Қазақстан жөніндегі есеп авторлары елдегі адам құқының маңызды проблемалары деп сенімді көздерден алынған мынандай деректер келтірген:
- қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің адамдарды азаптағаны, адамгершілікке жат қылығы немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қатыгез іс-әрекеті туралы хабарлар;
- қамауда отырғандарды қатал және өміріне қауіп төндіретін жағдайда ұстау;
- жазықсыз ұстап әкету немесе қамау;
- саяси тұтқындардың болуы;
- басқа елдегі жекелеген адамға қарсы жасалған трансұлттық репрессия;
- адамның жеке өміріне заңсыз немесе жөнсіз қол сұғу;
- отбасы мүшелерін "туысың заң бұзған" деген желеумен жазалау;
- БАҚ-тағы сөз еркіндігін және еркін ой-пікірді шектеуге қоса журналистерге зомбылық көрсету немесе қоқан-лоқы жасау, жосықсыз қамауға алу;
- интернетті еркін пайдалануға елеулі түрде шектеу қою;
- қауымдастық құру еркіндігі мен бейбіт жиналу бостандығына жөнсіз араласу;
- саяси өмірге қатысу құқығын орынсыз шектеу;
- жұмысшылардың бірлестік құру еркіндігін айтарлықтай дәрежеде немесе жүйелі түрде шектеу;
- гендерлік зорлық-зомбылықтың кең таралуы;
- ЛГБТ өкілдеріне зорлық-зомбылық жасау қаупімен байланысты қылмыстар.
АЗАПТАУ ІСІ БОЙЫНША КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ КЕСІЛГЕН ҮКІМДЕР
Есепте Қазақстанда 2022 жылы Қаңтар қырғыны кезінде қамауға алынған азаматтарға жәбір көрсеткен құқық қорғау органы қызметкерлеріне шығарылған сот үкім жөнінде айтылған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қаңтар қырғынында қаза тапқан 238 адамның 19-ы – күштік құрылым қызметкері. Алты адам қамауға алынғаннан кейін азаптау салдарынан қаза болған. Баяндама авторлары адам құқының жай-күйін бақылаушылар "шектен тыс азаптау" салдарынан мерт болғандардың нақты саны одан көп – 260-қа жуық болуы мүмкін екенін ескертеді.
Есепте 7 маусымда Алматы соты жеті полиция қызметкерін бес жылдан 10 жылға дейін бостандығынан айыруға үкім шығарғаны жазылған. "Тергеу амалдары" кезінде қаза тапқан Жасұлан Анафияевтің өліміне байланысты полиция қызметкерлері істі болды. 20 шілдеде Талдықорғанда екі полиция қызметкері Алмас Мұқашевті азаптап өлтірді деген айыппен түрме жазасына кесілді. Тамызда Семей қаласының соты екі полиция қызметкерін Жандос Жотабаевты азаптап өлтіргені үшін айыпты деп танып, шартты жаза кесті.
Мемлекеттік департамент баяндамасында Шымкенттегі төрт полиция қызметкерін екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырған сот процесі де көрсетілген. Олар 2021 жылғы желтоқсанда көлік ұрлаған деген күдікпен ұсталған екі азаматқа жәбір көрсеткен деп айыпталды. Ұсталғандардың бірі Нұрболат Жұмабаев қамауға алынғаннан кейін бірнеше сағаттан соң полиция бөлімшесінде қайтыс болады. Бұл іс бойынша үкім тұтқын қазасынан кейін бір жарым жылдан соң шықты.
САЯСИ ТҰТҚЫНДАР
Баяндамада Қаңтар оқиғасы кезінде "20 мың лаңкес" шабуыл жасады деген ақпарат таратқаны үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстінен арыз жазбақ болған, кейін қамауға алынған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаевтың түрмеде азапталғаны да сөз болған.
Қыркүйектің басында әлеуметтік желілерде Атбасардағы түрмеде бір топ күзетшінің "әжетхана жуудан бас тартқан" Тимур Дәнебаевты ұрып-соғып жатқан видеосы тарады. Осыдан кейін билік орындары Атбасардағы түрменің 11 қызметкері теріс қылығы үшін жұмыстан шығарылды деп хабарлады. Дәнебаев қамауда қоқан-лоққы көргені жөнінде шағым түсіргеннен кейін жәбірленуші деп танылып, Астанадағы тергеу изоляторына ауыстырылды. Сол жылы оның туыстары билік Дәнебаевты "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғаға" жатқызған деп мәлімдеді. Қазақстандық құқық қорғаушылар Тимур Дәнебаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізді.
Баяндама авторлары "адам құқығын бақылаушылар билік кейде азаптау жөніндегі шағымдарға байланысты тиісті тергеу жүргізгенімен, көп жағдайда шешім шығармай, түрме қызметкерлерін жәбір көрсеткені үшін жауапқа тартпаған" дейді.
Үкімет бірқатар әлеуетті саяси партияларды тіркеуді қолдамады, олардың қатарында "Алға, Қазақстан!" мен "Ел тірегі" сынды оппозициялық партиялар да бар, бұл екі топтың лидерлері жақтастарының саяси көзқарасы үшін айыпталып, түрмеге түсті деп жазылған есепте.
21 қарашада тіркелмеген "Ел тірегі" тобының басшысы, парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Нұржан Әлтаев "парақорлық" айыбымен 10 жылға бостандығынан айырылған.
29 қарашада жабық сотта ісі қаралған "Алға, Қазақстан!" партиясының лидері, танымал марафоншы Марат Жыланбаевтың "терроризмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты" деген айыппен жеті жылға сотталды. Билік Жыланбаевтың "Қазақстанның демократиялық таңдауына" (шетелде тұратын оппозиционер Мұхтар Әбілязов құрған қозғалыс, 2018 жылы Астанадағы Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп таныған, Еуропарламент резолюцияларында бейбіт оппозияция деп атаған) қатысы бар деп топшылайды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Жыланбаев пен Әлтаевты "саяси тұтқынға" жатқызған. Желтоқсанның басында "саяси тұтқындар" тізімінде 23 адам болған.
Тамызда Жоғарғы сот "терроризмді насихаттады" және тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген айыппен 2022 жылы жеті жылға бостандығынан айырылған Ерұлан Әміровтың шағымын қабылдаудан бас тартты. Жақтастары ол бейбіт шеруге қатысқаны үшін қудалауға түскен дейді.
11 шілде күні Алматы соты 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын "басып алған" деген айып тағылған бес адамға түрме жазасын кесті. Сот журналист Әйгерім Тілеужанды бес жылға, өзгелерін сегіз жылға бас еркіндігінен айыруға үкім етті. Сотталушылар мен олардың жақтастары істің саяси астары бар деп, айыпты мойындаудан бас тартты.
Сонымен қатар баяндамада журналист және белсенді Думан Мұхаммедкәрімнің де қамауда отырғаны айтылған.
Ол мамырда "митинг ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 25 күнге әкімшілік қамауға алынған еді. Жаза мерзімі бітісімен ол қайтадан қамалды. Кейін оған "экстремизмді қаржыландырды" және "тыйым салынған ұйымға қатысты" деген айып тағылды. Қазір ол Талдықорғандағы тергеу изоляторында отыр. Адвокаттың айтуынша, тұтқын сотттың ұзаққа созылғанына наразылық танытып, жақында аштық жариялаған.
Құқық қорғаушылар журналист үкіметті сынағаны, сондай-ақ 2023 жылы наурызда өткен кезектен тыс парламент сайлауында тәуелсіз кандидат ретінде дауысқа түсуға талпынғаны үшін жазықтыға айналды деп есептейді. Биыл Қонаев қаласында Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша сот процесі басталған, бірақ оның абақтыда азапталғаны жөнінде берген шағымын тергеуге байланысты сот тыңдауы уақытша тоқтатылған.
10 сәуірде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" лидері Жанболат Мамай 2022 жылғы Қаңтар оқиғасында "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыппен шартты түрде алты жылға бостандығынан айырылды. Мамай оған дейін үйқамақта отырды. Сот шешімімен оған қоғамдық-саяси қызметпен айналысып, мақала жариялауына алты жылға тыйым салынды.
Ресми Астана елде саяси тұтқын да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді. Қазақстан билігі "кең ауқымды демократиялық реформалар" жүргізіп, "адам құқын халықаралық міндеттерге сай толыққанды қорғайтынын" алға тартады.
ЖӨН-ЖОСЫҚСЫЗ ҚАМАУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУ
Баяндамада Қазақстанда адамдардың бейбіт жиын өткізу құқығы мен ассоциацияларға бірігу еркіндігіне өкімет шектеу қоятыны айтылған. Бейбіт жиын өткізу құқығы заң аясында "тиісті" дәрежеде қорғалғанымен, билік бұл ережені үнемі сақтамайды. Заңда бейбіт шеру ұйымдастырушылар жергілікті билікті алдын-ала хабардар етсе жеткілікті деп жазылған. Бірақ іс жүзінде жергілікті атқарушы органдар "саяси немесе әлеуметтік тақырыпқа қатысты көптеген өтінішті орындамау үшін бюрократиялық сылтау" қолданады дейді есеп авторлары.
Билік саяси оппоненттері мен сын айтушыларды жиі ұстап, қамап жатады, кейде оларды болмашы құқық бұзушылыққа бола және рұқсат етілмеген шеруге шыққаны үшін айыппұл салудың орнына қамап тастаған да жағдайлар кездесті деп жазылған баяндамада. Жыл ішінде үкіметке қарсы рұқсат етілмеген митингіге қатысқан деген долбармен көп адамды ұстап әкетті, олардың арасында митинг болып жатқан маңнан кездейсоқ өтіп бара жатқанда ұсталғандар да бар. Жалғыз өзі пикетке шыққан адамдарға да әкімшілік шара қолданылды.
Баяндама авторлары үкімет шетелде жүрген адамдарды қорқытып-үркітіп, қудалау мақсатында трансұлттық репрессия шараларына да барған дейді. 7 ақпанда Атырау облыстық соты "салық төлемеді", "ақша жымқырды" және "ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты" деген айыппен қамауда отырған Бекежан Меңдіғазиевтің бес жылдық жаза мерзімін күшінде қалдырды. Құқық қорғаушылар билік Бекежанның бауыры, қазір шетелде тұрып жатқан оппозиция жақтасы әрі белсенді Барлық Меңдіғазиевтің саяси қызметпен айналысуын тыюды көздеп, оның отбасы мүшелері мен бұрынғы әріптестерін әдейі қудалауға салып отыр деп есептейді.
Баяндамада "Жаңа шекара" кинофестивалін ұйымдастырушылардың қыркүйекте жазылған арызы туралы да сөз болған. "Мәдениет, тарих пен Шығыс Түркістандағы (ресми атауы – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) адам құқының жай-күйіне арналған бұл кинофестивальдің ұйымдастырушылары іс-шараны онлайн-форматта өткізуге мәжбүр болған. Ұйымдастырушылар фестиваль өткізбек болған алаңға қатысты қысым жасалғаннан кейін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болғанын айтқан". Қазақстан туралы есептегі Қытайдың батыс өңірі жөнінде жазылған жалғыз ауыз сөз – осы. Ол аймақта ежелден тұратын жергілікті түркітілді ұлттарды, негізінен ислам дінін ұстанатындарды кемсітіп, қысым көрсетіп жатыр деген хабарлар 2017 жылдан бастап жиі түсетін болған.
Баяндамада Қазақстанның мемлекеттік кіріс комитеті қыркүйекте шетелдік ұйымдар қаржыландыратын немесе қолдау танытатын, әлеуметтік деректер жинаумен, заң қызметін көрсетумен немесе контент өндірумен және таратумен айналысатын 240 ұйым мен жеке кәсіпкерлер тізімін жариялағанын да атап өткен.
Тізімде үкіметтік емес салада жұмыс істеп жүрген адамдардың аты-жөнімен қоса банк қызметін пайдалануға қажет жеке деректері де қоса берілген. Үкіметтен тәуелсіз сарапшылар мұны құқық бұзу және кемсіту деп бағалады. Бұл тізімге үкіметке қатысы бар ұйымдар немесе шетелден грант алған әлгіндей жеке тұлғалар, сонымен бірге Қытаймен және Ресеймен байланысы бар ақпарат басылымдары кірмеген.
"Тізімге енген бірқатар үкіметтік емес ұйымдар тізім жарияланғаннан кейін жергілікті билік олардың қызметін бақылауды күшейткенін айтты", – дейді баяндама авторлары.
ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАБУЫЛ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР
АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде 2023 жылы қаңтардың алғашқы күндері Қазақстанда тәуелсіз журналистердің көлігі өртеніп, туыстары туралы жеке ақпараттар интернетте тарап, шабуыл жасалғаны айтылған. Өкімет шабуылды қазақстандық Аркадий Клебанов (Маневич) ұйымдастырған деп мәлімдеді. Қарашаның басында Клебановтың ақыл-есі дұрыс емес деп, оны мәжбүрлі түрде емдеуге жіберді. Кейін сот Украинаның IT-маманы Олексий Токаревті де сотқа тартып, төрт жыл алты ай шартты жаза кесті. Тергеушілер "арандату шабуылын" сол үйлестірген деп есептейді. Бұған қоса кәмелетке толмаған төрт жасөспірімге де осы іс бойынша айып тағылды. Сот үкімімен олардың еркіндігі бір жыл төрт айға шектелді.
"Бірнеше құқық қорғаушы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шабуылға жауапкершілік сотталған адамдарға артылып, нағыз тапсырыс берушілер жазадан сытылып кеткен деп есептейді", – делінген есепте.
Сонымен қатар баяндамада билік 2022 жылғы қазан айынан бері Азаттықтың отыздан астам тілшісінің тек алтауының ғана аккредитация туралы өтінішін қанағаттандырғаны жазылған. Оған қоса аккредитация мерзімін әдеттегі екі жылдан бір жылға қысқартқан. Баяндамада журналистер бұны елдегі оқиғалар мен үкімет жұмысы жөніндегі хабарларда сын айтылғанына байланысты болуы мүмкін деп топшылайтыны айтылған.
Құжатта 18 тамызда Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасы аумағында шабуылға ұшыраған журналист Диана Сапарқызы да аталған. Шахтада болған өрттің кесірінен қаза тапқан бес кенші туралы репортаж түсіруге барған Сапарқызы кәсіби міндетін атқарып жүрген кезде белгісіз ер адамдар қолынан сүйреп, шахта аумағынан күштеп алып шыққанын хабарлаған. Айтуынша, олар журналистің ұялы телефонын тартып алып, ондағы кейбір деректі өшіріп тастаған. Сапарқызы өзіне шабуыл жасағандарды видеоға түсіріп алған.
Мемлекеттік департамент есебінде құқық қорғаушы әрі жемқорлық тақырыбына жазатын журналист, Қаңтар оқиғасы жөнінде деректер жариялаған Сандуғаш Дүйсенованың басынан өткен жайтты да атап өткен. Дүйсенованың сөзінше, 11 тамызда полиция оны күдікті адамның дербес деректерін тараттың деген уәжбен тергеп, полиция бөлімшесінде тыр жалаңаш шешіндіріп, тінтіген. Әйел полиция қызметкері мен куәлер қатысқан сол тінту сәтін полициядағылар видеоға түсірген. Журналист өзіне қатысты қылмыстық іс ашу жөнінде "тапсырыс болған" деп есептейді. Полиция оған қарсы ашылған істі үш күннен кейін тоқтатты.
Түркістан облысында тұратын журналист, "Сарыағаш-информ" газетінің редакторы Амангелді Батырбеков сыбайлас жемқорлық іс-әрекетіне лауазымды адамдардың қатысы болуы мүмкін деп жазған мақалаларынан кейін "жала жабу" бабы бойынша екі рет – шілде мен қазан айларында 20 күнге қамалды. Журналист өзіне тағылған айыпты мойындамады.
Наурыздың аяғында Алматы гарнизоны әскери соты сыбайлас жемқорлық тақырыбына жазатын журналист Михаил Козачковты үш жарым жылға шартты түрде бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Адвокатының айтуынша, сот Козачковты "журналистік зерттеу әзірлеу барысында кәсіби қателік жіберді" деген айыппен жазалаған. Оның үстінен мемлекеттік құпияны жария ету бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс журналистің "шынайы өкінуіне" байланысты тоқтатылды. Тергеу барысында журналистің "ұйымдасқан топ құрамында рейдерлік жолмен басып алуға" қатысқаны дәлелденбеді. Жергілікті баспасөз өкілдері Козачковты тұтқындаудың "саяси астары бар" деп сын айтты.
ҚАРАҚАЛПАҚСТАН БЕЛСЕНДІЛЕРІ
Есепте сарапшылар босқындарға "уақытша тұрушы" мәртебесі берілетінін және олар жыл сайын оның мерзімін ұзартып отыруға тиіс екенін айтады деп жазылған. "Адам құқығы сақталуын бақылаушылар Ресей, Қытай мен Өзбекстан сынды елдерден келген азаматтардың пана сұраған өтінішін орындауға билік онша құлықты емес екенін хабарлады", – делінген баяндамада.
Былтыр Еуропарламент ресми Ташкентті 2022 жылғы 1-2 шілдеде Қарақалпақстанда болған оқиғаларды "шын тәуелсіз, бейтарап және тиімді түрде" тергеуді қамтамасыз етуге үндеген резолюциясында Өзбекстан билігі тарапынан шетелдегі қарақалпақ диаспорасы өкілдеріне трансұлттық репрессия жүріп жатқаны жөнінде "алаңдаушылық тудыратын" хабарлар барын айтқан. Қазақстанда қарақалпақ диаспорасының бес өкілі бір жыл қамауда отырғаннан кейін, 2023 жылы бостандыққа шықты. Олар Өзбекстан билігінің сұрауымен ұсталған дейді құқық қорғаушылар. Олардың бәрі өздерін паналатудан бас тартқан Қазақстан өкіметінің шешіміне келіспей отыр.
Құқық қорғаушылар Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанның сұрауы бойынша ұстау әлі жалғасып келеді дейді. Адам құқықтары жөніндегі бюро мұны "Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерін аулау" деп сипаттаған.
Мемлекеттік департаменттің Өзбекстандағы адам құқының жай-күйі жөніндегі есебінде 2023 жылдың мамыр айында Қазақстаннан келген белсенді әрі құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовті "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясының Бішкек-Ташкент рейсіне отырғызбай қойғаны айтылған. Бұл оқиға туралы Ағелеуов өзі хабарлаған. Ол Өзбекстанға 2022 жылы Қарақалпақстанда болған Нөкіс оқиғасынан кейін сотталғандардың апелляциялық шағымын қарайтын сот процестерін бақылауға бармақ болған.
Осы есепте Өзбекстанда қарақалпақтарды жөн-жосықсыз ұстағаны жөнінде жазылған. Мысалы, белсенділердің айтуынша, саяси тұтқын Саадатдин Реймовтың жары Қалбике Сидавлева 2022 жылы тамызда "Алға, Қарақалпақстан" қозғалысының шетелде тұратын лидері Аман Сағидуллаевпен сөйлескеннен кейін 15 күнге қамалған. Есепте Қалбике дәл сол айда қамауға алынған күйеуі қайда екен білу мақсатымен Сағидуллаевқа хабарласты деп көрсетілген.
Құқық қорғаушылар Қарақалпақстанда күштік құрылымдар "саяси дискурсты басып-жаншу науқанын" жүргізген, белсенділерді азаптап, психологиялық қысым көрсеткен деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеген. Өйткені Өзбекстанда оларды азаптап, жазықсыз соттауы мүмкін екенін халықаралық құқық қорғау ұйымдары бірнеше рет ескерткен.
Мемлекеттік департамент баяндамасында 2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан пана сұраған адамды елден шығарып жібергенін де жазған. Ресей федералдық күзет қызметінің бұрынғы офицері Михаил Жилин Қазақстаннан пана сұрап өтініш берген. Қазақстан бас тартқан.
Баяндамада айтылғандай, құқық қорғаушылар мұны елден шығарып жіберу деп бағалады, себебі Жилин, Ресей Украинаға қарсы кең көлемді әскери шабуыл бастағаннан кейін, "санасы оянып", әскери қызметтен бас тартқан. Қазақстан саяси баспана сұраған Михаил Жилинді Ресейге депортация жасағаннан кейін, Ресей оны ұзақ мерзімге түрмеге қамады. Құқық қорғаушылар Астананы Жилинді Ресейге бермеуге үндеген еді.
ГЕНДЕРЛІК ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЖАҒДАЙ
Қазақстанда адам құқын өрескел бұзатын жайттардың бірі ретінде гендерлік зорлық-зомбылық та аталған. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан жапа шеккендерді паналататын мемлекеттік орындар елдің әр өңірінде бар. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елдегі 49 дағдарыс орталығының 39-ы – жәбірленушілерді паналатуға арналған. Бұған қоса, ІІМ-ге тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресетін арнайы бөлім құрып, оған "әйел қызметкерлерді барынша тарту" жөнінде тапсырма берілген. Кейбір деректер бойынша, оның құрамында 250 әйел инспектор жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметінше, жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан Қазақстанда 400-ге жуық әйел көз жұмады.
"БҰҰ-әйелдер" құрылымының ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 2021 жылдың бастапқы 10 айында кемі 1644 қыз-келіншек отбасында түрлі зорлық-зомбылыққа душар болған. 48 әйел жанындағы серігінің қолынан қаза тапқан, 300-і түрлі дәрежеде жарақат алған.
Қыздарды мәжбүрлеп тұрмысқа беруге заң жүзінде тыйым салынса да, шалғайдағы кей аудандарда мұндай жайт әлі де бар. Шымкент қалалық прокуратурасы кейінгі үш жылда қыз алып қашуға қатысты 25 оқиға тіркелгенін хабарлаған. Қыз ұрлағандар кейде жазасыз қалады: егер өз еркімен қызды босатып қоя берсе, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартпайды.
Әйелге жыныстық қатынасқа түсу мақсатымен қырындап, оның мазасын кетіру мәселесі де қоғамда өзекті болып отыр. Әйелді осындай іс-әрекеттен қорғайтын заң жоқ, тек жәбірленушіні зорлық-зомбылыққа жүгініп жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген немесе оның физикалық тұрғыдан дәрменсіз күйін пайдаланып ойындағысын іске асырған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп жазылған есепте. Әлгіндей мақсатпен қырындағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғандар туралы мәлімет жоқ. Жұмыс орнында ондай қысымға тап болғандар ұят санап немесе жұмыстан айырылып қалудан қорқып арыз жазбайды.
Заңда адамды жынысына бола кемсітуге жол берілмейді деп жазылса да, бұл әлі де өзекті мәселе болып қалып отыр деп жазады баяндама авторлары. Есепте ер мен әйел алатын жалақы мөлшерінде айтарлықтай айырмашылық бары айтылған. Бақылаушылар қаладағы әйелмен салыстырғанда ауылды жерде тұратын әйел көп кемсіту көріп, отбасындағы зорлық-зомбылықтан жиі жапа шегетінін, білім алу, жұмысқа тұру, ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі, жер мен мүлік құқы шектеулі екенін атап көрсетеді.
КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМДАРЫ МЕН АСТАНАДАҒЫ МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ ТҰТҚЫНДАЛУЫ
Былтыр жұмысшылар ереуілі мұнай өндіретін Маңғыстау, Атырау мен Ақтөбе облыстарынан асып, Қарағанды, Ұлытау мен Ақмола өңірлеріндегі көмір және металлургия өндіріс орындарын, сондай-ақ елдің түрлі аймағындағы коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарын да қамтыды.
Жұмысшылар мердігер компаниялардағы жұмыс жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді, әлеуметтік жеңілдіктерді ұлғайтуды, сонымен қатар өндіріс орнындағы еңбек жағдайы мен қауіпсіздікті жақсартуды талап етті. Ол ереуілдердің көбін сот заңсыз деп таныды, кейбірінде ғана жұмыс берушілер жалақыны ішінара көтеруге және жеңілдіктер жасауға келісті.
Маңғыстау облысыннан барған 150 мұнайшы 10-11 сәуірде Астанадағы Энергетика министрлігі ғимараты жанында өткізген наразылық акциясы оларды полиция арнайы жасағы (СОБР) тұтқынға алуымен аяқталды. Мұнайшыларды түнімен ұстап, таңертеңінде пойызға салып үйіне, Маңғыстау облысына қайтарды.
Кейін, маусым айында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Маңғыстау облысындағы ірі мұнай-газ компаниясы "Өзенмұнайгаз" (ӨМГ) бен оның мердігер ұйымдарының қаржы-шаруашылық қызметін талдау нәтижесінде жүзден астам кемшілік пен сәйкессіздік анықталғанын хабарлады.
Есеп авторлары үкіметтің кәсіподақ ұйымдарына айрықша ықпал етіп, тәуелсіз кәсіподақтарға емес, мемлекеттік кәсіподақ ұйымдарына басымдық бергенін де атап көрсеткен. Қазақстан кәсіподақ ұйымдары федерациясы (ҚКҰФ) елдегі ең ірі республикалық кәсіподақ бірлестігі саналады, кәсіподақ мүшелерінің 90 пайызға жуығы соның құрамында. 2018 жылы Кәсіподақ ұйымының халықаралық конфедерациясы өз құрамындағы ҚКҰФ мүшелігін "тәуелсіз кәсіподақ болмағандықтан" тоқтатқан. ҚКҰФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, 2022 жылғы қарашада Кәсіподақ ұйымының халықаралық конфедерациясы ҚКҰФ мүшелігін қайта қалпына келтірген.
2021 жылы ақпанда Шымкент қалалық соты атқарушы биліктің шағымына байланысты "Отын-энергетика кешені қызметкерлерінің өңірлік кәсіподақ ұйымы" қоғамдық бірлестігінің қызметін алты айға тоқтатқан. Кәсіподақ ұйымының халықаралық конфедерациясының 17 сәуірдегі мәліметінше, биліктің кәсіподақ ұйымын тіркеу тәртібін жеңілдеткеніне қарамастан, кәсіподақ ұйымы сол күйі тіркелмеген.
ПІКІРЛЕР