Жапония Ресейдің бір азаматы мен осы елдің тоғыз және Кипрдің екі заңды тұлғасына санкция салды. Олар Солтүстік Кореядан қару тасумен айналысқан. Бұл туралы Жапония сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Санкция тізімінде «224 жылдық отряд» әуе компаниясының бас директоры Владимир Михейчик, сонымен бірге әуе компаниясының өзі, Ашулук әскери полигоны, «Трансморфлот» және басқалары бар. Кипрдің IBEX Shipping және Azia Shipping компанияларына да шектеу енгізілді. Жапония олардың активтері мен төлемдерін бұғаттады.
Жапония Ресейді Солтүстік Кореядан қару сатып алды деп айыптады. Себебі мұндай әрекет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына қайшы келеді.
Жұма күні Сеул де Мәскеу мен Пхеньянға санкция енгізгенін мәлімдеді. Оңтүстік Корея КХДР-дың жеті азаматы мен Ресейдің екі кемесіне шектеу қойды.
Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, аталған тұлғалар мен ресейлік кемелер Солтүстік Кореяның ядролық және ракета жобаларын дамытуға үлес қосқан, бұған қоса Солтүстік Кореяға Ресей мұнайын тасымалдауға да қатысы бар.
Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігінің дерегінше, 2022 жылдан бастап Ресей Солтүстік Кореядан 3 миллион артиллериялық снаряд пен дүркіндете ататын кешенге арналған 500 мыңнан астам снаряд сатып алған болуы мүмкін. Өз кезегінде Ресей Солтүстік Кореяға ғарыш аппараттарына арналған технология жеткізген болуы мүмкін. Мәскеу мен Пхеньян ресми түрде мұны растамаған.
ПІКІРЛЕР