Accessibility links

Харьковте Зеленский АҚШ және Қытай басшыларын "бейбітшілік саммитіне" шақырды


Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні таңертең әлем елдерінің жетекшілеріне видеомәлімдеме жариялап, оларды маусымда Швейцарияда өтетін конференцияға шақырды. Мәлімдеме Харьковте Ресей әскерінің соққысынан кейін өртенген типография ғимаратында жазылған.

Зеленский мәлімдемеде ағылшынша сөйлейді.

Өртенген ғимаратта мәлімдеме жасаған Зеленский "Олар өртегеннен ләззат алады. Олардың кім екенін білеміз. Ресейді адам өмірін құртып, қала мен ауылдарды қиратуды қалыпты нәрсе санайтын адамдар басқарып отыр" деді.

Оның сөзінше, Харьков "өкінішке қарай Ресей шекарасына тым жақын орналасқан" және "күн сайын Ресей оны С-300 ракеталарымен атқылап, авиабомбалар лақтырып жатыр".

"Бұл жаппай қырып-жоятын қару. Әлемнің кез келген қаласындағы кез келген адам мұны террор ретінде қабылдайды" деді Зеленский.

Зеленскийдің сөзінше, басқыншылыққа дайындалған кезде Ресей Украинаны жаңылдырған.

"Дәл сол себепті ғаламдық күш-жігер қажет - Ресей алдай алмайтын көшбасшылар қатысатын бейбіт саммит керек" деді ол. Оның айтуынша, бұл саммит "әлемге кімнің шынымен соғысты аяқтағысы келетінін көрсетеді".

Украина президентінің айтуынша, Ресей Харьковтің солтүстік-батысынан 90 шақырым жерге шабуылдау үшін тағы бір топ жасақтаған. Бұған дейін Ресей Сумы облысына соққы жасауға дайындалып жатқан болуы мүмкін екенін Украина әскери барлау қызметі хабарлаған. 10 мамырда Ресей әскері Харьков облысында шабуылға көшіп, кейінгі бірнеше күнде мүлде тоқтамаған.

Зеленскийдің айтуынша, шамамен 80 ел Швейцарияда 15-16 маусымда өтетін "бейбітшілік саммитіне" қатысатынын растаған. Ол әзірге шешім қабылдап үлгермеген мемлекет басшыларын саммитке келуге шақырды. АҚШ және Қытай басшыларына жеке қайырылды.

Осыған дейін Bloomberg агенттігі АҚШ президенті Джо Байден өзінің сайлау кампаниясына қаражат жинау шарасына қатысу үшін Швейцариядағы саммитке қатыспайтынын жазған.

Қытай билігі әзірге Швейцариядағы кездесуге баратынын-бармайтынын хабарлаған жоқ. Алайда 23 мамырда Қытай мен Бразилия ортақ мәлімдемесінде бейбітшілік келіссөзге Киев пен Мәскеудің қатар қатысуы маңызды екенін атап өткен. Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И мен Бразилия президентінің бас кеңесшісі Селсу Аморим қол қойған мәлімдемеде мұндай келіссөз "Украина дағдарысын шешудің жалғыз маңызды амалы" деп атап көрсетілген.

Швейцария әлемнің 160-тан астам елі мен халықаралық ұйымдарды шақырған. Шақырылған елдер арасында Ресей жоқ. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеу процесті бұзғанын қаламаймыз деген. Оның сөзінше, Ресей өкілдері келесі кезеңге шақырылуы мүмкін.

Ал Мәскеу өз кезегінде Швейцарияға "шақырылған күннің өзінде қатыспайтын едік" деп мәлімдеді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей Украинаның "бейбітшілік формуласын" талқылауға дайын емес деп мәлімдеген. Украина орыс әскері Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған аумағынан шығарылмай келіссөзге бармайтынын айтқан еді.

XS
SM
MD
LG