"Алматы әуежайын басып алу ісі" бойынша сотталған белсенді Әйгерім Тілеужан түрмеде аштық жариялады. Бұл жөнінде белсенді Марат Тұрымбетов әлеуметтік желіде хабарлады. Оның сөзінше, Алматы облысы Жауғашты қалашығындағы N10 мекемеде қамауда отырған белсенді түрмедегі ұстау жағдайына келіспейді және заңды құқықтарының бұзылуына наразы.
Тұрымбетов Әйгерім Тілеужанның мекеме бастығы Магнис Сабировтың атына жазған хатын да жариялады.
Әйгерім Тілеужанның аштық жариялағанын адвокаты Айнара Айдарханова растады, бірақ жай-жапсарын түрмеге барғаннан кейін белгілі болатынын жеткізді.
Белсендінің анасы Respublika.kz сайтына берген сұхбатында Әйгерім Тілеужанның денсаулығы сыр бергенін, жаңа қылмыстық іс қозғалғаннан кейін мекеме оны Алматыдағы клиникаға жоспарлы емдеуге апармай қойғанын айтқан. Аштық жариялауға осы жайт түрткі болған.
Белсенді былтыр жазда да үкімге қарсылық білдіріп, аштық жариялаған. Сол кезде 6 кило салмақ жоғалтқаны хабарланған. Денсаулығы нашарлауына байланысты белсенді акцияны тоқтатқан.
Жуырда белсендіге "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" (107-бап) бабы бойынша іс қозғалғаны хабарланған еді. Сол кезде жәбірленуші түрме фельдшерінен анықтама әкелген, алайда тәуелсіз сараптамадан өтуден бас тартқан.
Ақпаратқа қарағанда, наурыздың соңында қылмыстық іс жабылған. Алайда Respublika.kz-ның жазуынша, оның орнына әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары полицияға жіберілген. Қорғау жағының айтуынша, осының салдарынан түрме әкімшілігі белсендіге тәртіптік айыппұл салуы ықтимал, ал бұл Әйгерім Тілеужанға ерте босап шығына кедергі болуы мүмкін.
10 сәуірде Азаттық колонияға хабарласып көрді. Алайда телефон тұтқасын көтерген түрме қызметкері сұраққа жауап бере алмайтынын айтып, бастығының атына ресми хат жолдауды сұрады.
- Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужан былтыр шілдеде "Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға түрме жазасына кесілген. Белсенді бұл айыпқа келіспейді. Істе онымен бірге тағы төрт адам – Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменов 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Оларға "тәртіпсіздік ұйымдастырды", "ғимаратқа шабуыл жасады", "автомобиль ұрлады" және "тонады" деген айып тағылған. Бесеуі де тағылған айыпты мойындамаған.
- Алматы қаласының соты айыпталушылардың апелляциялық шағымын қарап, 10 қарашада үкімді күшінде қалдырған. Адвокаттар сот үкіміне кассациялық тәртіппен шағым түсіретінін айтқан еді.
ПІКІРЛЕР