Accessibility links

Израиль Al Jazeera жұмысына тыйым салып, кеңсесін жапты


Al Jazeera.
Al Jazeera.

Израиль үкіметі 5 мамырдағы отырыста Қатардың Al Jazeera телеарнасының Израильдегі кеңсесін жабу туралы шешім қабылдады. Израиль билігі телеарнаның Газа секторындағы соғыс пен аймақтағы оқиғалар жөнінде жаңалық таратуы ел қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп айыптады. Министрлер де арна Израильге қарсы үгіт-насихат жүргізіп, палестиналық ХАМАС радикал тобының сөзін қолдайды дейді. ХАМАС АҚШ пен Еуропа Одағында террористік ұйым деп танылған.

Үкімет шешімі жарияланғаннан кейін көп ұзамай Израильдің хабар тарататын желілері Al Jazeera хабарларын таратуды тоқтата бастады. Телеарна кеңсесі орналасқан Шығыс Иерусалимдегі қонақ үйге полиция қызметкерлері барды.

Al Jazeera Израиль билігінің шешімі "адам құқығын бұзады" деп, Израильдің қауіпсіздігіне қауіп төндірді деген айыптауды жоққа шығарды, арна өз құқықтарын заңды шаралар қолданып қорғайтынын мәлімдеді. БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Израиль шешімін айыптады.

Израиль билігін жиі сынайтын арна Газа мен Палестинаның басқа да аймақтарындағы оқиғалар туралы репортаждар жариялайды, олардағы бейбіт тұрғындардың өліміне Израильді айыптаған.

Al Jazeera кеңсесі екі тараптың келіссөзі өтіп жатқанда жабылды. Келіссөзде ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды босату және екі тараптың бітімге келу мәселелері талқыланған. Қатар – келіссөздердегі араағайын елдің бірі. Al Jazeera-ны жабу туралы шешім келіссөздердегі жағдаймен байланысты ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. 5 мамырда Израиль мен халықаралық ақпарат құралдары дереккөздерге сүйеніп, Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөз тағы да тығырыққа тірелді деп хабарлады.

ХАМАС өкілдері Египеттен кетіп, жетекшілерімен кеңесу үшін Қатарға барды. Келіссөздерге Израиль делегациясы қатысқан жоқ, олар жазбаша ұсыныс жолдады. Бірқатар БАҚ қарсылас екі тарап сектордағы атысты біржолата тоқтатуға келісе алмады деп хабарлады. Израиль атысты тек уақытша тоқтатуға келісім беріп отыр.

Жексенбіде Газа секторы аумағынан Израильдің шекарадағы Керем-Шалом ауылына шабуыл жасалып, жеті адам жараланды. Израиль Газадағы нысандарды атқылады. Сол кезде шекара жабылып, гуманитарлық жүктер де өте алмады. Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант ХАМАС тобы келісімге келуге мүдделі емес деді. Оның сөзінше, Израиль әскері жақын арада Рафахта операция бастауы мүмкін. Газа секторының оңтүстігіндегі бұл елді мекен ХАМАС тобының аймақтағы соңғы бекінісі. Израильдің серіктестері, соның ішінде АҚШ та бар, бейбіт тұрғындардың өміріне алаңдап, Рафахтағы операцияға қарсы болды. Израиль операциясы басталғанда Газада тұратын палестиналықтардың басым бөлігі, бір жарым миллионға жуық адам сол қалаға үдере көшкен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG