Accessibility links

Атырау облысында Жайық өзенінің суы көтеріліп жатыр. Құлсарыда 2600 үйді су алған


Құлсарыдағы тасқын. 5 сәуір 2024 жыл.
Құлсарыдағы тасқын. 5 сәуір 2024 жыл.

"Қазгидрометтің" Атырау облысы бойынша филиалының ақпаратынша, Жайық өзенінде су көтерілу жалғасып жатыр.

Гидрологиялық мониторингтің дерегінше, 8 сәуір таңғы сағат сегіздегі жағдай бойынша Жайық өзенінің Индербор елдімекеніндегі тұсында су 44 саниметрге, Махамбет елдімекенінің тұсында 62 сантиметрге, Атырауда 20 сантиметрге көтерілген.

"8 сәуірде [Ресейдің Орынбор облысындағы] Ириклинский су қоймасынан жіберілген су көлемі секундына 1670 куб метрді құрады" дейді Атырау облысы ТЖ оперативті штаб.

Кеше, 7 сәуірде Атырау облысында төтенше жағдай жарияланған. Ресми дерек бойынша, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында 2600-тан аса үй мен әкімшілік ғимаратты су алған. Қаладан мыңдаған адам эвакуацияланған.

"Жем өзенінің арнасынан асып Құлсары қаласын су басуына байланысты 8150 қапқа құм толтырылып, 2200 метр қорғаныс бөгеттерін бекіту жүргізілді" деп мәлімдеді ТЖМ.

"Уральская неделя" сайты вице-премьер Нұрлан Байбазаровке сілтеме жасап, бүгін, 8 сәуірде Жайық өзенінің Январцево гидропостында су 10 сантиметрге көтеріліп, қазір су деңгейі 777 сантиметрге жеткенін жазды. Қазір БҚО-да 94 елдімекенді су басу қаупі төніп тұр.

Сенбі, 6 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынды көп жыл бойы болмаған "табиғи апат" деп атады. Тоқаев сыннан кейін "үкімет тасқынның зардабын азайту үшін шараларды күшейткенін" мәлімдеді. Ол тасқыннан зардап шеккендерді "уайымдамауға" шақырып, тағы да "бастысы – адам шығынына жол бермеу керегін" айтты.

  • Қазір елде тасқынға байланысты он облыста – Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарындағы аудандарда төтенше жағдай жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG