Accessibility links

 
АҚШ, Украина және Ресей. Эр-Риядтағы кездесуден туған 5 сұрақ

АҚШ, Украина және Ресей. Эр-Риядтағы кездесуден туған 5 сұрақ


АҚШ пен Ресей делегацияларының келіссөзі Эр-Риядтағы Ритц-Карлтон қонақүйінде өтті
АҚШ пен Ресей делегацияларының келіссөзі Эр-Риядтағы Ритц-Карлтон қонақүйінде өтті

Сауд Арабиясында үш күн бойы Украинамен және Ресеймен бөлек-бөлек келіссөз жүргізген АҚШ мәлімдеме жасап, Киев пен Мәскеу Қара теңіздегі шабуылдарды және энергетика нысандарын атқылауды тоқтата тұруға келіскенін айтты. Бірақ дей тұрғанмен көптеген сұрақтың басы ашық қалды. Ол қандай сұрақтар?

АҚШ екі мәлімдеме жасады. Бірі 23 және 25 наурыз күндері Украинамен келіссөзді қамтыса, екіншісі 24 наурыз күні Ресеймен өткен келіссөзге арналды. Соның алдында ғана Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ-Ресей келіссөздерінің мазмұны жарияланбайды деген.

Екі мәлімдемеде де АҚШ соғысты бейбіт жолмен аяқтау үшін қос тараптың келіссөзіне қолдау білдіре беретінін айтқан.

Қос тараппен жасалған келісім екі ай бұрын қызметіне кіріскен АҚШ президенті Дональд Трамптың соғысты аяқтау жолындағы алғашқы нақты жетістігі болғанға ұқсайды. Бірақ әлі де көптеген сұрақтың басы ашық қалып отыр. Мәселен, Мәскеу атысты тоқтату немесе бейбітшілікке қол жеткізу ісінде қаншалық алысқа баратыны белгісіз күйде қалды. Осы секілді маңызды сұрақтарды шолып шықтық.

ҚАРА ТЕҢІЗДЕГІ АТЫСТЫ ТОҚТАТУ ІСКЕ АСА МА?

АҚШ та, Ресей де осы раундтың мақсаты Қара теңіздегі атысты тоқтату болғанын мәлімдеді. Бұл келісім стратегиялық маңызы бар теңіздегі кеме тасымалының еркін жүзеге асуына жол ашып, кең ауқымды бітімге бір қадам жақындатуы мүмкін.

Ресейдің де, Украинаның да жері Қара теңізге шығады. Оның ішінде Ресей 2014 жылы басып алған Қырым түбегі де бар. Қара теңіз Украина мен Ресей астығын тасымалдаудың негізгі жолы саналады.

АҚШ-Ресей кездесуінің алдында Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасап, Қара теңіздегі астық тасымалы жөніндегі 2022 жылғы келісімнің шарттары орындалмалғанын айтты. Осылайша ол Мәскеудің бұған дейін талай айтылған уәжін қайталады. Үш жыл бұрынғы сол келісім аясында тараптар астық тасымалдайтын кемелерді шабылдамауға тиіс болған. Бірақ келесі жылы‑ақ тараптар бір-бірін кінәлап, Ресей бұл келісімнен шығып кетті.

25 наурызда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров сол уәжді тағы айтып, Мәскеу қарсыластары Ресей астығы мен тыңайтқыштарын бөгеп отыр деді. Ресеймен өткен келіссөзден соң АҚШ "Ресейдің ауыл шаруашылығы және тыңайтқыш экспортының әлемдік нарығына шығуын қалпына келтіруге, теңіздегі сақтандыру шығындарын азайтуға, порттарға қолжетімділігін арттыруға және осы транзакцияларды жүзеге асыруға қажет төлем жүйелеріне қосылуына көмектесетінін" мәлімдеді.

Бұл Ресей үшін маңызды ынталандыру болмақ. Бірақ мұның артында өзге де мәселелер бар.

Өз мәлімдемесінде Кремль Қара теңіздегі атысты тоқтату үшін бірқатар шара қабылдануы қажет екенін айтты. Бұл туралы Ақ үй ләм-мим демеді. Мәскеу айтқан талаптар қатарында Ресейдің мемлекеттік ауыл шаруашылық кредиторы – Россельхозбанк пен өзге де қаржы институттарына салынған санкцияларды жою, оларды SWIFT төлем жүйесіне қосу мәселелері бар. SWIFT төлем жүйесі жайлы талапты қанағаттандыру үшін Еуропаның мақұлдауы қажет болуы мүмкін.

Ал АҚШ-Украина келіссөзіне қатысқан Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров жуық арада қосымша техникалық кеңес өткізуге үндеді. Ол кеңесте келісімді іске асыру, қадағалау және бақылаудың мән-жайын пысықталмақ.

Умеров сондай-ақ тағы бір мәлімдеме жасап, Ресей әскери кемелері Қара теңіздің шығыс бөлігінен батысқа қарай қозғалса, Украина "қорғану құқығын пайдалана" алады деді.

Украина мен Ресей тікелей келіссөз жүргізгенін меңзейтін ешқандай хабар шықпады. Сол себепті қос тараптың келісімді қалай түсінгенінде алшақтық ұлғайып отыр.

ЭНЕРГЕТИКА НЫСАНДАРЫН АТҚЫЛАМАУ КЕЛІСІМІНЕ НЕ БОЛДЫ?

Эр-Риядтағы келіссөздердің алдында Трамп соғысты 30 күнге толық тоқтатуды ұсынған. Оның ішіне жердегі, әуедегі және теңіздегі әскери қимылдардың бәрі кіреді. 11 наурызда Украина бұл ұсынысқа келіскен. Бірақ Ресей қарсылық танытты. Осыдан соң Трамп Путинмен және Зеленскиймен жеке-жеке сөйлесіп, өткен аптада Киев пен Мәскеу тарылтылған бітімге көнді.

Алайда Трамп пен Путиннің 18 наурыздағы телефон әңгімесінен кейін жасалған Ақ үй мен Кремль мәлімдемелерінде кішігірім, бірақ маңызды айырмашылық байқалды. АҚШ қос мемлекет басшысы "бейбітшілікке ұмтылыс энергетика және инфрақұрылымды атқылауды тоқтатудан басталады дегенге келісті" десе, Ресей келісім аясын "энергетика инфрақұрылымдарына" дейін тарылтып алды.

Кремль өз мәлімдемесінде Путин Трамп бастамасын мақтағанын, сөйтіп "Ресей әскеріне дереу қажет тапсырманы бергенін" айтқан. Бірақ Украина Ресей инфрақұрылымдарды, оның ішінде энергетика нысандарын шабуылдауды тоқтатпады деді.

25 наурыздағы мәлімдемелерінде Ақ үй инфрақұрылымдарды атамады, бірақ онда қос мемлекет "Ресей мен Украинаның энергетика нысандарына шабуылдауды доғару жөніндегі шараларды дамытуға келісті" деген сөз бар.

КІМ НЕНІ БАҚЫЛАЙДЫ?

Атысты тоқтату немесе түпкі бейбітшілік жөніндегі келіссөздің негізгі сұрағы жер мәселесі: Ресей Украина жерін өз бақылауында ұстап қала ма? Ресей Украинаның қандай жерлерін меншіктейді? Ол жерлерді қандай шартпен алады?

24 наурыз күні Вашингтонда журналистер сұрағына жауап берген Трамп Эр-Риядтағы кездесуде осы мәселе талқыға түскенін айтты.

"Біз қазір жер мәселесін талқылап жатырмыз. Біз демаркация сызықтарын талқылап жатырмыз" деді Трамп.

Ресей қазір Украина жерінің бестен бір бөлігіп оккупациялап отыр. Оған Қырым түбегі тұтастай, Луганск облысы түгел дерлік, Донецк, Запорожье және Херсон облыстары жартылай кіреді. Кейінгі екеуінің астанасы Украина бақылауында. 2022 жылғы қыркүйекте Путин Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарын ешбір негізсіз Ресей жері деп жариялады. Оның ішінде Украина бақылауында тұрған аумақтар да бар.

Мәскеудің талабы бойынша, Украина осы облыстардан әскерін алып кетіп, бұл жерлерді Ресейдікі деп мойындауға тиіс. Зеленский бұл жерлерді жақын арада түгел қайтаруға қауқарсыз екенін мойындаған. Соған қарағанда, бітім келісімі қалай жасалса да, оккупацияланған жерлердің біршама бөлігі Ресей қарамағында қалатынға ұқсайды. Бірақ Украина өз шекарасын ресми түрде өзгертпейтінін мәлімдеп отыр.

Ақ үйдің Эр-Риядтағы келіссөздер жөніндегі мәлімдемесінде жер мәселесі қамтылмаған.

СИРЕК МИНЕРАЛДАР КЕЛІСІМІНІҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?

25 наурызда Зеленский АҚШ минералды ресурстар жөніндегі келісімнің жаңа нұсқасын ұсынғанын айтты. 24 наурыздағы мәлімдемесінде Трамп Вашингтон мен Киев "жақын арада" Украина минералдарын және өзге табиғи ресурстарын бірлесіп өндіру жөніндегі келісімге қол қоятынын айтты. АҚШ әкімшілігінің мәлімдеуінше, бұл келісім Украина қауіпсіздігіне кепілдік болып, Ресейдің Украинадағы соғысын аяқтауда маңызды қадам саналмақ.

Бұл келісімге Зеленский 28 ақпан күні Вашингтонға сапарында қол қоймақ болған. Бірақ Ақ үйдегі кездесуде Трамп пен АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс журналистер алдында Зеленскиймен дауласып қалып, келісімге қол қойылмады.

Тараптардың араздығы содан бері басылғандай. Ал сирек минералдар жөніндегі келісім Украина мен АҚШ-тың соғысты аяқтау жөніндегі бірлігінің белгісі болмақ.

РЕСЕЙДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

Путин Трамптың соғысты аяқтауды 30 күнге тоқтату жайлы ұсынысын жалпы қолдайтынын, бірақ "нюанстар барын" айтқан. Оның нюанс дегені Мәскеудің Украинаға қойған талаптар еді. Кремльдің айтуынша, Киев жақтастары Украинаға қару-жарақ беруді доғаруы керек, ал Украина бітім кезінде әскери мобилизация жүргізбеуі қажет. Сөйте тұра Ресейдің өзі мұндай шектеулерді мойнына алмады.

Киев Мәскеуді айыптап, Ресей соғысты аяқтауға мүдделі болғандай кейіп танытып, іс жүзінде уақыт созып қана отыр деді. Ал сарапшылардың айтуынша, Ресей уақыт созу арқылы дипломатия жолымен де, майдан арқылы өз мақсатына мейлінше қол жеткізуді көздейді.

"Осы сәтке дейін бұл процесте Ресей әлі шығын шығарған жоқ. Меніңше, Ресейдің бұдан түйгені сол, олар баяу қозғалсақ, АҚШ та, одан кейін Еуропа да көп мәселеде Ресейге жол беруі мүмкін деп отыр" деді King’s College-дегі Ресей институтының профессоры, Еуропа саясатын сараптау орталығының демократиялық орнықтылық жөніндегі директоры Сэм Грин 20 наурыздағы подкаста.

Гриннің айтуынша, тараптар қалай келіссе де, Трамп пен Путиннің Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі мақсаттарында алшақтық бар. Трамп "соғысты тоқтатқысы келеді", ал "Ресей соғысты Украинада үстемдік құратындай етіп аяқтағысы келеді. Меніңше, Ресей бұл үстемдікке жету жолында жұмсақтық таныта алады... бастысы үстемдік құра алса болғаны" дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG