Accessibility links

Грузия парламентінің спикері қарсылыққа қарамастан "шетел агенті" заңына қол қойды


Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвили
Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвили

Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвили "Шетел ықпалының ашықтығы" заңына қол қойды. Бұл құжат Грузияда және Батыста Ресейдің "шетел агенті" заңының көшірмесі деп сыналған еді. Бұл туралы бүгін, 3 маусымда "Эхо Кавказа" хабарлады.

Бұл заңға Грузия оппозициясы қарсы дауыс беріп, елде оппозиция жақтастары наразылыққа шыққан еді. Батыс елдері де заң жобасын сынға алған. Грузия президенті Салом Зурабишвили заңға вето қойған еді. Бірақ биліктегі "Грузия арманы" партиясы заңды қайта қолдап, ветоның күшін жойды.

Жаңа заң тамыз айынан бастап күшіне енбек. Заңға сай, 2023 жылы табысының 20 пайызын шетелден алған медиалар мен үкіметтік емес ұйымдар арнайы регистрде тіркелуі тиіс. "Эхо Кавказ" сайтының жазуынша, бұл талапқа Грузиядағы батыс ұйымдарымен бірбасылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың көбі енеді.

Ал заң жобасының авторлары құжатта репрессия жоқ, тек коммерциялық емес сектордағы ұйымдардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді дейді. Олар заң жобасы Ресейдің емес, АҚШ-тың заңына ұқсайды деген.

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Вашингтон заң қабылданғанына байланысты Грузиямен қарым-қатынасты қайта қарайтынын мәлімдеді. Еуропа одағына мүше бірнеше ел Грузияның ЕО-ға кандидат статусын қайтарып алуды, Грузияға визасыз режимді жоюды ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG