"Ешкімді сөкпеймін", – деді Украина президенті Владимир Зеленский 24 мамырда Харьковте журналистерге берген сұхбатында.
Зеленский "Кремльден жасқанып, халықаралық істерде Ресейді жақын тартып отыр" дегенде Орталық Азия елдері басшыларын ренжіткісі келмеген де шығар.
Бірақ ол өңір басшыларынан шілдеде Швейцарияда өтетін саммитке шақыруына жауап күткен сияқты. Украина Ресейден Киевке қарсы агрессиясын тоқтатып, БҰҰ жарғысына сәйкес, бейбіт келісімге келуді талап етіп отыр.
Бірақ Зеленскийдің мәлімдемесіне Орталық Азия жетекшілерінен жауап болған жоқ.
Бұл Орталық Азия басшыларының шынымен айтары жоқ дегенді білдіре ме?
– Бұл негізінен прагматизмнен туып отыр. Оның ішінде қорқыныш та бар, олар Ресейдің шамына тисек, Мәскеуден жауап реакция бола ма деп қорқады, – дейді Берлиндегі Карнеги орталығының Ресей мен Еуразияны зерттеп жүрген ғылыми қызметкері Темур Умаров.
Умаровтың айтуынша, жалпы картина Зеленский айтқаннан да қиын әрі қайшылыққа толы.
Украинада соғыс басталғалы, Орталық Азия елдерінің дипломатиясында әртүрлі өзгеріс болып жатыр. Өңірдегі өкілетті тұлғалар мен кей басшылар өз елін Мәскеу салған жолдан шығаратын мәлімдемелер мен іс-қимылдар жасай бастады.
– Бірақ олар Ресеймен байланыстың маңызын ойлап, өз режимдерінің қауіпсіздігі үшін Мәскеумен дос болу керегін түсініп отыр, – дейді Умаров. – Бұған дәлел ретінде соғыс басталғалы Ресей мен Орталық Азияның өкілетті тұлғалары арасында көп кездесу болғанын айта аламыз. Ресей президенті Владимир Путин өңірге ресми сапармен келді, таяуда ғана Өзбекстанға барды.
РЕСЕЙ ӨЗБЕКСТАНҒА ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ЫҚПАЛЫН АРТТЫРДЫ
Путиннің Өзбекстанға сапары шынымен екі мемлекет үшін де маңызды болды.
Әуелгіде мемлекеттік сапар 26-27 мамыр болады жоспарланған, бірақ, Мирзияевтің баспасөз хатшысы Шерзода Азадованың айтуынша, қос басшы түнгі 3-ке дейін сөйлесіп, келесі күні келіссөз тағы жалғасқан.
Путин сапарының басты жаңалығы – ресейлік "Росатом" компаниясының Өзбекстанда атом электр станциясын салатынын жариялауы болды. Бұл – көптен жоспарланған, біраз қысқарған жоба. Мирзияев АЭС жобасын "өмірлік маңызы бар" жобаға балаған.
АҚШ Конгресінде "Росатомға" қарсы санкция салу туралы заң жобасы талқыланып жатқанына қарамастан, Өзбекстанда 350 мегаваттық станция құрылысы туралы келісімге қол қойылды. Росатом – осыған дейін АҚШ, Еуроодақ пен Украина назарына ілінбеген ірі компания.
Бұл жоба Ресейдің Орталық Азиядағы халқы ең тығыз орналасқан мемлекет – Өзбекстанға энергетикалық ықпалы артып келе жатқанын көрсетеді. Путин "Газпром" Өзбекстанға газ сатуы 4 есе арттырып, келер жылы экспорт көлемін 11 миллиард текше метрге жеткізетінін хабарлады.
Орталық Азия бойынша журналист Питер Леонард "Өзбекстанның энергетикалық қажеттілігі елді Ресей орбитасынан шығармай отыр" деп есептейді.
– Шын мәнінде [Мирзияевте] таңдау жоқ, – деп жазды Леонард Havli ақпараттық бюллетенінде.
Леонардтың пікірінше, өткен айдың аяғында Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Орталық Азияға келгенде, 5 мемлекет басшысының ішінен Мирзияев қана еуропалық әріптесімен кездескен жоқ.
Кэмерон өңірге келердің алдында Өзбекстан президенті бір апталық демалысқа шығып кетті. Кремльді жақтайтын ресейлік ақпарат құралдары мұны жарыса жазды. Бірақ өзбек басшысы 7 мамырда Венгрияның бас дипломаты Петер Сийяртомен кездесуге уақыт тапты.
9 мамырда Орталық Азия басшылары мен Беларусь президенті Александр Лукашенко Мәскеуге әскери парадқа барды. Ресей жыл сайын Совет Одағының нацистік Германияны жеңген күнін салтанатты түрде атап өтеді.
ҚАЗАҚСТАН ШЕ?
"Орталық Азия басшылары Кремльден жасқанады" деген пікірталасқа Өзбекстан жақсы мысал бола алады. Осы елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов 2022 жылы парламентте Украина туралы пікір айтқаннан кейін қызметінен кеткен еді.
Лауазымды шенеунік парламентте Украинаның "тәуелсіздігін, егемендігі мен жерінің тұтастығын" қолдап сөйлегеннен кейін денсаулығына байланысты отставкаға кетті деген хабар тарады. Кейін Камилов Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ресейдің бақылауындағы Донецк және Луганск облыстарының "тәуелсіздігін" мойындамау және зомбылықты тоқтатуға шақыру – Орталық Азия шенеуніктері тарапынан жасалған соғыс туралы ең батыл мәлімдеме болды. Әдетте Өзбекстанға мұндай батылдық тән емес.
Жағдайды бақылап отырғандар Камиловтың қызметінен босатылуын Мәскеудің ашуын басуға тырысу деп түсінді. Әлде Өзбекстан бір жағынан Путиннің көңілін жайлап, екінші жағынан Батысқа белгі беріп отыр ма?
– Орталық Азия мемлекеттері Ресейден жасқануы мүмкін. Бірақ олар Батыс елдерінің экономикалық санкцияларынан да қорқады. Олардың осыған дейінгі стратегиясы екі жағдайды да болдырмауға тырысу болды, – дейді Умаров.
Қазақстан президенті соғыс туралы мәлімдемесінде Өзбекстаннан асып түсті. Бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруін ашық сынаған жоқ.
Зеленский Ресей бомбасынан қираған Харьковте отырып берген сұхбатында Орталық Азия басшыларына таразы басын тең ұстау жетпей отырғанын айтты. Бұл қазақ дипломаттарына ұнамауы мүмкін, өйткені Астана бірнеше рет тараптарды соғысты тоқтату жөнінде келіссөз бастауға шақырған.
Бірақ энергетика мәселесіне келгенде, Қазақстан да Ресейге тәуелді. Қазақстан мұнайының төрттен үш бөлігін Ресей арқылы экспорттайды. Украинада соғыс басталғалы мұнай құбырының жұмысы бірнеше рет тоқтаған. Қазақстанның өзінде де энергия тапшылығы – көкейкесті мәселе.
Өзбекстан сияқты Қазақстан да АЭС салуды жоспарлап отыр. Астана нысан құрылысын бірнеше елдің компанияларынан құралған консорциумға бергісі келеді, "Росатом" жобаны өзі алуға ұмтылып жатыр.
Совет Одағы кезіндегі ядролық сынақтардан кейін, Қазақстанда АЭС салу – даулы мәселенің бірі. Тоқаев бұл мәселені жалпыхалықтық референдум арқылы шешуге уәде берген.
Қазақстандық шенеуніктер Ресей газын өз жері арқылы Қытайға тасымалдауға рұқсат беру мәселесін талқылап жатыр. Газдың бір бөлігі Қазақстанның қажетін өтеуге жұмсалады.
Қырғыз энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауовтың есебінше, Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағының өзіне жылына шамамен10 миллиард текше газ керек.
ҚЫТАЙДЫҢ РӨЛІ
Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресей өңірдегі екі ірі мемлекетке осылай ықпал етіп отырса, басқаларының жайы айтпаса да түсінікті дейді.
– Өзбекстан мен Қазақстанда энергия тапшылығы болса, Қырғызстан мен Тәжікстан Ресейдегі еңбек мигранттарынан келетін ақша аударымдарына тәуелді. Түркіменстанға Ресеймен сауда керек. Ресейдің барлық елге ықпал ету тетігі бар, – дейді Сәтпаев.
Сарапшының сөзінше, Орталық Азия елдерінің Ресеймен авторитар саяси болмысы да ортақ.
– Мәселе олардың өзін Зеленскийге қарағанда, Путинге ұқсататынында емес. Олар өздерін Си Цзиньпинге ұқсатады. Сондықтан Зеленскийдің айтқаны дұрыс, – дейді сарапшы.
Кремль алдындағы қорқыныш туралы сөз болғанда, Қытайдың рөлін де ұмытпау керек.
2008 жылы Орталық Азия елдері Ресей қолдайтын Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындаудан бас тартқанда көп адам таңғалған.
Бірақ олар Қытайдың позициясын қайталады. Пекин Шанхай ынтымақтастық ұйымынан бастап көп одақта Ресейдің Грузиядан бөлінген аумақтарды легитимизациялауына жол бермеді.
Орталық Азия елдерінің бірауыздан Украинаның шығысындағы Мәскеу тартып алған территорияларды мойындамауы да Қытайдың позициясымен байланысты.
Қытай осыған дейін Украинаның өзін соғысқа тарту амалдарына жауап бермеді. Өйткені Пекин Мәскеумен дос болып отыр.
Осы аптада Қытай сыртқы істер министрінің баспасөз хатшысы Мао Нин Пекин халықаралық бейбітшілік конференциясын қолдайтынын айтты. Ол Зеленскийдің Пекинді 15-16 маусымда өтетін саммитке шақыруына осылай жауап берді.
Бұл саммитке Ресей қатыспайды. Бейбітшілік конференциясына Қытай да бармаса, Орталық Азия елдерінің жиынға қатысу мүмкіндігі азаяды.
– Украинада соғыс басталғалы Қытай мен Ресейдің жақындасуы Орталық Азия елдерін Батысқа қарсы күштің бір бөлігіне айналдыруды көздейтін қысымды күшейтеді. қазір Украина Батыспен өте тығыз байланыста, – дейді Сәтпаев.
ПІКІРЛЕР