Accessibility links

24-рет тіркеу туралы өтініш тапсырған "Алға, Қазақстанға!" полиция келді


Әділет министрлігінің өкілдері "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілдерінен құжат қабылдап жатыр. Астана, 24 сәуір 2024 жыл.
Әділет министрлігінің өкілдері "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілдерінен құжат қабылдап жатыр. Астана, 24 сәуір 2024 жыл.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеу жөніндегі бастама тобы 24 сәуірде әділет министрлігіне тіркеуге өтініш тапсырды. Бастама топ осымен 24-рет құжат тапсырып отыр.

Белсенділер министрлік ғимаратындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде ақпарат құралдарына өздерін толғандырған мәселе туралы айтпақ болған кезде оларға полицейлер келіп, залдан шығуды сұрады.

Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Азамат Садықов 102 нөміріне хабарлама түскенін айтты.

Ал белсенділер залда ешкім жоғын, ешкімге кедергі жасамағанын алға тартты.

"Сіздер өзге азаматтарға кедергі жасап жатсыздар" деді полиция өкілі.

Ал белсенді Амангелді Жахин "азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға керісінше сіздер кедергі жасап отырсыздар" деді.

Белсенді Амангелді Жахин (сол жақта) және Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Азамат Садықов
Белсенді Амангелді Жахин (сол жақта) және Есіл аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Азамат Садықов

Бұдан соң полицейлер залдан шығып кетті. Осыдан соң белсенділер Азаттыққа Қазақстанның 11 қаласында митинг өткізуге өтініш түсіргенін, алайда әкімдік "сол күні басқа шара өтеді" деп рұқсат бермегенін жеткізді.

Атап айтқанда, әкімдіктер жоспарлы түрде "мәдени-қоғамдық шаралар мен жөндеу жұмыстары" өтетінін айтқан.

Белсенді Эльвира Бекзадинаның айтуынша, Семей қаласында оның митинг өткізу туралы өтініші экстремизммен күрес бөліміне бағытталған.

"Әдетте ішкі саясат бөлімі бізге жауап беретін еді. "Алаң бос емес, егер шықсаңыздар, шара қолданатынын" ескертетін" деді Бекзадина.

Министрліктің ғимаратынан шыққан белсенділер партияны тіркеуді және партия жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаевты босатуды талап етіп айқайлады. Жақтастары мен құқыққорғаушылар "экстремизм" бойынша айыпталып, жеті жылға сотталған Жыланбаев саяси себеппен қудаланды деп санайды.

Әділет министрлігіне құжат тапсыруға келген белсенділерді полиция мен жәй киім киген белгісіз біреулер камераға түсіріп тұрды. Есіл аудандық әкімдігінің өкілі олара шараның "заңсыз" екенін ескертіп, тарауды талап етті. Азаттық тілшісі әкімдік өкіліне "жұрт құжат тапсыруға келген, мұны не үшін митинг деп бағалап тұрсыз?" деп сұрақ қойды. Бірақ ол жауап беруден бас тартты. Министрліктің алдында арнайы жасақ отырған автозак та байқалды.

Бастама тобы 24 сәуірде үш мыңнан астам адамның қолы бар тізімді тапсырды, құжаттардың арасында мыңнан астам адамның видеосы да бар. Қазір белсенділер партияны тіркеуден бас тартқан министрліктің шешімін даулап, жоғары инстанциялардағы сотқа қатысып жатыр.

Кейінгі кезде бастама тобының мүшелері "тіркелмеген ұйымның ісіне араласты" деген себеппен жиі әкімшілік жазаға тартылып жатыр. Осыған дейін Қостанайда Алина Смаковая, Абай облысында Серік Ыдырышев, Петропавлда Сергей Измайлов әкімшілік жазаға тартылған. Олар шешіммен келіспейді.

"Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы әділет министрлігіне тіркелуге 20-дан астам өтініш түсірген, алайда министрлік бастама топ ұсынған құжаттарда қате барын айтып келеді. Партия өкілдері билік өздерін саяси себеппен тіркемей отыр деп санайды. Ресми Астана мұны жоққа шығарған.

АҚШ мемлекеттік департаменті осы аптада жариялаған Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы жаңа есебінде елдегі ірі мәселелердің бірі ретінде саяси тұтқындардың болуы, сот билігінің тәуелсіз болмауы, ұстау мен қамау, бейбіт жиналу құқығының бұзылуы, саяси өмірге араласу құқығының шектелуі сияқты жайттарды атап көрсеткен.

XS
SM
MD
LG