Accessibility links

Армениядағы наразылық кезінде 226 адамды полиция ұстады


Еревандағы митинг. Армения, 27 мамыр, 2024 жыл.
Еревандағы митинг. Армения, 27 мамыр, 2024 жыл.

Арменияның түрлі өңірінде Әзербайжанмен шекараны делимитациялау процесіне наразылық кезінде полиция 226 адамды ұстаған. Бұл туралы News.am армян ақпарат агенттігі елдің ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйеніп хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, полиция бөлімдерінде бос орын қалмаған. Ұсталғандар арасында Армения Ұлттық жиналысының депутаттары, елге танымал әншілер мен дәрігер бар. Бұған қоса, полиция "Отан үшін Тавуш" оппозициялық қозғалысы Армения премьер-министрі лауазымына ұсынған архиепископ Баграт Галстанянды ұстауға талпынған. Алайда наразылар оны әкетуге жол бермеді.

27 мамыр күні таңертең Арменияда наразылық басталды, оған жұртты Галстанян шақырды. Жексенбі күнгі митингіде оппозиция Галстанянды Армения премьер-министрі лауазымына ұсынған. Наразылар қазіргі үкімет басшысы Никол Пашинянның қызметтен кетуін талап етті. Галстанян шіркеудегі 30 жылдық діни қызметін тоқтата тұруды сұрап, саяси іспен емес, ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып жатқанын мәлімдеді.

Бүгін таңертең Галстанян өткен сенбіде уәде еткендей, Еревандағы жолды қара түсті жол талғамайтын көлікпен жауып қойды. Наразылар астанадағы тағы бірнеше көшені жапты. Бұдан бөлек, олар Ереваннан Армавир, Аштарак пен Севан қаласына дейінгі жолдарды, оған қоса Гюмриден келетін жолға тосқауыл қойды.

  • Әзербайжан мен Армения 1980 жылдың аяғынан бері қақтығысып келді. Екі ел арасындағы қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара және армян сепаратистер қолындағы Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған. Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта көбіне армяндар тұрған, соғыс кезінде бұл аймақ Бакуден тәуелсізбіз деп өзін өзі жариялап алған.
  • Таулы Қарабақ үшін екі ел арасында 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығыс болды. 2020 жылы күзде болған әскери қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алған. Ал 2023 жылы Баку жікшілдер бақылауда ұстап келген өңірді толық бағындырды. Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшкен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG