Әзербайжан мен Армения арасында бұған дейін жасалған шекараны делимитациялау және демаркациялау бойынша келісім аясында әзербайжан шекарашылары 24 мамырдан бастап Арменияға жақын жатқан төрт ауылды бақылауына алды.
Әзербайжан Газах ауданындағы төрт ауылды өзіне қайтарды. Баку мен Ереван мұны қатынасты қалпына келтіру жолындағы қадамдар деп атады.
19 сәуірде қол қойылған хаттамада Ереван мен Баку шекараның жекелеген аумақтары бойынша алдын ала келісімге келгені жазылған.
Бұл келісім Арменияда наразылық туғызды. Ереванда ондаған мың адам премьер-министр Никол Пашинянның оставкасын талап еткен.
Әзербайжан мен Армения 1980 жылдың соңынан бері қақтығысып келді. Екі ел арасындағы қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған. Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта көбіне армяндар тұрған, соғыс кезінде бұл аймақ Бакуден тәуелсіздігін жариялап алған.
Бұл аймақ үшін екі ел арасында 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығыс болды. 2020 жылы күздегі әскери қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алған. Ал 2023 жылы толық бағындырды. Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшкен.
ПІКІРЛЕР