Accessibility links

Сорбұлақ жерасты суын ластап жатқаны рас па? Алматыда аулада неге дәретхана салу қауіпті?


Су қоймасы. Көрнекі сурет.
Су қоймасы. Көрнекі сурет.

"Сорбұлақ сияқты жинақтағыштар - бұл ескі әдіс. Қазір технология кәріз суын ішетін суға дейін терең тазарта алатындай деңгейге жетті" дейді су маманы Қайрат Оспанов. "Суды алдыңыз ба, оны пайдаланғаннан кейін табиғатқа қайтару керек. Ал қазір оны қайтарудан гөрі ластау жылдам жүріп жатыр. Мұндай шақта су тапшылығы туындауы заңды" дейді маман. "Сорбұлақ қашан толады" деп қауіптеніп күтіп отырғанша, олардан арылу керек деген су маманы оны шешу жолын да ұсынады. Eco Kundelik-тің кезекті эпизодында республикадағы су тазарту ғимараттарының ахуалы мен оның жерасты суы тазалығына қатысы, су тазалау әдістері талқыланады.

Подкасты тыңдаңыз:

Кәріз суын тазарту: 21 ғасыр технология көзімен
please wait

No media source currently available

0:00 0:45:15 0:00

Подкаста айтылған негізгі ой-пікірдіықшамдап бердік.

"ЖЕРАСТЫ СУЫ ЛАСТАНҒАНДЫҚТАН ӘРІ ҚАРАЙ ТЕРЕҢІРЕК ҚАЗУҒА МӘЖБҮРМІЗ"

Екі миллионға жуық тұрғыны бар елдегі ең ірі қала Алматыға су екі жерден келеді: бірі Үлкен Алматы көлі, екіншісі ұңғымалар.

Сумен қамтамасыз ету және су жабдықтау бойынша маман, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Қайрат Оспановтың сөзінше, Алматы суының 65 пайызы жерастынан алынады. Алайда су мамандары кейінгі он жылда су санитарлық нормаға сәйкес болуы үшін ұңғымаларды тереңірек қазуға мәжбүр болған, себебі жерасты суы ластанған.

"Алматыда күн сайын 1 млн 200 мың текшеметр су пайдаланылады. 65 пайызы жерасты суынан келеді. Енді қазір шамамен соңғы он жылда бұрғыланған ұңғымалардың бәрі 300 метр тереңдіктен алынып жатыр. Себебі бірінші горизонттағы, екінші горизонттағы су ластанған. Бұл енді үшінші горизонттан алып жатырмыз деген сөз" дейді Қайрат Оспанов.

Гидрогеология және геоэкология мамандарының мәліметінше, мұның бәрі су ресурсын тиімсіз пайдалану салдарынан болып отыр. Қазір Алматы қаласы үлкейіп, орталық кәріз жүйесіне қосылмаған құрылыстар көбейген. Ал септиктердің түбі әрдайым бітелген бола бермейді. Кәріз су жерастына сіңіп, жерасты суларын ластап жатыр.

"Кезінде Ісләмхан Жапарханұлы деген академик болды. Сәтпаевтың ғылыми хатшысы болған кісі. Сол екеуіміз үлкен бір мақала жазғанбыз. Сонда ауладағы дәретханаларға тыйым салу қажеттігін айтқанбыз. Қазір септик деген жоқ. Бәрі қазылған... Дәретхана сулары бәрібір төменге сіңіп, бәрібір жерасты суларына барады. Былай айтқанда, біз өзіміз аулаға шығып [дәрет сындырып], қайтадан өзіміз ішіп жатырмыз деген сөз ғой. Жұрт былайша суға қарайды да таза екен деп ойлайды" дейді Қайрат Оспанов.

Осылайша түрлі фактордың салдарынан ауызсу біртіндеп техникалық суға айналып барады. Егер бұл тенденция жалғаса берсе, алдағы уақытта судың сапасы қандай болатынын болжау қиын деп қауіптенеді ғалымдар.

"Қазақстанға келген бір шетел ғалымы көрсетеді: енді ана ауылдарда анадай жерде дәретхана тұрады да, бер жағынан құдық қазып ішіп жатады. Ол дұрыс емес қой... Жамбыл облысында мынадай проблемаға тап болдық. Ауыз су құбырын тартып жатыр. Орталықтандырып. Ал үйлер қоспаймыз дейді. "Бізде құдық бар, ақша төлемейміз. Бізге не керегі бар" деп. Енді сонда халыққа да түсіндіру керек. Ол сулар лай болып көрінбейді. Нитрат, нитриттер деген көрінбейді ғой" дейді Қайрат Оспанов.

Ақпаратқа қарағанда, ресми мәлімет тұрғындардың 88%-ы құбыр суын пайдаланатынын көрсетеді. Бірақ іс жүзінде тұрғындардың жартысынан көбі суды ұңғымалардан алады. Ұңғымалар үйлердің аулаларында орналасқандықтан әкімшілік және санитарлық-эпидемиологиялық станция (СЭС) қызметкерлері оларды көрмейді дейді мамандар.

Ауылдағы құдықтардың бірі. Көрнекі сурет.
Ауылдағы құдықтардың бірі. Көрнекі сурет.

Ал ондағы судың сапасын ешкім тексеріп жатқан жоқ, себебі ұңғымалар саны туралы да нақты мәлімет жоқ.

Жеке секторларда кәріз суының қайда кетіп жатқанын да ешкім бақыламайды.

АЛМАТЫНЫҢ КӘРІЗ СУЫ "ЕСКІ ӘДІСПЕН" ТАЗАРТЫЛАДЫ

Қазір Алматының кәріз суы орталық канализация жүйесі арқылы тазарту ғимараттарына барады. Сол жерде тазартылып, әрі қарай канал арқылы Сорбұлаққа төгіледі.

Қайрат Оспановтың айтуынша, қазір қала ұлғайып бара жатқандықтан тазарту ғимараттарына келіп түсетін лас су көлемі де артып барады.

"2023 жылғы мәлімет бойынша орта есеппен алғанда су тазарту ғимаратынан күніне 420 мың текшеметр су өткен. Жалпы жобалық меже бойынша 640 мың текшеметр. Жалпы келіп жатқан су көлемі артып барады. 2020 жылы – 360 мың текшеметр болған. 2022 жылы 400 мыңның ар жақ бер жағы болды. 2023 жылы 420 мың болды" дейді маман.

Маманның айтуынша, "Алматысуға" тиесілі тазарту ғимараты кәріз суын әлі күнге дейін "ескі әдіспен" тазартады, яғни оны жинақтағышқа (Сорбұлаққа) "лайықтап" тазартады. Санитарлық талап сондай.

Бұл тұста екі мәселе туындайды. Бірі "ескі әдіспен" тазартылған судың жерасты суларына сіңіп, ластауы (фильтрация). Екіншісі "ескі әдіспен" тазартылған суды пайдалану мүмкіндігінің шектеулігі.

"Су деген сондай иненің жасуындай саңылау пайда болса болды, сол жерден жол ашып әрмен қарай кете береді. Мысалы, мен бір су қоймасын есептеген кезде жинақтағыштардың жерасты суына емес, өтіп бара жатқан өзенге де әсерін байқағанмын. Сондай ғылыми жұмыстар болды. Алматыда да фильтрация көп болмаса да бар. Бізде көп фильтрация Сорбұлаққа барғанға дейінгі 45 шақырым канал бар ғой. Сол жерде өте көп. 2017-2018 жылдары Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология ғылыми институты "Алматысудың" тапсырысы бойынша [тексеріс] жасады. Негізгі каналдардан фильтрация көп болатыны [анықталды]. Фильтрацияның көп болғаны жаман. Ол сүзіліп жер астына барады. Сорбұлақтың өзінен де фильтрация бар. Жерастына кетіп жатқан. Бірақ ол жерде көп емес. Жалпы фильтрация болғаны дұрыс емес. Ол жерасты суын ластап жатыр деген сөз" дейді ол.

Қазір Алматы облысының Іле және Жамбыл ауданындағы фермерлер Сорбұлақ суын техникалық дақылдар өсіруге пайдаланады. Шамамен 6 мың гектар жер Сорбұлақтың тазартылған суымен суарылады.

Қайрат Оспановтың айтуынша, бұл тұрғыда Алматыда жағдай салыстырмалы түрде "аз-кем дұрысырақ".

"Республика бойынша кәріз суын жинайтын 540 жинақтағыш бар. Әрқайсысының жағдайы әртүрлі. Кейбір қалаларда [Сорбұлақ сияқты] жинақтағыштарға кәріз суы тазартылмай тікелей жіберіліп жатыр. Биологиялық тазарту құрылғылары жұмыс істемей тұрады. Механикалық тазарту ғана бар, болды. Әкімдер барғанмен бәрібір істеп тұрғанын-тұрмағанын білмейді" дейді маман.

СОРБҰЛАҚ СИЯҚТЫ ЖИНАҚТАҒЫШТАР МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ШЕШУГЕ БОЛАДЫ?

Су мамандарының пікірінше, Қазақстанда суды терең тазарту болмағандықтан мемлекет бірнеше тұста ұтылып жатыр. Біріншіден, кәріз суы дұрыс тазартылмай, лас су көлемі барған сайын көбейіп, жерасты суы мен қоршаған ортаны былғап жатыр. Бұған қоса, мұндай қоймаларда бөгеттің жарылуы, су басу сияқты қауіптер туындайды. Екіншіден, лас су дұрыс тазартылмай, табиғатқа қайтарылмай, су тапшылығы мәселесін де ушықтырып отыр.

"Тәулігіне 420 мың текшеметр бұл аз су емес. Кейбір мамандар кәріз суын тазарту экономикалық жағынан тиімсіз дейді. Бұл қағидадан қашу керек. Оны демек тиімді болатындай, өзін өзі ақтайтындай етіп шығару керек. Қазіргі заман талабына сай. Қаншама мысалдарды білемін. Қазір жылу насостарын қойып жатыр. Солардың бәрін әкелу керек. Көптеген мемлекет суды тазарту проблемасынан баяғыда өтіп кетті. Қазір Еуропа тазарту ғимараттарындағы ауаны тазарту мәселесімен айналысып жатыр. Солардың технологияна қарау керек. Бірде бір мемлекет басқа мемлекеттің мәселесін шешіп бермейді. Мысалы, Польша Еуроодаққа кірген кезде олардың жағдайлары біздікіне ұқсас болды. Оларға ЕО ақша берді. Одақ құрамында болғаннан кейін жабдықтары да арзан. Бір-бірінен ала береді. Бірақ жобаны құрылыс жұмыстарын Польшаның өзі жасады. Қазір енді Польшадағы кейбір тазарту ғимараттары бар. Францияда соларды енді қазір салып жатыр" деді маман.

Польшаның су тазалау ғимараттарының жұмысымен танысып тұрған су маманы Қайрат Оспанов. Жеке архивтен алынған.
Польшаның су тазалау ғимараттарының жұмысымен танысып тұрған су маманы Қайрат Оспанов. Жеке архивтен алынған.

Мәселені шешу үшін бірінші кезекте мемлекет қазіргі заманға сай суды терең тазартатын ғимараттар салып, тазарту ғимараттарына реконструкция жасау керек. Екіншіден, тазарту ғимараттарынан шығатын суға стандарт бекітіп, жинақтағыштарға жібермей, сол жерден-ақ пайдалануға берілуі керек.

"Су деген былай болуы керек. Мысалы, сіз суды алдыңыз, пайдаландыңыз, қайтадан табиғатқа қайтаруыңыз керек. Мысалы, Еуропада тазарту ғимаратынан сол жерден труба шығып жатыр. Сол жерден стандарт қойған. Тазартылған су стандартқа сәйкес келе ме, келмей ме. Сол жерде тексеріледі. Су белгілі бір стандартқа жеткізілгеннен кейін су мекемесінің міндеті сол жерде аяқталады. Ал ол тазартылған суды егіндікке пайдаланса, егіндікке, бау-бақшаға пайдаланса, бау бақшаға. Біз осы стандартқа көшуге тиіспіз. Терең тазарту әдісін қою керек. Сол арқылы тазартып, табиғатқа қайтару керек қой суды" дейді Қайрат Оспанов.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан 68 елдімекенде су тазарту ғимараттарын жасауды бастап кетті. Бұл тұста ақшаны тиімді пайдалану маңызды дейді.

"Біз енді 68 қалаға тазарту ғимаратын салайық деп отырмыз. Ол тазарту ғимараттарының 50 пайыз ақшасы қондырғыларға кетеді. Керегеден бастап, араластырғыштар, аэроторлар, ауа үрлегіштер және өзге қондырғыларға 50 пайыз ақша кетеді. Одан көп кетпесе аз кетпейді. Енді біз мынадай ұсыныс айтқанбыз: ақыры 68 қалаға салады екенбіз. Қаншама миллиард ақша. Ендеше автоматиканы айтпай ақ қояйын, негізгі қондырғыларын өзімізде құрастырып, жинап көрейік. Әуелі күш қосып, бір қаланыкын жақсылап тұрып жасайық. Содан кейін соның негізінде қалғандарыныкын құрастырамыз. Ақша үнем болады. Оның үстіне қондырғылар мен технология да өзімізде қалады. Қазір технология бір орында тұрмайды. Мысалы көлікті бүгін сатып алсаңыз, келесі жолы оның бөлшегін таппай жүресіз. Шетелден дайын жабдықты әкелдік дейік. Ертең ол зауыт оны шығармаса қайтесіз. Ол бұзылады. Қазір Қазақстанға қаншама технология ұсынылып жатыр. Оның қайсысы дұрыс, бұрыс екенін түсінбей, істетілмей тұрған қаншама қондырғылар бар. Сондай болмас үшін бәріміз жиналып, бір ғимараттан бастау керектігін айтқанмын" дейді Қайрат Оспанов.

Егер Қазақстандағы тазарту ғимараттары суды терең тазарту әдісіне көшсе, онда Сорбұлақ сияқты жинақтағыштар да керек болмай қалады. Олардың құрамын зерттеп, химиялық заттарын біртіндеп шығарып, зарарсыздандыруға болады дейді маман.

Толығырақ подкастан тыңдаңыз.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG