Accessibility links

Адвокат: Думан Мұхаммедкәрім абақтыда тағы аштық жариялады


Журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім
Журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім

Талдықорғандағы №71 мекемеде қамауда жатқан журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім өзінің үстінен қозғалған істің созылып жатқанына наразылық ретінде аштық жариялаған. Мұны оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

"Сенбі, 13 сәуірде Думанмен кездестім. Ол сол күннен бастап қайта аштық жариялады, өзіне қатысты тергеу мен соттың созылып кеткеніне наразы. Мәселен, осы күнге дейінгі әкімшілік қамау мерзімдерін қоса санасақ, ол қамауда отырғанына бір жылдан асып кетті. Ал негізгі қылмыстық ісі бойынша қамауда отырғанына екі айдан кейін бір жыл болады. Ал соты әлі өтпей жатыр" деді адвокат Ғалым Нұрпейсов.

Қамаудағы журналист бұған дейін де өзінің құқы өрескел бұзылғанын айтып, наразылық ретінде бірнеше рет аштық жариялаған. Кейбір жолы аштық акциясын талабы орындалғасын тоқтаса, бірнеше рет денсаулығына байланысты тоқтатқан. Адвокатының сөзінше, журналист қазір абақтыда су ғана ішіп жатыр.

Мұхаммедкәрім отырған Талдықорған қаласындағы №71 мекеменің қызметкерлері "Мұхаммедкәрім жөніндегі ақпаратты тек жақындары мен адвокатына ғана бере аламыз" дегенімен, "денсаулығы жақсы, үнемі дәрігер бақылауында" деп қысқа жауап берді.

Ne Deidi Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Былтыр мамырда қамауға алынған журналистің ісі бойынша сот процесі биыл 12 ақпанда Қонаев қаласында басталған. Алайда, алғашқы сот кезінде ол өзіне полиция қысым жасағанын мәлімдеген. Кейін прокуратура "азаптау" бабы бойынша іс қозғап, Мұхаммедкәрім ол істе жәбірленуші деп танылды. Қазір тергеу жүріп жатыр. Нұрпейісовтың сөзінше, сот-медициналық сараптама жасалған, енді сот-психиатриялық сараптама жүргізілуі тиіс. Азаптау жөніндегі іс тергеліп жатқандықтан, оның үстінен "экстремизм" бабымен қозғалған істі қарау тоқтап тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG