Accessibility links

Ұшақ апатынан үш күн өткенде Тоқаев жиналыс өткізіп, "арандату мен фейктерге жол бермеуге" шақырды


Azerbaijan Airlines ұшағы құлаған орында жүрген полицейлер. 27 желтоқсан 2024 жыл.
Azerbaijan Airlines ұшағы құлаған орында жүрген полицейлер. 27 желтоқсан 2024 жыл.

38 адам қаза болған Ақтаудағы ұшақ апатынан үш күн өткенде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада шенеуніктермен жиналыс өткізді.

ТМД елдері басшыларының бейресми жиыны мен Еуразия экономика ұйымы жетекшілерінің кездесуіне қатысып, Ресейден оралған Тоқаев Ақтаудағы апаттан қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.

Ол жедел көмек көрсету құрылымдары апат кезінде шұғыл әрі үйлесімді әрекет еткенін айтып, апаттың салдарын жоюға атсалысқан адамдарды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.

Ол үкімет комиссиясы мен бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізу міндетін жүктеді. Одан бөлек, "ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу маңыздылығын" айтты, бірақ оның мәнін түсіндірмеді.

Ұшақ апатын зерттеп жатқан Қазақстан билігі оқиғаға не түрткі болғанын ресми түрде жарияламады.

"Росавиация" бастапқыда "ұшаққа құстар соғылып, апат содан болуы мүмкін" деп хабарлаған еді. Авиация сарапшылары оған күмән келтірген. Батыс сарапшылары Әзербайжан билігіндегі дереккөздерге сүйене отырып, ұшақ апатына "құрлық-әуе" санатына кіретін ресейлік ракета түрті болуы мүмкін деп болжаған. Дереккөздің айтуынша, ракета Грозный әуесінде дронға қарсы режим күшінде болған кезде ұшырылған, снаряд ұшаққа жақын жерде жарылып, сынықтары салонға тиген.

25 желтоқсанда Ақтау маңына құлаған Әзербайжан әуе компаниясының ұшағында болған 67 адамның 38-і қаза болды. Олардың арасында Қазақстанның алты азаматы бар. Аман қалған 29 адам ауруханаға түскен. Апаттан зардап шеккен 9 ресейлік және 14 әзербайжан азаматы 26 желтоқсанда арнайы бортпен елдеріне әкетілген. Қазір Ақтаудағы ауруханада үш қырғыз және үш әзербайжан азаматы емделіп жатыр.

Апатты тергеу жөніндегі Қазақстан үкіметі комиссиясының жетекшісі, вице-премьер Қанат Бозымбаев 26 желтоқсанда кешкі брифинг кезінде "барлық нұсқаны растай да, жоққа да шығара алмаймыз" деген.

Бір күн бұрын Росавиация Azerbaijan Airlines ұшағы 25 желтоқсанда таңертең Грозныйға қонбақ болған кезде қала төбесінде "кілем" режимі күшінде болғанын растап, барлық әуе кемелері қауіпті аймақтан кетуі тиіс болғанын жеткізді.

26 желтоқсанда әзербайжан парламентінің депутаты Расим Мусабеков "Ресей ұшақ апаты үшін кешірім сұрауы керек" деген еді.

27 желтоқсанда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Бакудың кешірім сұрауы керек деген мәлімдемесін көргенін, бірақ апаттың себебін анықтау бойынша тергеу аяқталмайынша түсініктеме бере алмайтынын айтты.

27 желтоқсанда Azerbaijan Airlines апатқа дейін ұшаққа "сырт жақтан физикалық және техникалық әсер" болған. Компания алдын ала нәтижелер осылай көрсетті деп мәлімдеген. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Әуе компаниясы тергеу аяқталғанға дейін Ресейдің 10 қаласына ұшуды тоқтатқанын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG