15 мамырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласын елге қайтарғанын" хабарлады. Оның есімі — Алексей Богданов, агенттік ақпаратында ол "Metropolitan Manageres Corp (BVI) оффшор компаниясының номиналды өкілі, "Беловод крахмал комбинаты" басқарма төрағасы және "Маис Агро" ЖШС маманы ретінде БТА банктің 300 млн теңгеден астам қаражатын жымқыруға күдікті" екені айтылған.
Агенттік күдіктінің жақын туыстарымен және адвокатымен түсіндіру жұмысы жүргенін, соның нәтижесінде Богданов "Қазақстанға оралуға және тергеуге жәрдемдесуге ниет білдіруге жазбаша өтініш жолдағанын" хабарлады.
Богданов 15 мамырда Қазақстан ішкі істер министрлігі халықаралық қылмыстық полиция ұйымы Интерполдың Астанадағы өкілдігі – ұлттық орталық бюросының көмегімен Бельгияның Брюссель қаласынан Алматыға келген.
"Күдіктінің ерікті түрде оралғанын, кінәсін толық мойындағанын және тергеумен ынтымақтастығын ескеріп, Богдановтың қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы кепілге өзгертілді" деп жазды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Агенттік қазір күдіктімен бірлескен тергеу жүріп жатқанын айтады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығының ведомствоаралық жедел тергеу тобы ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрамында жасалған ақшаны, оның ішінде шетелде жымқыру және жылыстату фактілері бойынша "БТА Банк" АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр" деп хабарлады агенттік.
- Мұхтар Әблязов 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Қазақстан үкіметінде лауазымды қызмет атқарып, банк басқарған. Ол ел билігін сынап, саяси партия құрған соң түрме жазасына кесіліп, кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кешірімімен босап шыққан. 2009 жылдан бері шетелде тұратын Әблязов Назарбаев пен оның отбасын, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты үнемі сынайды.
- 2018 жылы қарашада Қазақстан соты Әблязовты "2004 жылы Тұран-Әлем банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған.
- 2017 жылы Қазақстан билігі Әблязовты "ақша жымқырды", "қылмыстық топ құрды" деген айыппен 20 жылға бостандығынан айыруға сырттай үкім шығарған.
- Әблязов тағылған айыптарды мойындамайды және "саяси астары бар" деп жоққа шығарады.
- Қазақстан көп жылдан бері Әблязовты елге экстрадициялауға күш салып келеді. 2011 жылы Мұхтар Әблязов Ұлыбританиядан саяси баспана алған. Кейін Қазақстанда Әблязовқа қарсы сот басталған тұста, 2014 жылы Ұлыбритания одан саяси босқын мәртебесін қайтарып алған.
- 2013 жылы Франция Украинаның талабымен Мұхтар Әблязовты ұстаған. 2014 жылы қаңтарда француз соты Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы шешім шығарды. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 2015 жылы қыркүйекте Франция премьері Мануэль Вальс Әблязовты экстрадициялау туралы бұйрыққа қол қойды. Алайда 2016 жылы желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойып, оны абақтыдан босатты.
ПІКІРЛЕР