Accessibility links

Ержан Елшібаев: Түрмеде сотталушыға адам деп қарамайды, суицидке өздері итермелейді


Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев. Маңғыстау облысы, 2018 жылы түсірілген сурет.
Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев. Маңғыстау облысы, 2018 жылы түсірілген сурет.

Қызылорда түрмесінде отырған жаңаөзендік белсенді, "саяси тұтқын" Ержан Елшібаев Азаттыққа берген сұхбатында абақтыдағы сотталушылардың құқығы, өзін жарақаттау себебін, қамаудан шыққан соң немен айналысқысы келетінін айтып берді.

Ержан Елшібаевты 2019 жылғы 17 қарашада Жаңаөзен қаласы соты бес жылға бостандығынан айырған. Белсендіге "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғауға 2017 жылғы бір оқиға ілік болған.

Тергеу органы Елшібаев 2017 жылы Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған деп мәлімдеген. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

Жұмыссыз азаматтар қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі орналасқан "Неке сарайы" ғимаратының алдына жиналып тұр. Жаңаөзен, 24 ақпан 2019 жыл.
Жұмыссыз азаматтар қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі орналасқан "Неке сарайы" ғимаратының алдына жиналып тұр. Жаңаөзен, 24 ақпан 2019 жыл.

Елшібаев сотқа тартылардың алдында Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін көтеріп жүрген еді. Билік нақ осы белсенділігім үшін қудалауға салды деп санайтын Елшібаев тағылған айыпты мойындамайды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар да "бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды" деп санайды және оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Биыл 2 маусымда БҰҰ-ның жұмыс тобы Қазақстан билігі Ержан Елшібаевтың ісінде "адам құқығы саласындағы халықаралық нормаларды бұзды" деген қорытынды жасап, оны қамаудан босатуды талап еткен. 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы туралы резолюциясында Елшібаевты түрмеден босатуды сұраған.

Азаттық тілшісі қамаудағы белсендімен сұхбатта түрмедегі тұтқындардың неге жиі өзіне қол салатыны, жазасын өтеп жатқан адамдардың құқығы жайлы сұрады.

"ТЕРПИЛА" ДЕП МАЗА БЕРМЕДІ

Азаттық: Ержан, былтыр Түркістан облысы Леңгірдегі ИЧ-167/9 түрмесінде, ал өткен айда Қызылордадағы ЗК-169/5 түрмесінде өз-өзіңізге жарақат салдыңыз, қазір денсауылығыңыз қалай? Бұлай жасауға не түрткі болды?

Ержан Елшібаев: Себеп біреу – түрме қызметкерлерінің өз құзыретін асыра пайдалануы. Маңайымдағы сотталушылардың хал-жағдайы жайлы да жиі шағым айтамын. Жалпы бәрі Түркістан облысынан басталды ғой. Мені Жаңаөзен изоляторынан соң Леңгірдегі ИЧ-167/9 мекемесіне әкелген. Ол жерде өзіме тиісті затты талап ете бастағанымда мені түрме қызметкерлері ұрып-соғып, "терпила", "заявчик" деп тыныштық бермеді. Сол кезде наразылығымды білдіріп, аузымды тіктім. Сол жағдай қазір жазамды өтеп жатқан ЗК-169/5 мекемесінде де қайталанып отыр.

Ержан Елшібаев түрмеде өзін жарақаттаған (16 шілде 2021 ж.)

Түрмеде отырған белсенді Елшібаев өзін жарақаттап, операция жасатқан
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

Мұнда сотталушыны адам санамайды. "Арыздарым неге өтпейді, маған келген хат неге менің қатысуымсыз ашылады, алмаймын" дегенім үшін "полицияға дөрекі сөйлейсің" деп тәртіп изоляторына қамады. Сол жерде жатқанымда, яғни 29 шілде күні жуынатын заттарым салынған қол сөмкемнен "тыйым салынған өткір құрал табылды" деп тоғыз айға аса қатаң режим абақтысына жауып отыр. Түрме қызметкерлері "бар кесіліп қал, асылып қал" дегенді көп айтады. Содан соң "құрсыншы, одан да асылсам асылайын, кесілсем кесілейін" деген ой келеді. Психологиялық, моральдық қысым, бір сөзбен айтқанда.

Осы ЗК-169/5 мекемесіне келгеннен бері геморроймен ауырдым. Қатты қиналамын. Дәрігер шақырдым, бірақ емдемейді. Хирург келіп, медицина картама "ота жасау керек" деп жазып кеткен. "Дәрі жоқ, емделгің келсе, әке-шешеңе хабарласып алдырт. Бәрі осы түрмеге келіп ауыратыны несі?" деп сөгеді. Ауру асқынған соң денсаулық министрлігіне де, прокуратураға да жаздым. Прокуратура өкілдері "полиция қызметкерлеріне қатысты іс қозғалып жатыр, сені порталға (тегін емделу үшін азаматтарды кезекке қоятын жүйе – ред.) тіркеп, емдейді" деген. Әзірге тек сөз жүзінде қалып отыр. Осындай жағдайда қол жұмсамай не істеуім керек?

Азаттық: Сотталушылар құқығы сақталып отыр ма, сол туралы айтсаңыз. Түрмеге ұлттық привентивті механизм, қоғамдық комиссия сияқты ұйымдар барып тексеру жүргізіп жатады. Бірақ қол жұмсау көп. Өткен аптада сіз отырған ЗК-169/5 мекемесінде төрт адам өзіне жұмсады.

Ержан Елшібаев: Қазақстан түрмесінде сотталушы құқығы туралы айту күлкілі сияқты. Сотталғалы бері үш түрме ауыстырдым. Бәрінде бір жағдай. Түрме қызметкерлері сотталушылармен тым дөрекі қарым-қатынас жасайды. Оларды адам құрлы көрмейді, былапыт сөз араластыра сөйлесу қалып болып кеткен сияқты (Amnesty International құқық қорғау ұйымы 2020 жылғы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде де "түрмелерде азаптау мен басқа да қорлық түрлері қолданылаған. Билік санаулы жағдайда ғана болмаса, көбіне мұндай оқиғаларға байланысты әділ, тәуелсіз әрі тиімді тергеу жүргізбеген" деп айтқан ред.).

Белсенді Ержан Елшібаев жазасын өтеп жатқан ЗК-169/5 мекемесі. Қызылорда, 16 шілде 2021 жыл.
Белсенді Ержан Елшібаев жазасын өтеп жатқан ЗК-169/5 мекемесі. Қызылорда, 16 шілде 2021 жыл.

Қазақстан Қылмыстық кодексі бойынша айып тағып, бостандығымыздан айырса да, Конституцияда кепілдік берілген құқығымыздан айырған жоқ қой. Сондықтан суицидке, қол жұмсауға өздері итермелейді. Ал Конституцияның 17-бабында "әр адамның қадыр-қасиетіне қол сұғуға болмайды, ар-намысын таптауға болмайды" делінген. Бір жағынан арыңа тиген сөзге күйініп, екінші жағынан онсыз да депрессияда жүрген сотталған адамның қолын бір сілтеп, өлуге ұмтылып жататыны да сондықтан. Ондай жағдай көп. Төрт адам – ол белгілі болғаны ғана. Көбі абақтыдан ары аспайды. Бәрі жабулы күйінде қалады. Яғни, өзіне қол жұмсау – сотталушының Конституиця мен заңнан да асып кететін қорғаны.

"БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚҚАНДА" ДЕП БАСТАЛАТЫН АРМАНЫМ КӨП"

Азаттық: Абақтыдағы ас-су, төсек-орын, киім-кешек жабдықтары, жалпы жағдай қалай?

Ержан Елшібаев: Көп жағдайда сотталғандар түрмеден "дипломсыз заңгер" болып шығады. Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) бұйрықтарын жеті түнде оятып сұраса да жатқа айтамыз. Сол ҚАЖД талабына сай, әр сотталушыға екі жабын киім, екі футболка, екі майка, екі іш киім, алты жұп шұлық берілуі тиіс. Спорт шараларына қатысу үшін асты-үстімен қыстық және жаздық киім, спорт аяқ-киімі, қысқы бәтіңке, екі жұп қыс мезгіліне және жазға арналған жұмыс киімі берілуі керек. Бірақ оны бізге бермейді. Сұрасаң "бюджетте ақша жоқ" деген сылтау айтады.

Тұтқын Ержан Елшібаевтың түрме әкімшілігінің іс-әрекетіне наразылық ретінде өзін жарақаттағанын естіген белсенділер ол отырған түзеу мекемесінің алдына жиналып тұр. Қызылорда, 16 шілде 2021 жыл.
Тұтқын Ержан Елшібаевтың түрме әкімшілігінің іс-әрекетіне наразылық ретінде өзін жарақаттағанын естіген белсенділер ол отырған түзеу мекемесінің алдына жиналып тұр. Қызылорда, 16 шілде 2021 жыл.

ЗК-169/5 мекемесінде 700 сотталған адам бармыз, соның 500-і материалды үйден алдырып, мұнда бартерге темекі беріп, тіктіріп киеміз. Ал оны кимесең өздері бермесе де "түрме тәртібін сақтамады" деп тәртіптік жазаға тартады. Тамағы өте нашар. Күріш, тәулігіне бір жұмыртқа, 20 грамм май, таңертең сүт тәрізді сақталуы тиісті рацион бар. Оның орнына сылдыр су ішінде екі-үш түйір картоп пен бір түйір еті бар сорпа, төрт бес грамға жетпейтін май мен аптасына екі рет жұмыртқа береді. Сүт дегеніңіз мүлде жоқ. Сұрасаң "бюджет жоқ, ақша жоқ" дейді және "отқа май құйып отырсың ба" деп тәртіп изоляторына қамайды. Осы айтқанымның бәріне дәлелім бар және сөзіме жауап беремін.

Азаттық: Ержан, бостандыққа шыққан соң не істемексіз? Жоспарыңыз туралы айтсаңыз.

Ержан Елшібаев: Шындығында, мені Жаңаөзеннің жұмыссыздары туралы айтқаным үшін қамады ғой. Әйтпесе, маған тағылған айыпқа қатысты арызданушы болмады.

Жұмыссыздық мәселесін сол 2019 жылды "жастар жылы" деп жариялаған соң үндеу жасап көтергенбіз. Назар аударады, үкімет көмек береді деп ойладық. Бірақ ол ісіме өкінбеймін және сол жұмыссыздық туралы тағы айтамын, себебі ол шешілмегенін білемін. Жаңаөзенде "Таза су" сияқты бірлі жарым мекеме ашылғанымен, онымен жұмыссыздық мәселесі шешілмегенін естимін.

"Бостандыққа шыққанда" деп басталатын арманым көп. Ата-анама көмектесіп, балама дұрыс тәрбие бергім келеді. Ата-анам құқық қорғаушы бол деген ұсыныс айтады. Ол да ойда жоқ емес. Алдымен жоғары білім алғым келеді. Журналистика мамандығын таңдап отырмын. Кәсіби журналист болып, таза ақпарат жеткізіп, елдің көзін ашқым келеді.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG