Accessibility links

Түрмедегі жанжал белсенділердің жаза мерзімін ұзартуға әкелуі мүмкін. Бұл арандату ма?


Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесі. 20 маусым, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесі. 20 маусым, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Қаңтар оқиғасынан кейін "әуежайға шабуыл жасады" деген айыппен сотталып, түрмеде отырған Әйгерім Тілеужанның үстінен тағы іс қозғалды. Бұған сотталушылардың бірімен арадағы жанжал себеп болған. Ақпаратқа қарағанда, Әйгерім өзінен 20 жас үлкен әйелдің "саусағын сындырған". Бұдан бөлек, билікті сынап жүрген, қазір қамауда жазасын өтеп жатқан Тимур Дәнебаев та камералас адаммен жанжалдасқан. Және бұл жайт Дәнебаевтың мерзімінен бұрын түрмеден шығу туралы өтініші қаралатын тұста болған. Бұл кездейсоқтық па, әлде саяси тұтқындарды түрмеден шығармаудың амалы ма?

СЫНҒАН САУСАҚ

Қаңтар оқиғасынан кейін Алматыдағы "әуежайды басып алу" ісі бойынша төрт жылға сотталған Әйгерім Тілеужан былтыр қарашадан бері Алматы облысы Жауғашты елді мекеніндегі әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

24 ақпан кешке сотталушылардың бірімен арада жанжал болып, Тілеужанның үстінен "Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтiру" бабы (Қылмыстық кодекстің 107-бабы) бойынша тағы бір іс қозғалған.

– Кешке таман өзара сөзге келіп қалған. Қасында өзге де сотталған әйелдер болған. Сәлден кейін дауыстары қатты шығып, "бізді екі жаққа әкетіп, ажыратты" дейді Әйгерім. Төбелес болмаған, Әйгерім тіпті қолын да тигізбеген. Ал келесі күні ол әйел арыз жазған. Онда ол Әйгерім өзіне шабуыл жасап, ұрып-соғып, тұншықтырды, тізесінен тепті деген. Қылмыстық істің қозғалуына негіз болған рапортта сотталушының "саусағы сынған" деп жазып, іске фельдшердің анықтамасын тіркеген. Бірақ сынған саусақтың суреті жоқ, – дейді адвокат Айнара Айдархан.

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесі. 20 маусым, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесі. 20 маусым, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Оқиғаға қатысты түрме қызметкерлері рапорт толтырып, оны Іле аудандық ішкі істер басқармасына жіберген, ондағылар қылмыстық іс қозғаған. Істі тексеріп жатқан ішкі істер басқармасы қызметкері Әсел Махамадияр "қазір тексеру жүріп жатқандықтан оның мән-жайын айта алмайтынын, қандай да сұрақтарға жауап бере алмайтынын" айтты.

– Мұндай істерде бастысы – сот-медициналық сараптама. Бірақ жәбірленуші сараптамадан өтуден бас тартып отыр. Егер сараптама болмаса, іс те тоқтатылуы тиіс, – дейді адвокат.

Адвокаттың сөзінше, Әйгерім Тілеужан орналасқан отряд – ең тыныш әрі онда негізінен егде жастағы жазасын өтеушілер болғандықтан "апалар отряды" деп аталады. Ол жерде жанжал өте сирек болатын көрінеді.

– Әйгерім өзінен 20 жас үлкен адамның "саусағын сындырды" деу ақылға сыймайды. Біз мұны Әйгерімнің жазасын өтеу мерзімін ұзарту мақсатында әдейі жасалды деп ойлаймыз. Себебі оның негізгі ісі бойынша кассациялық шағым қаралғанда кері әсерін беруі әбден мүмкін, – дейді адвокат Айдархан.

Адвокаттың сөзінше, Әйгерім Тілеужан кассациялық шағымын мамыр айында беруді жоспарлап отыр.

КАМЕРАЛАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖАНЖАЛ

Былтыр маусымда "араздық тудырғаны үшін" үш жарым жылға сотталған Тимур Дәнебаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініш жазу мерзімі биыл 2 наурызда келген. Бірақ дәл сол күні "оған камералас адам шабуылдап, жанжал шығаруға тырысқан". Тимурдың інісі енді ағасы түрмеден ерте шыға алмай қала ма деп алаңдайды.

– Мерзімнен бұрын босап шығу туралы өтінішті бәрібір жазамыз, бірақ бұл оқиға өтінішімізді қанағаттандырмай тастауға негіз бола алады. Тимурдың айтуынша, камераласы тым агрессияшыл. Ол бұған дейін де жанындағы өзге сотталушыға тиіскен екен, бірақ түрме қызметкерлері ештеңе демеген. Ал Тимурмен арада жанжал болғанда бірден жүгіріп келіп, жағымсыз баға берген. Олар алдымен сөзге келіп, кейін жанжалдасқан, бір-біріне кітап лақтырған көрінеді, – дейді Марат Дәнебаев.

Бұл фактіге қатысты мекеме әкімшілігіне қойған сұрақтарымызға жауап ала алмадық. Кезекші бөлім басшылыққа сілтеді, мекеме бастығы Сүйіндік Омаров телефон тұтқасын көтермеді.

Марат Дәнебаев болса, бұл оқиға ағасының ерте босап шығуына кедергі келтіру үшін әдейі ұйымдастырылды деп санайды. Тимур Дәнебаев мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті әлі бермеген.

38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы желтоқсанда қамалған. Былтыр маусымда сот оны "араздық тудырғаны үшін" үш жарым жылға соттаған.

Дәнебаев әлеуметтік желіде Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған, "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін президент Тоқаевты сотқа бермек болған.

Кейін оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. Құқық қорғау ұйымдары саяси сипаты болғандықтан, Қылмыстық кодекстен 174-бапты ("Ұлт араздығын қоздыру") алып тастауды талап етіп келеді. Халықаралық Open Dialog қорының мәлімдеуінше, "көп фактіге сәйкес, қылмыстық істі тергеу мен сот біржақты және айыптау сипатында өткен". Тимур Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалған.

Былтыр қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Ақмола облысы Атбасар қаласындағы түзеу колониясында түрме қызметкерлері жазасын өтеп жатқан бірнеше адамды резеңке таяқпен ұрып-соққаны көрсетілген видео тарады. Азапталғандар арасында Тимур Дәнебаев та болған. Видео қоғамда резонанс тудырып, азаптауға қатысы бар қызметкерлер қызметтен босаған. Осы оқиғадан кейін Дәнебаев Астанадағы N64 мекемеге ауыстырылған.

"ҚАМАУДА МЕЙЛІНШЕ ҰЗАҚ ҰСТАУ"

Қамауда отырғанда арандату жиі болатынын 2016 жылғы жерді шетелдіктерге сату және жалға беруге қарсы наразылықтан кейін сотталған белсенді Макс Боқай да растайды. Оның сөзінше, мұны түрме әкімшілігі тікелей емес, қол астындағы, өздеріне жасырын көмектесетін, әкімшілікпен ауыз жаласқан өзге сотталушылар арқылы жасайды.

– Түрме жабық мекеме болғасын әдетте басшылық іште болған ұсақ-түйек жанжалды сыртқа шығармауға тырысады. Егер шығып кетсе, іс насырға шапқаны. Сотталушылар 20х30 шаршы метр болатын баракта жатады. Бір баракта 70-100 адамға дейін отырады. Онда ара-тұра жанжал міндетті түрде болады. Әдетте ол сол барактың ішінде-ақ, беделі бар сотталушылардың араласуымен шешіледі. Күрделірек болса ғана түрме әкімшілігіне жетіп, оның өзінде де сол кабинетте шешіледі, – дейді Макс Боқай.

Оның сөзінше, құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған адамдарды билік назардан тыс қалдырмауға тырысады. "Сондықтан кімнің қашан шығатынын де шешетін солар, меніңше бұған тіпті түрме әкімшілігінің өзі әсер ете алмайды. Ұзағырақ ұстау керек десе, амалсыз орындайды" дейді Боқай.

2016 жылы жер митингісінен соң бес жылға сотталып, мерзімін толық өтеп, 2021 жылдың ақпанында түрмеден шыққан Боқай да "арандатуға ұрынғанын" еске алды.

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған адамдар азапталғаны туралы деректер тараған шақта белсенді Макс Боқай билікке талап айтып, пикетте тұр. 14 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған адамдар азапталғаны туралы деректер тараған шақта белсенді Макс Боқай билікке талап айтып, пикетте тұр. 14 қаңтар, 2022 жыл.

– Баракта жүргенде сотталушылардың бірі маған келіп, бақылаушылардың (контроллер) бірі "Макс "тоқылдақ" екен, сендер туралы әкімшілікке арыз жазып жатыр" деп айтты деді. Мен сол жерде мұның арандату екенін түсіндім де бірден сол қызметкермен беттестірмек болдым. Әрине, ол бақылаушыны таба алмадық, бірақ өзімді ақтап алу үшін, достарымның біріне телефон соғып, жағдайды баяндап, "мен туралы өсек таратып жатыр, бұл арандату болуы мүмкін" деп, аудио хабарлама жібердім. Кейін бұл интернетке тарап, қылмыстық-атқару жүйесі мен түрме басшылығы жүгіріп кеп, "іштен шешуге болар еді ғой" деді. Үндемей қалғанда шешілмес еді. Сондықтан менің басқа амалым болмады. Жабық мекемедегі арандатулардан тек шу шығарып, жария етіп қана қорғануға болады, – дейді Макс Боқай.

Арандатудың бір ғана мақсаты – тұтқынды қамауда мейлінше ұзақ ұстау дейді белсенді. Ол сондай-ақ, арандату әр кез қылмыстық іс қозғап, жаза мерзімін ұзартуды емес, кейде тек адамның ар-намысына тиіп, қорлауды көздеуі де мүмкін екенін айтады.

– "Бұға берсең сұға береді" деген сөз бар. Бірде "байқамай" қағып кетеді, бірде намысқа тиетін сөз айтады, ашуыңа тиеді, тіпті төбелесетіндей жағдай жасайды, психологиялық қысым да күшті. Сөйтеді де сені өздеріне қажет нәрсеге көндіреді. Егер үндемей қалсаң, күшейе түседі. Сондықтан Әйгерімнің де, Тимурдың да үндемей қалмай, адвокаттары арқылы тойтарыс беріп, айқай-шу көтеріп жатқаны дұрыс деп ойлаймын, – дейді Боқай.

"ТӘРТІПКЕ БАҒЫНБАДЫ", "БАСШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШЫҚТЫ"

Түрмеде заң бұзғаны үшін белсенділердің жаза мерзімін ұзарту бұған дейін де болған. Мәселен, 2022 жылы Қызылорда соты құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Ержан Елшібаевтың жаза мерзіміне жеті жыл қосып, түпкілікті сегіз жыл түрме жазасын тағайындаған.

Елшібаевтың өзі сот үкіміне келіспейтінін айтып, "Бұл – бассыздық. [Осынша жаза тағайындайтындай] мен адам өлтірген жоқпын" деген еді.

Жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі, ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Ержан Елшібаевты түрме әкімшілігі "мекеменің тәртібіне бағынбай, басшылыққа қарсы шығуға өзгелерді үгіттеді" деп айыптаған. Елшібаев тағылған айыптарды жоққа шығарған. Сот түрме әкімшілігінің уәжін орынды деп тапқан. Сөйтіп, белсенді бостандыққа шығуға бір жарым жыл қалғанда тағы сотталды. Осы үкім болмағанда Елшібаев 2024 жылдың басында бостандыққа шығуға тиіс еді.

Бұдан бөлек, Алматыдағы 2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасы" бойынша ұзақ мерзімге сотталғандардың бірі – Құрманғазы Өтегенов те мерзімінен артық қамауда болды. 16 жылға сотталған ол 2022 жылы бостандыққа шығуға тиіс еді. Алайда, түрме басшылығының айтуынша, әкімшіліктің "заңды талабына бағынбай", мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндігінен айырылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылды. Сотқа дейін бір жылдан аса уақыт қамауда отырған әр күні есептеліп, Өтегенов, 2022 жылдың тамызында босатылды.

Қазақстан түрмелерінде әсіресе "саяси тұтқын" деп танылғандарға қарсы арандату әрекеттері жиі жасалады дейді "Ар.Рух.Хақ" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина. Бұған олардың беделі себеп көрінеді.

– Олар түрмеде де немқұрайлы бола алмайды, әлеуметтік әділдікті жаны қалайды, өзге сотталушыларға көмектесіп, құқықтық сауаты барлары арыз-шағым жазып, тіпті түрме ішіндегі жағдайды жақсартуға атсалысады. Осыдан кейін пайда болатын бедел мен сый-құрмет өзгелерге, әсіресе түрме басшылығына ұнай бермейді, – дейді Төреғожина.

 Абақтыдағы «жанжал» арандату ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:45 0:00

"ТҮРМЕДЕГІЛЕРДІҢ БӘРІ СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА ЕМЕС"

Азаттыққа пікір білдірген заңгер, қазір мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі депутат Абзал Құспан түрмеде арандату болатынын жоққа шығармайды. Дегенмен, түрмеде де "сүттен ақ, судан таза адамдар отырған жоғын ұмытпау керек" дейді ол.

– "Билік тапсырды я әдейі істеп жатыр" деп айта алмаймын. Себебі, мен сол биліктің өкілімін. Кейінгі екі жылда Қылмыстық атқару комитеті тарапынан барлық камерада бір емес, екіден бақылау камералары орнатылып жатыр. Бұл іс бір-біріне қол жұмсағандарды түсіріп алу үшін, ондайды болашақта болдырмау мақсатында істеліп жатыр. Камералар сотталғандардың мүддесі үшін қойылды ғой, бірақ соларды сотталған азаматтар өздері сындырып тастап жатыр. Өйткені түрмеде отырғандардың барлығы "сүттен ақ, судан таза" емес, олардың ішінде қандықол қылмыскерлер де бар, – дейді Құспан.

Депутат жоғарыдағы екі кейсті арандату деп бағалауға келіспейді. Оған себебі де жоқ емес.

– Тілеужан мен Дәнебаевтың іс-құжаттарын көрмегендіктен, ештеңе айта алмаймын, себебі тараған ақпараттың бәріне сене беруге болмайды. Дегенмен осы күнге дейін ондай жағдайлар болды. Оның ең жарқын мысалы – марқұм Арон Атабек (2006 жылғы "Шаңырақ" ісі бойынша ұзақ мерзімге сотталып, 2021 жылы түрмеден босатылған соң қайтыс болған – ред.). Қолдан ұйымдастырылған іс-шараларадың нәтижесінде ол кісі бүкіл денсаулығынан айырылды деп есептеймін. Ол кісі ұрыншақ болып, кім көрінгенге өзі тиісіп, өзінің аяғын өзі сындырмағанына сенімдімін. Өйткені сол кезде ол кісімен хат алмасып, хабарын біліп отырдық. Бірақ қазір енді мұнымен қарсы күрес жасалынып жатыр, – деді Абзал Құспан.

БАСТЫСЫ – АМАН ҚАЛУ

Саяси қудалау туралы жазатын Tirek.info сайтының мәліметінше, Қазақстанда 24 "саяси тұтқын" қамауда отыр.

– Саяси тұтқындармен кездескенде, "басты мақсаттарың – аман қалу" деймін. Ешқандай арандатуға ұрынбай, аман қалу. Себебі биліктің көздегені олардың үнін өшіру, ұзақ уақытқа үнін өшіру. Сондықтан бұған жол бермей, ештеңеге ұрынбай, аман қалып, бостандыққа шығу, – дейді Төреғожина.

Қазақстандық құқық қорғаушылар елде билікті сынайтын белсенділер мен журналистер жиі қудаланатынын айтады. Ал Қазақстан билігі елде саяси қудалау жоқ дейді. Мәселен, биыл 13 наурызда журналистер сұрақтарына жауап берген мәжіліс спикері Ерлан Қошанов "Қазақстанда неге саяси тұтқын көп?" деген сұраққа: "Менің ойымша, заң алдында бәрі тең: кім заң бұзса, сол жауап беруге тиіс" деп жауап берді. Оның ойынша, "экстремистік ұйымның жұмысына араласты және оны қаржыландырды" деген айыппен 7 жылға сотталған белгілі ультрамарафоншы Марат Жыланбаев "заң бұзғаны үшін" түрмеде отыр.

2024 жылғы 3 қаңтарда "Егемен Қазақстан" газетінде шыққан сұхбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та елде саяси қудалау жоқ деген.

– Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалаушы органдар болуы керек. Қазіргі Қазақстанда мұның ешқайсысы жоқ. Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG