Ресей сарапшылары орбитаға тыңшы спутник шығаратын Солтүстік Кореяның зымыран тасығышын ұшыруға дайындыққа қатысып жатыр. Оңтүстік Кореяның барлау қызметі осылай деп хабарлады. Бұл – Мәскеу қосылған халықаралық санкцияларға қайшы әрекет.
Солтүстік Кореяға ресейлік сарапшылар барғанын 26 мамырда Оңтүстік Кореяның "Рёнхап" агенттігі Сеулдің қорғаныс саласындағы жоғары лауазымды дереккөзіне сүйеніп хабарлаған. Оның сөзінше, 2023 жылы қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын кездескеннен кейін Ресей азаматтары Пхеньянның ғарыш саласындағы бағдарламасына қатыса бастаған.
Агенттік сөйлескен дереккөздің айтуынша, Солтүстік Корея ғалымдары ресейлік мамандар келген соң жұмыс стандарттарын көтеруге мәжбүр болған. Ақпаратқа қарағанда, Солтүстік Корея сынақты бұған дейін зымыран ұшырып көрмек болған жерде өткізіп жатыр.
Жапонияның "Киодо Цусин" агенттігі Солтүстік Корея билігі 27 мамыр мен 4 маусым аралығында зымыран ұшыруды жоспарлап отырғанын Токиоға ескерткенін хабарлады.
АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея шенеуніктері телефонмен сөйлесіп, Ким Чен Ынды бұл істі тоқтатуға шақыруға келіскен. Баллистикалық зымыран технологиясы қолданылатын кез келген әрекет БҰҰ қабылдаған қарарларға қайшы.
Ресей қосылған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкциялары Солтүстік Кореяға зымыран сынақтарын өткізуге тыйым салады. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Мәскеу Пхеньянға салынған санкция режимін бұзатын әрекеттерге барды деген айып үнемі айтылып келеді. Ресей билігі оны жоққа шығарады.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров қыркүйекте Ресей мен Қытайдың Солтүстік Кореяға қарсы санкциялардан бас тарту ниеті барын айтты. Оның сөзінше, олар "басқа геосаяси жағдай кезінде" қабылданған.
Наурызда Ресейдің БҰҰ-дағы өкілі Василий Небензя Солтүстік Кореяға қарсы санкция режимі "шындықтан алшақ" деп мәлімдеді. Мәскеу ұстанымы басқа болса да, ол БҰҰ қарарларын бұзбауға тиіс.
ПІКІРЛЕР