Accessibility links

Тбилисиде ондаған мың адам шетел агенті туралы заңға наразылық білдірді


Шетел агенті туралы заңға қарсы шеру. 11 мамыр 2024 жыл.
Шетел агенті туралы заңға қарсы шеру. 11 мамыр 2024 жыл.

11 мамырда кешке Тбилисиде парламентте қаралып жатқан, халық арасында "шетел агенті туралы" заң (ресми атауы "Сыртқы ықпалдың ашықтығы туралы" ) деп аталып кеткен құжатқа қарсы наразылық өтті. Оған шамамен 50 мың адам қатысты деп жазды Reuters.

Наразылар қала орталығындағы Еуропа алаңына дейін шерулетіп жүрген. Олардың қолында Грузия мен Еуроодақтың тулары болған. Наразылардың кейбірі телефонның жарығын қосып жүрген.

Құжат сыншыларының пікірінше, аталған заң елдегі тәуелсіз ұйымдар мен оппозицияның үнін тұншықтырады. Кейбірі мұны Ресейдің шетел агенті туралы заңға ұқсатады.

Ал құжатты қолдаушылардың айтуынша, онда репрессивті шаралар жоқ, ол коммерциялық емес сектордағы ұйымдардың ашықтығын арттырады. Олардың айтуынша, заң Ресей емес, Америка заңнамасына ұқсас.

Соған қарамастан Батыс елдерінің көбі Тбилисиді аталған заң жобасынан бас тартуға шақырып жатыр. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан X желісінде Вашингтон "Грузиядағы демократия дағдарысына қатты алаңдаулы" деп жазды.

"Грузин парламентшілерінің алдында маңызды таңдау тұр: грузин халқының еуроатлантикалық ұмтылысын қолдау немесе демократия құндылықтарына қайшы Кремль үлгісіндегі шетел агенті туралы заң қабылдау" деп жазды ол.

Аталған заң жобасы бойынша түпкілікті дауыс беру дүйсенбі, 13 мамырда өтеді. Дүйсенбіге қараған түні оппозиция Тбилисиде жаңа акция өткізетінін мәлімдеді. Ұйымдастырушылар парламенттің алдында қонып шығуды жоспарлап отыр.

XS
SM
MD
LG