Accessibility links

Журналист Думан Мұхаммедкәрім "азаптау" бойынша істе жәбірленуші деп танылды


Журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім.
Журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім.

Қамаудағы журналист әрі белсенді Думан Мұхаммедкәрім "Азаптау" бабы бойынша қозғалған істе жәбірленуші деп танылды. Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

"1 наурызда 146-баптың 3-бөлігі 1-тармағы ("Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгін, 5 наурызда арнайы прокурор Думанды жәбірленуші деп тану жөнінде қаулы шығарды. Бүгін жәбірленуші тарап ретінде жауап бердік. Осы қылмыстық іс бітсе, сот жалғасады" деді Нұрпейісов.

26 ақпанда Думан Мұхаммедкәрімнің азапталғаны туралы шағымына байланысты прокуратура тексеріс бастаған. Журналист 12 ақпанда Қонаев қаласында өткен алғашқы сот кезінде оған полиция қысым жасағанын мәлімдеген.

Ғалым Нұрпейісов сот отырысынан кейін Думан Мұхамедкәрім бұл жөнінде шағым түсіргенін, бірақ прокуратура 22 ақпандағы екінші сот отырысынан кейін ғана шешім қабылдағанын айтқан. Азаптау шағымына байланысты сот отырысы тоқтаған еді.

Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмаз Тілепов 4 наурызда ұлымен кездескенін, Думан соттың ашық өтуін және өзін Алматыға ауыстыруды талап етіп жатқанын айтқан.

"Белсенділерді жаппай қамап жатқаны туралы айттым, Думан оған қынжылып қалды. Бұл енді репрессия басталды деген сөз дейді. Аштықты қоймайтынын, құлап қалғанша тұратынын айтты" деді журналистің әкесі.

22 ақпанда Думан Мұхаммедкәрім соттың ашық өтуін талап етіп, аштық жариялаған. Ол "сотқа қорғаушылары қатысса да, қатыспаса да үкім шығып қойғанын" айтып, адвокаттарынан да бас тартқан. Әкесінің айтуынша, журналист 29 ақпан кешке қайта аштық жариялаған.

Ne Deidi Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхаммедкәрім "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған. Іске журналистің шетелде тұратын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Қазақстан ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Мұхаммедкәрімнің қамалғанын Қазақстанның теңқұқықты журналистері федерациясы сынаған. Қазақстандық құқық қорғаушылар Мұхаммедкәрімді "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан.

Қазақстан билігі елде саяси қудалау, цензура, саяси тұтқындар жоқ деп біледі. Мәселен, биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында "Біздің заңнамамызда азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ... Саяси қудалау бар деп айту үшін цензура, арнаулы заңдар мен жазалау­шы органдар болуы керек" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG