Accessibility links

Арқалық түбінде санитарлық рейске ұшқан Ан-2 ұшағы апат жағдайында суға қонып, төңкерілді


Ан-2 ұшағы Краснодар аумағында ұшып барады. Архив.
Ан-2 ұшағы Краснодар аумағында ұшып барады. Архив.

3 мамыр күні Қостанай облысында Арқалық-Ақсұңқар бағыты бойынша санитарлық рейске ұшқан Ан-2 ұшағы биіктігі күрт төмендеп таяз суға қонған, сол сәтте аударылған. Бұл туралы Қазақстан көлік министрлігі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, санитарлық рейсті орындамақ болған – "Навигатор" әуе компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы. Ол 16:10 уақытында әуеге көтерілген соң, күрт төмендеп, қар суынан пайда болған көлшікке қонарда төңкерілген.

Оқиға орнынан тараған видеоға қарағанда, жолаушыларды медициналық көмек көрсетуге келген жедел жәрдем қызметкерлері суды аяғымен кешіп өткені көрінеді.

"Әуе кемесінің бортында 2 экипаж мүшесі және 3 қызметтік жолаушы болған. Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері Қостанай облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментімен Арқалық қалалық ауруханасына жеткізілді. Алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ" деп хабарлады министрлік.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл жағдай әуе оқиғасы ретінде тіркеліп, оны азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган тексермек. Оқиғаның себебі анықталып жатыр деді көлік министрлігі.

Tengrinews.kz сайтының жазуынша, санитарлық рейс "миокард инфарктісі" диагнозы қойылған 1964 жылғы азаматты Қостанай облыстық ауруханасына жеткізу үшін ұйымдастырылған.

Ан-2 – 1947 жылдан бастап шығарылған Совет ұшағы. Егістікті химиялық өңдеу кезінде қолданылған бұл ұшақ ел арасында "кукурузник" деп танылған. Бірақ сонымен қатар әуе кемесі жолаушы тасымалында да ұшырылған.

2020 жылы ақпанда дәл осындай ұшақ Өскемен түбінде жерге ауыр қонып, өртке оранған. 2019 жылғы маусымда Ақмола облысы Родина ауылының түбінде Ан-2 ұшағы құлап, бір адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG