құжатымызды ғана алып үлгердік. Тіпті күнде ішетін дәрі-дәрмегімізді де ала алмадық, - дейді Өргебас ауылының тұрғыны Тазагүл Рысманбетова.

Ілінген көлікке жармаса мініп, ауыл шетінде биіктеу тұсқа шыққан адамдардың көз алдында Өргебас суға кетті. Үсті-үстіне үздіксіз келіп жатқан топан су көше мен қуыстың бәріне сумаңдай кіріп, кей үйлер әп-сәтте құлады. Қара шаңырағының ай мен күннің аманында опырылып ортасына түскеніне шыдамаған адамдар көз жасына ие бола алмады.

Үйде қалған мүлкі мен малын әлі де құтқарып қалғысы келетін жастар қайықпен де, қайықсыз да ауылға қайта ұмтылып, жанұшыра әрекет жасап жатты.

11 баланың анасы 80 жастағы зейнеткер Дәмеш Қалдыбаева көрші ауылдарды су алып жатқанын көре тұра ауылды қорғап қалуға "жеткілікті әрекет жасамаған" билікке налыды.

Өргебас ауылының тұрғыны, зейнеткер Дәмеш Қалдыбаева. 3 мамыр 2020 жыл.
Өргебас ауылының тұрғыны, зейнеткер Дәмеш Қалдыбаева. 3 мамыр 2020 жыл.

- Мынау не сұмдық? Үш күннен бері неге су тоқтамайды? Елбасы, президент, облыс әкімі, аудан әкімі қайда? Не жазығы бар бұл жұрттың? - дейді ол көзінен жас саулап.

Жылаған ананы сабырға шақырған жұрттың өзі де көз жасына ие бола алмай жатты.

Кемсеңдеген ақсақал Құрақбай Мәміржепов "болары болды, үкімет көмек берсін" деп басын шайқай береді.

Тілсіз жау ауылды ғана емес, ауыл төңірегіндегі күнкөріс көзі – егістік жерін де жайпап кеткен. Топан судың екпінімен қирап жатқан үйлеріне қарап тұрған жұрт ертеңгі күні не боларын білмейді.

- Қауын, мақта егетін мың гектар жеріміз де су астында қалды. Енді қалай күн көреміз? - дейді ауыл адамдарының бірі Берікбай Донаев.

Ауыл адамдары үкіметтен бір қайран бола ма деп үміттенеді.

"ТЕҢІЗГЕ" АЙНАЛҒАН АУЫЛ

Топан су бір жарым метрге дейін көтерілгенде төтенше жағдай департаментінің қызметкерлерімен бірге Өргебас ауылына қайықпен кірдік. Түркістан облысы төтенше жағдай департаментінің екі қызметкерінен өзге үйінен құжатын алудан әлі де үміті үзілмеген тағы бір адам, барлығы төрт адам болып қайықпен шықтық.

Топан су құлатқан тұрғын үйдің шатырында жатқан ит. Мақтарал ауданы, Өргебас ауылы, 3 мамыр 2020 жыл.
Топан су құлатқан тұрғын үйдің шатырында жатқан ит. Мақтарал ауданы, Өргебас ауылы, 3 мамыр 2020 жыл.

Өргебастың ақшаңдақ қара жол көшелері осылайша қайық жүретін дарияға, ауыл іші телегей теңізге айналғандай. Лай судың бетінде шөп-шалам, ыдыс-аяқ, тағы басқа ұсақ-түйек заттар қалқып жүр.

Су іргетасынан асып, терезесіне жеткен үйлер бірінен соң бірі құлап жатыр. Қабырғасы құлап, қисайып қалған үйлердің ішінен көрпе-төсек көрінеді.

Ауылдағы балабақша, медпункт, мешіт, полиция бөлімшесі мен жаңадан салынып жатқан мектеп ғимараты да суда қалған. Әр жерден сықырлаған, күтірлеген дыбыстар естіледі. Бұл – әні-міне құлағалы тұрған үйден шығатын дыбыстар. Іле шала гүрс етіп, суға опырыла құлаған үйді көресің, болмашы шаң көтерілгенімен әп-сәтте су жұтып қояды.

Өргебас ауылындағы мешіт. Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.
Өргебас ауылындағы мешіт. Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.

Әзірге топан суға дес беріп, құламай тұрған үйлер де бар. Кейбірінің сырты бүтін болғанымен таяп барған адам қабырғалары қақ айырылып, ажырап кеткенін оңай көре алады.

Есік алдындағы судан жартылай көрінетін трактор бұл ауылдың бұрынғы тіршілік көзінен қалған белгі сияқты. Иесінен қалып қойған итттер сәл биіктеу оймақтай қара жерге шығып алған, асығыста ешкім ескермеген тауықтар қоршау үстінде қонақтап тұр.

Құжатын алып шығу үшін қайыққа бізбен бірге мінген адамның үйіне дейін шамамен екі шақырым жүрдік. Сыртынан қарағанда үй аман сияқты. Көрші үй ортасынан түскен. Ошағы су астында қалған қазан су бетінде тұр екен.

Тасқын су алған Өргебас ауылында тұрған адамдар. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.
Тасқын су алған Өргебас ауылында тұрған адамдар. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.

Төтенше жағдай қызметкері өз міндетін орындап, үйге кірмек болған адамға ескерту беріп қойды.

- Үйге кіруге болмайды. Қабырғасы жарылып тұр, - деді ол. Оның сөзінше, құлаған үйлердің көпшілігі шикі кірпіш - саманнан соғылған үйлер. Ал күйген кірпіштен соғылған үйлер әзірге шыдас беріп тұрғанға ұқсайды.

Бірақ Өргебаста күйген кірпіштен салынған үй аз. Оңтүстік халқы үйді көбіне шикі кірпіштен салады.

Шамамен екі сағаттың ішінде суға жантая құлаған оннан астам үй мен қораны көрдік. Ауылдың балабақшасы да құлап жатыр.

Ауыл сыртына қайта шыққанымызда Өргебаспен көрші "Нұрлы жол" ауылының адамдары малын алдына салып айдап, бала-шағасын трактор тіркемесіне отырғызып, жан-жаққа кетіп жатты.

Тасқын судан қашып, үдере көшкен ел. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.
Тасқын судан қашып, үдере көшкен ел. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.

"ДЫМСЫЗ ҚАЛДЫҚ..."

Өргебас ауылынан бұрын Мақтарал ауданының Жеңіс, Жаңатұрмыс және Фирдоуси ауылдарын су алған еді. Бұлар тасқын судың тура жолында қалған ауылдар.

Әуелі Жаңатұрмыс, артынша Жеңіс ауылы тасқынның астында қалған. Екі ауылға баратын жолды да су шайып кеткен. Одан кейін Фирдоуси ауылына жеткен су ертеңіне Өргебастан өтіп, "Ташкент-Термез" тас жолына жайылған.

Өргебас ауылында суда қалған техника. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.
Өргебас ауылында суда қалған техника. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.

Тасқын су онымен де тоқтамай Гүлістан, Достық, Қарақыр ауылдарына қарай жылжыған. Бұл ауылдардың адамдары да буынып, түйініп көшуге дайын отыр.

Өзбекстанда мамырдың 1-іне жарылған "Сардоба" су қоймасының суы қазақ-өзбек шекарасындағы Абай каналы арқылы келіп жатыр. Су әлі тоқтамаған. Каналдан тасып, егістікке жайылып жатыр. Су алған ауылдардың барлығы Өзбекстаннан шамамен 3-6 шақырым жерде орналасқан.

Бала-шағасымен үйінен қашып шығып, үш күннен бері әр жерді паналап жүрген Берік Темірбаев туып-өскен ауылы Жеңістің көз алдында жоқ болып кеткенін қинала еске алды.

Тасқын судан зардап шеккен Жеңіс ауылының тұрғыны Берік Темірбаев. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.
Тасқын судан зардап шеккен Жеңіс ауылының тұрғыны Берік Темірбаев. Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, 3 мамыр 2020 жыл.

- Өмір бойы жинап-теріп салған жалғыз үйім жоқ болды. Малды да толық шығарып үлгермедік. Біразы суға кетіп қырылды. Он гектар жерге бес миллион теңге жұмсап еккен егінімді су шайып кетті. Дымсыз қалдық, ішіміз удай ашып тұр. Бұл шығынның өтеуі бола ма, жоқ па? - дейді ол.

Жеңіс пен Жаңатұрмыс, Фирдоуси ауылдарына баратын жолды су шайған, бару мүмкін емес. Полиция күзетіп тұр. Алыстан ауылдың орнында қираған үйлер мен ағаш мұнартып көрінеді. Үш ауылда да тіршілік белгісі тоқтап қалғандай, әрі-бері жүрген тірі жан байқалмайды.

Тасқын су тоқтамай, бірнеше ауыл халқы үдере көшіп жатқанда Қазақстан президенті президент Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккендерге көмек берілетінін мәлімдеді. Президент Мақтарал ауданының 10 ауылын су алып, 22 мың адамның қауіпсіз аймаққа көшірілгенін хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың Азаттыққа айтуынша, Өзбекстаннан Қазақстанға қарай Абай каналы арқылы келіп жатқан су әлі тоқтамаған. Бастапқыдан су басып қалған төрт ауылдың 620 үйі бүлінген. "Құлаған үйлер қайта салынады. Бүлінген үйлер жөнделеді. Мал шығыны мен шаруашылық шығынының есебі шығарылады" деді шенеунік.

Мамырдың біріне Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, Өзбекстанның бірнеше ауданы су астында қалған. Кешке қарай тасқын су Қазақстан аумағына өте бастаған. Мамырдың 1-і күні Түркістан облысында арнайы құрылған штаб Мақтарал ауданында төтенше жағдай жариялады.

Мақтаралда бірнеше ауылды су басты. 2 мамыр 2020 ж.

Мақтаралда бірнеше ауылды су басты. Қазір ахуал қалай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:07 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG