Accessibility links

Бір топ ата-ана Ресей абақтысына түскен балаларына араша сұрап, бас прокуратураға барды


Ресей абақтысына түскен балаларына араша сұрап, бас прокуратураға келген ата-аналар. Астана, 12 сәуір 2024 жыл.
Ресей абақтысына түскен балаларына араша сұрап, бас прокуратураға келген ата-аналар. Астана, 12 сәуір 2024 жыл.

12 сәуірде Астанаға Қазақстанның әр өңірінен келген бір топ ата-ана Ресей абақтысына түскен балаларына араша сұрап, бас прокуратураға келді. Олардың балалары екі жылдан бері Ресей түрмесінде отыр.

Жиналғандардың балалары 6-10 жылға сотталған. Оларға РФ Қылмыстық кодексінің 228-бабы бойынша «заңсыз есірткі тасымалдады, таратты» деген айып тағылған.

Гүлжихан Ибрахимованың баласы қазір Норильскіде отыр. Оны Краноярскідегі 42-ші лагерден жуырда ауыстырған. Бірақ оған анасы бара алмайды, себебі Норильск Ресей заңы бойынша жабық қала саналады, кіруге рұқсат керек.

– Біз бара аламаймыз. Ол жер жабық қала деп бізді кіргізбейді. Екі жыл болды баламды көрмегеніме. Жауап жоқ. Қайда бармадық? Бәрі айтады «жаздық жұмыс жүріп жатыр» дейді. Неге Қазақстан өзінің азаматын іздемейді? – дейді ол.

Ал Шұғыла Қажыбаева соңғы төрт айдан бері баласынан хабар-ошарсыз екенін айтады. Оның сөзінше, баласымен жолығуға Ресей абақтысына барғанда қазақша сөйлеуге, жайнамаз, қазақша оюы бар ұлттық кеудеше кіргізуге тыйым салған.

- Тіпті етпен қазыны да кіргізбеді. Тек таза орысша болуы керек әрі, - дейді ол.

Түрмеде отырған Тахир Динаимовтың анасы Зүлфира Исмаиловның сөзінше, түрмедегілердің арасында соғысқа жіберілгендер де бар, бірақ оны Қазақстан жасырады деп санайды.

Олардың құқығын қорғап жүрген адвокат Мейірман Шәкеевтің сөзінше, Ресей абақтысында отырған қазақстандықардың саны жүзге жетуі мүмкін. Ол абақтыға түскен қазақ жастарын жас, денелі, білімді деп сипаттайды. "Түрмеге түскендер арасында он жылға жаза кесілген екі қыз бала да бар" дейді адвокат.

- Біз шынын айтқанда барлық құжаттарын дайындап беріп отырмыз. Ресей мен Қазақстан арасында сотталған адамдардың жазасын ары қарай өтеу үшін өз еліне тапсыру туралы конвенция бар. Бұл бойынша уәкілетті орган – Қазақстан бас прокуратурасы мен Ресей жағынан әділет министрлігі. Осы екі құзырлы орган сыртқы істер министрлігінсіз тікелей бір-бірімен жұмыс жасай береді. Бір өкініштісі – Ресейде біздің екі қызымыз бар. Олардың әрқайсысы он жылға сотталған. Сол қыздардың жағдайы қиын болып отыр, - дейді Мейірман Шәкеев.

Жұма күні жиналғандармен бас прокуратура өкілі кездесіп, жұмысты жандандырып, дер кезінде ақпарат беріп отыруға уәде берді. Балаларын елге қайтара алмаған ата- аналар бұл жайлы былтыр қарашадан бері айтып келеді. Сол кезде Қазақстан сыртқы істер министрлігі "бұл мәселемен айналысып жатырмыз" деген еді.

- Біздің консул барып сол кісілермен сөйлесіп жүр. Өздеріңіз білесіздер, олардың түрмеге түсуінің себептері бар. Қазір жұмыс жасалып жатыр, - деген Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров.

Ресей түрмесі мен соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы ресми ақпарат жоқ. СІМ содан бері тек үш қазақстандықтың оралуына көмектескен деп айтылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG