Ресейдің 2 қаңтарда Харьковқа шабуылынан соң табылған ракета Солтүстік Кореяда шығарылған. БҰҰ сарапшылары ракета сынықтарын зерттеп, осындай қорытынды жасады.
Сарапшылар есебін көрген Reuters агенттігінің жазуынша, шабуылға "Хвасон-11" зымыранын қолданған. Құжатқа сәйкес, сарапшылар "зымыранның қайдан және оны кім ұшырғанын өз бетінше анықтай алмады".
"Украина билігі берген траектория туралы ақпаратқа сәйкес, ракета Ресей аумағынан жіберілген" делінген хабарламада.
Солтүстік Кореяның Ресейге ракета жеткізгені расталса, бұл - ядролық бағдарлама әзірлеп, баллистикалық ракета шығарғаны үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2006 жылы Пхеньянға енгізген санкциялары бұзылды деген сөз.
Қаңтарда АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Солтүстік Корея Ресейге Украинаға қарсы соғыста пайдалануға тактикалық ракета кешендері мен баллистикалық ракеталар жеткізді деп мәлімдеді. Оның сөзінше, 2 қаңтарда Ресей Украинаға соққы жасағанда соны қолданған. Кирби Солтүстік Кореядан зымыран жеткізу "алаң тудыратын жағдай" деп атады.
Ақпанда The New York Times газеті Ресей өзі алған оқ-дәрінің қарымы ретінде Солтүстік Кореяға халықаралық қаржы жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалануға рұқсат беріп, БҰҰ санкциясына ілінген Солтүстік Кореяның бірқатар активін бұғаттан босатты деп хабарлады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше жеті мемлекет Ресейді Пхеньянмен әскери-техникалық әріптестікке салынған эмбаргоны бұзды деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР