Грузия астанасы Тбилисиде 28 сәуірде "шетел агенті" туралы заңға қарсы оппозициялық шеру өтті. Оған қатысушылар қаладағы Республика алаңынан орталықтағы Грузия парламенті ғимаратына дейін шеру тартып барды деп хабарлады "Эхо Кавказа" сайты.
Шеру кезінде адамдар "Грузия!", "Ресей заңына жол жоқ!" деп ұрандатты. Парламент үйінің сыртында "Ресей – басқыншы" деген жазу мен Грузия туы көрсетілді. Оппозиция билікте отырған партияны "шетел агенті" туралы заңды Мәскеудің нұсқауымен қабылдады деп сынады. Заң жобасының авторлары мұны жоққа шығарады.
Биліктегі "Грузия арманы" партиясы заң жобасын жақтаушыларды 29 сәуірде көшеге шығарамыз деп мәлімдеді. Жексенбідегі акция кезінде демонстранттар заң жобасын қолдайтындарға сөз сөйлеуге берілген сахнаға шығуға тырысты. Бірнеше адам ұсталды. Олардың қатарында Грузияның еуринтеграция жөніндегі бұрынғы министрі Алекси Петриашвили де бар. Ішкі істер министрлігі оны "ұсақ бұзақылық жасады", "полицияға бағынбады" деп айыптады.
Парламентте заң жобасын екінші оқылымда талқылау дүйсенбі, 29 сәуірде басталады.
2023 жылы Тбилисидегі екі күндік наразылықтан соң парламентті билеуші партиялар бірінші оқылымда мақұлданған "шетел агенті" туралы заңды қайтарып алған.
Грузия парламенті биыл 17 сәуірде "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдағаннан кейін қоғамда оған қарсылық басталған.
ПІКІРЛЕР