Accessibility links

Грузия парламенті шетел агенті туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады


Грузия парламенті "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сыншылар құжатты Ресейдің "Шетел агенті туралы" заңына ұқсатады. Оған отырысқа қатысқан 83 депутаттың барлығы қолдап дауыс берді деп жазды "Эхо Кавказа" сайты. Оппозиция дауыс беруге бойкот жариялады.

Заң жобасына сәйкес, бір жыл ішінде кірісінің 20 пайыздан астамын шетелден алатын коммерциялық емес ұйымдар, ақпарат құралдарының иелері "шетел күштерінің мүдделерін жүргізетін" ұйымдар тізіміне тіркелуі керек.

Тізімнен бас тартқандарға 25 мың лари (шамамен 900 мың лари) көлемінде айыппұл салынады.

Құжатқа сәйкес, Грузия әділет министрлігі "заң талаптарының орындалу барысын" қадағалау үшін немесе "шетел күштерінің мүддесін" жүргізетін ұйымдарды анықтау үшін мониторинг жүргізеді. Мұндай мониторингке азаматтардың жазбаша өтініші де түрткі бола алады. Заң жобасының осы тұсы азаматтық қоғам арасында дау туғызды.

Құжатты оппозиция өкілдері қатты сынады. Олар құжатты Ресей жіберген заң деп атап, басқарушы партияны "Мәскеуге жұмыс істеп отыр" деп айыптады. Тбилисиде заң жобасына қарсы жаппай наразылық акциясы өтті. Батыс елдері Грущияны аталған заң жобасынан бас тартуға шақырды.

Грузияның президенті Саломе Зурабишвили жуырда Еуроодақ жетекшісі Шарль Мишель мен Франция президенті Эммануэль Макронға қайырылып, Еурокеңестің бүгінгі сессиясында Грузиядағы оқиғаны талқылауды өтінген. Мұны басқарушы "Грузин арманы" партиясы сынады. Олар заңның Ресейге қатысы жоғын алға тартты.

XS
SM
MD
LG