Accessibility links

"Әблязов деген кім?" және "пенопластан салынған Керуен-сарай"


Экс-банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов.
Экс-банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязов.

Осы аптада шетел баспасөзі қазақстандық кәсіпкер Ержан Тәтішевтің қазасы, экс-банкир, оппозиционер Мұхтар Әблязовтың ісі және Түркістанда салынып жатқан құрылыс сапасы туралы жазды.

"ЖАУЫЗ БА ӘЛДЕ РЕЖИМ ҚҰРБАНЫ МА?"

Ұлыбританияның Times газетінде "Әкемнің өлімі, оның киллері және қашқын олигарх" атты мақала шықты. Онда Франция босқын мәртебесін берген оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов туралы жазылған. Басылым 2004 жылғы желтоқсанда оқ тиіп мерт болған қазақстандық кәсіпкер Ержан Тәтішевтің отбасымен сөйлесіп, Еуропада болған Әблязовке қатысы бар оқиғаларды жазады.

Times газеті Ержан Тәтішевтің 28 жастағы ұлы Алпамыс Тәтішевпен және марқұмның бауыры, Forbes дерегінше "500 млн доллар байлығы бар" Еркін Тәтішевпен сұхбаттасқан.

Ержан Тәтішевтің қазасы

Банкир Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде басына оқ тиіп өлген. Сол кезде сот мұны "аңшылық кезіндегі оқыс оқиға" деп танып, оның жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмадиді "абайсызда қазаға ұшырату" бабымен кінәлі деп танып, бір жылға бостандығын шектеген. 2017 жылы іс қайта қаралды, ал Тоқмади "Ержан Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген Мұхтар Әблязовтің тапсырмасымен өлтірдім" деп мәлімдеген. 2018 жылғы наурызда сот оны "қасақана қылмыс жасағаны үшін" он жарым жылға соттаған.

Times басылымында жарияланған мақаладан Ержан Тәтішевтің ағасы мен ұлының ойы бір жерден шығатыны байқалады. Газеттің жазуынша, Еркін Тәтішев ағасының қазасын тергеуде "әділдік іздеп", британ барлау қызметінің бұрынғы офицерлерінен, туысының өлімі кезінде көлікте не болғанын анықтау үшін сот-медицина сапаршыларынан көмек сұраған. "Ол [Еркін] бұған дейін Лондонда тұрған қашқын Мұхтар Әблязовтың басы алынғанын қалайды. Қазақстан соты оны Ержан басқаратын банк пен оның активтеріне ие болу мақсатын көздеп (Тәтішевті) өлтіру үшін Тоқмадиді жалдағаны үшін кінәлі деп таныған еді" деп жазады Times.

Басылым Алпамыс Тәтішевтің "Қазақстан соты кінәлі деп таныған адамды Еуропаның қалай паналатып отырғанын түсінбейтінін" айтқан сөзін келтіреді. Әкесі өлгенде 12 жаста болған жігіт "(қазаның) кездейсоқ болмағанын бар жан-тәнімен сезгенін" айтқан.

Алматыдағы "Кеңсай-2" зиратындағы Ержан Тәтішевтің моласы. 30 мамыр 2015 жыл.
Алматыдағы "Кеңсай-2" зиратындағы Ержан Тәтішевтің моласы. 30 мамыр 2015 жыл.

"Қазақстан, Ресей, Украина "әлемдегі ең бай қашқын-алаяқ" атанып кеткен Әблязовты қазақстандық банктен 5 миллиард долларды (305 миллион фунт стерлинг) жымқырған деген айыппен іздеп жатыр. Нью-Йорк федералды соты да оның үстінен іс қозғауы мүмкін деген болжам бар. Британ депутаттары оны сот шешіміне құрмет танытпағаны үшін қайтадан Ұлыбританияға экстрадициялағысы келеді" деп жазады басылым.

Бұған қоса газет "Әблязовқа қарсы қозғалған істердің масштабымен бірге оны қолдаушылар да артып жатқанын" атап өткен. "Құқық қорғаушы топтар оны Қазақстанға экстрадицияламау үшін күресіп жатыр. Әйтпегенде ол жақта Мұхтар Әблязовқа күш көрсетуі мүмкін. Басқа құқық қорғаушы топтар Әблязов билікті қатты сынағандықтан қазақстандық режим ұйымдастырған жалған ақпарат науқаны құрбанына айналғанын мәлімдеді" деп жазады басылым.

Әблязовтың өмірбаянына тоқтала келе басылым оның Мәскеуде білім алғанын, студент кезінде Ержан Тәтішевпен дос болғанын, екеуі қайта құру жылдары Қазақстанға оралып, ірі кәсіпкерге айналғанын жазады.

2001 жылғы қазанда Мұхтар Әблязов билікті сынап, мемлекеттік аппаратты коррупция жасады деп айыптады. Сол жылы қарашада ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысын құруға атсалысты.

2017 жылы Мұхтар Әблязов осы қозғалыспен аттас ұйым құрды. Билік тіркелмеген ұйымды "экстремистік" деп атап, жұмысына тыйым салды. Ұйымды қолдаушылардың ізіне түсіп, тіпті қылмыстық кодекс бойынша айып тағып, қудалауға көшті.

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы"

Бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2017 жылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрды. Қозғалыс "түбегейлі демократиялық өзгеріс жасау үшін Қазақстан қоғамындағы дұрыс күштерді біріктіруді" мақсат ететінін айтты. ҚДТ елде президент лауазымын жойып, тікелей сайланатын бір палаталы парламенті бар республика құруға, адам құқығын қорғауды мақсат тұтады. Қозғалыс ұйымдастырған наразылық митингілері көбіне қатысушыларды қамаумен аяқталып жатады; ал билік бұл акцияларды заңсыз дейді.

2018 жылы астанадағы Есіл аудандық соты бас прокуратураның ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп тану туралы өтінішін қолдады. Қозғалыстың қызметіне тыйым салу туралы сот шешімі ашық дереккөздерде жарияланбады.

2020 жылғы ақпанда қазақстандық белсенділер тобы парламенттік республикаға өтуді қолдайтын "Көше партиясын" құратынын мәлімдеді. Мамырда Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салды. Бас прокуратура ҚДТ қозғалысы осы партияға "айналды" деп санады. Соттың бұл шешімі де ашық дереккөздерге жарияланбады.

Белсенділер "Көше партиясы" қозғалысы тәуелсіз екенін мәлімдеді. Былтыр маусымда астаналық сот Есіл аудандық сотының "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешіміне қатысты берілген аппеляцияны қарастырмай, аппеляция бергендер "іске қатысушы тараптарға" жатпайтынын айтты.

Әблязовтың сөзінше, 2002 жылы наурызда ол алғаш рет "оппозициялық қызметіне" байланысты тұтқындалған. Дегенмен, Қазақстан билігі банкирді "қызметін асыра пайдаланды, салық төлеуден жалтарды және ақша жымқырды" деп айыптады. Осы уақытта ол БТА-дағы активтерін тәркілеуден сақтау үшін Ержан Тәтішевке берді деген болжам бар. Түрмеден шыққан соң Мұхтар Әблязов Қазақстаннан кетіп қалды.

2004 жылғы 19 желтоқсанда Ержан Тәтішев қаза тапты. Оның өлімінен соң Мұхтар Әблязов елге оралып, БТА-банк төрағасы болды. Азаттық сол кездегі оқиғалар жайлы біраз ақпарат таратқан еді.

Ержан Тәтішевтің әйелі Анар Айтжанова мен төрт баласы алдымен Австрияға барған. Кейін Лондонға көшіп, британ астанасындағы танымал ауданнан "25 миллион фунт стерлинг" тұратын пәтер сатып алған. Times-тің хабарлауынша, Алпамыс Тәтішев жекеменшік жоғары оқу орнын бітіріп, "әкесінің ісін жалғастыру үшін Алматыға оралған".

Грузияның сол кездегі президенті Михаил Саакашвили (сол жақта), ТұранӘлем банк басқармасының төрағасы Мұхтар Әблязов (ортада) пен орынбасары Еркін Тәтішевке (оң жақта) медаль табыс етіп тұр. Тбилиси, 25 қараша 2006 жыл.
Грузияның сол кездегі президенті Михаил Саакашвили (сол жақта), ТұранӘлем банк басқармасының төрағасы Мұхтар Әблязов (ортада) пен орынбасары Еркін Тәтішевке (оң жақта) медаль табыс етіп тұр. Тбилиси, 25 қараша 2006 жыл.

2009 жылғы қаңтарда Әблязов та Лондонда болды. Ол қамауға алынудан қауіптеніп, Қазақстаннан кетті. Ұлыбритания оған босқын статусын берді.

Кейін оның ісі "банктегі алаяқтық туралы тарихта болған ең үлкен іске" айналды. БТА Банк Лондон сотына Мұхтар Әблязовтың "адам айтқысыз көлемде ұрлық жасағаны" жөнінде шағым түсірді деп жазады Times.

БТА Мұхтар Әблязов "өзі бақылайтын офшор компанияларға коммерциялық емес қарыз беріп, қызметін миллиардтаған долларды ұрлауға пайдаланды" деп мәлімдеді. Болжалды алаяқтықтан жапа шеккендер ретінде Royal Bank of Scotland, Barclays пен HSBC-ті атады. Банк Әблязов пен оның жақтастары "ұрлаған" 3,5 миллиард фунт стерлингті қайтару мақсатында сотқа бірнеше арыз түсірді. БТА айыпталушылар Лондондағы Сити кеңсесінен басқарып отырған "300-ден астам офшор компания арқылы активтерін жасырды" деді. Қазақстан Әблязовті банктен ақша жымқырғаны үшін 20 жылға сырттай соттады.

2012 жылғы ақпанда Тир есімді британ судьясы "Әблязов бірнеше рет құқық бұзды" деп қаулы шығарды. Ұлыбритания соты оны "сотқа құрмет көрсетпеді" деген айыппен 22 айға бостандығынан айыру жазасына сырттай кесті. Сот тергеулері кезінде Тир Әблязовты "сотта беті бүлк етпей өтірік айтады" деп сипаттады.

Тағы бір сот өкілі лорд-судья Кей: "Әблязовтан басқа сот шешіміне арсыздықпен, оппортунизммен және арамдықпен әрекет ететін коммерциялық сот қатысушысын елестету қиын" деді.

Әблязов сотқа келмеді, себебі одан екі күн бұрын автобуспен Ұлыбританиядағы Виктория вокзалынан Францияға кетіп қалған деп жазады Times.

Ұлыбритания Әблязовқа іздеу салды. Кейін экс-банкирдің Францияда "кең виллада тығылған" кезеңі басталды.

Times "Әблязовтың украин құрбысы Елена Тищенконы аңду арқылы" оның Францияда екені белгілі болды. Ниццадағы бір виллада "бұрынғы энергетика министрін іш киіммен көрген. Ол қамауға алынудан қашып, бір үйден екіншісіне жасырынумен болған" деп жазады Times. Ақыр соңында француз полициясы рейд жүргізіп, "Әблзяовты Канн қаласына жақын маңдағы Муан-Сарту ауылындағы алты бөлмелі үйден ұстаған".

Газеттің хабарлауынша, "британ жеріндегі оның меншігіндегі дүние-мүлік, соның ішінде Суррей графтығындағы Оклендс паркіндегі 100 акр жер сатылған. Ал Әблязов бұл жерге иелік ететінін жоққа шығарған. 25 миллион фунт стерлинг тұратын жерде жабық бассейн, поло ойын алаңы және тағы төрт коттедж бар".

2014 жылы Британия Әблязовты қашқын статусынан айыратынын айтқан. Сол кезде премьер-министр болған Дэвид Кэмерон бұл істі "Қазақстанмен жақындасуға кедергі келтіреді" деген. 2015 жылы Франция "саяси астары бар" деп есептеп, Әблязовты Ресейге беруден бас тартты. БҰҰ құқық қорғаушылары да экстрадиция жағдайында оны азаптауы мүмкін" деп қауіптенді.

Мұхтар Әблязовтың қызы Мәдина (сол жақта) мен оның жұбайы Ілияс Храпунов (сол жақтан екінші) және Әблязовтың адвокаты Бруно Ребсток (оң жақта) сот ғимаратында тұр. Экс-ан-Прованс, Франция, 1 тамыз 2013 жыл.
Мұхтар Әблязовтың қызы Мәдина (сол жақта) мен оның жұбайы Ілияс Храпунов (сол жақтан екінші) және Әблязовтың адвокаты Бруно Ребсток (оң жақта) сот ғимаратында тұр. Экс-ан-Прованс, Франция, 1 тамыз 2013 жыл.

2017 жылы Қазақстан Тәтішевтің қазасы жайлы істі қайта қарай бастады. 2018 жылы Тоқмади "адам өлтіргені үшін" ұзақ жылға түрмеге қамалды, Әблязовты "қылмысқа тапсырыс беруші" деп атады. Кейін сот оны сырттай өмір бойына соттады. Ол кінәсін теріске шығарды. Times-тің жазуынша, Әблязов "Тоқмадиді адам өлтіргенін мойындауға мәжбүрлеген дейді. Тоқмадидің әйелі де күйеуі қысым көргендіктен қылмысты мойындағанын айтқан".

2019 жылғы шілдеде Британия Мұхтар Әблязовты қамау туралы ордерді екі жылға созды. Ал 2020 жылғы қыркүйекте Франция экс-банкирға босқын мәртебесін берді.

Франция соты бұл шешімінде "Әблязовтің саяси себеппен қуғынға ұшырағанын" және саяси оппозициялық көзқарасы үшін елге баруға қауіптенуінің "әділетті" екенін айтты. Сот Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты Әблязовқа қарсы қылмыстық істің "деректілігі" жоқ екенін мәлімдеді. "Тергеуден Тоқмадидің қылмысты басқа қылмыстық әрекеті үшін қамауда болғанда мойындағаны байқалады" деп жазылған сот шешімінде.

Еркін Тәтішев Times-қа бұл шешімнен "мазасы кеткенін" айтады. Ол Әблязов сот жүйесін "манипуляциялады" деп санайды және ақыр соңында шындықтың беті ашылатынын айтады.

Times мақалада британ парламентінің депутаты, Әблязовтың ісі туралы айтып жүретін Дэмиан Коллинздің сөзін келтіреді. Британ парламентінің мүшесі "Франция оған саяси пана бергеніне қарамастан, Әблязовты сотқа тарту үшін қайтару керек" дейді.

"Бірақ Франция мемлекеттік аппараты толығымен оның жағында болғанда, Әблязов – азат адам. Ұлыбритания үкіметі мен қылмыспен күрес ұлттық агентігі оның ісі туралы ештеңе демей отыр. Олигархтардың бұлыңғыр әлемінде оның құрбан яки жауыз екенінің сыры ешқашан ашылмайды" деп түйіндейді Times.

ТҮРКІСТАНДА НЕ, ҚАЛАЙ САЛЫНЫП ЖАТЫР?

Globalvoices.org сайтында жарияланған "Қазақстандағы қымбат қала құрылысындағы арзан материалдар" атты мақала Түркістандағы жаңа объектілердің құрылысын сипаттайды.

Наурыздың соңында Түркістан "түркі әлемінің рухани астанасы" атанған еді. Содан он күн өткен соң премьер-министр Асқар Мамин қаладағы ең ірі құрылыс флагманы – "Керуен-сарайды" ашты. Бірақ объект ашылғаннан үш ай өтпей жатып қирай бастағаны байқалды.

Маусымның соңында әлеумттік желіде кішкентай баланың кешеннің қабырғасын қолымен жұлып жатқан видеосы пайда болды. Онда қабырға ғимаратты жылыту және қаптау үшін қолданылатын пенопласт түрі – полистиролдан салынғаны байқалады.

Құқық қорғау ұйымының үкіметпен бірігіп жасайтын жобалар менеджері Шыңғыс Лепізбаев Facebook-те Түркістандағы жаңа кешен екі жылға да жетпей құлайтынын жазды.

Ілияс Мыңжасаров атты пайдаланушы құрылыс жоспарын "Қағаз үй" атты испан сериалындағы ақша ұрлау схемасымен салыстырды.

Үш жыл бұрын Түркістан облыс орталығы атанғанда қалада 2018 жылы халық саны 160 мың болса, 2021 жылғы мамырда 200 мыңға жетті. Билік пен жеке инвесторлар қаланың дамуына, оның ішінде мұз қалашықтан бастап футуристік театр секілді түрлі жобаларға 1,5 миллиард доллар құйды.

"Керуен-сарай" макетін неміс архитекторлары мен дизайнерлері жасады. "Керуен-сарайдағы" су жолының өзіне инвесторлар 87 миллиард теңге (203 миллион доллар) жұмсады: Turkistan Silk Way Harbour 47 миллиард теңге (шамамен 110 миллион доллар), ал Қазақстан даму банкі 40 миллиард теңге қосымша несие (93 миллион доллар) берді.

Құрылыс жобасын "Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF)" пен жылжымайтын мүлікпен айналысатын FTG Development компаниясына тиесілі Turkistan Silk Way Harbour LLP компаниясы жүзеге асырды. Азаттық компанияның елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысы барын жазған еді.

Назарбаев пен дәулетті түрік бизнесменін не байланыстырады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:57 0:00

Қаржы министрлігіне қарайтын KIDF қазба секторынан басқа жобаларға да миллиард доллар инвестиция құйған.

Елдегі көптеген құрылыс келісімшарттарын алған FTG компаниясы Қазақстанның бұрыннан бергі серіктесі. Азаттық бұл копания басшысының экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз қарым-қатынасы туралы жазған еді.

Биыл мамырда да Түркістан даудың ортасында қалды. Туристер Назарбаев қалаға барғанда бөлмеден шыға алмай қалғанын айтты.

Қалада жаңа әкім тағайындалғаннан кейін бір апта өтпестен тағы шу шықты. Түркістан облыс орталығы болғаннан бері әкім болған Рашид Аюповтың орнына облыстық басқармаларда ұзақ жыл жұмыс істеген Нұрбол Тұрашбеков келді, деп жазады Globalvoices.org.

Сайт қала тұрғындары құрылыс сапасына және оған қыруар қаржы жұмсағанына наразы екенін жазады. Ал сынға жауап бермек болған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жағдайды "асыра сілтеп" жібергенін, "қазіргі заманда бәрі пластиктен жасалатынын" айтқан.

"Девелоперлер мен кәсіпорындар салықсыз инвестиция алу мүмкіндігін пайдаланып қалғысы кеп Түркістанға ағылып жатыр. Тұрғындар мен туристер бұл бум "Кеурен-сарайдың" пенопалсттан салынған қабырғасы секілді "морт сынбай ма" деп күмәнданады" деп жазады Globalvoices.org.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG