Accessibility links

Қырғызстан Украинаның "бейбітшілік саммитіне" қатыспайды


Қырғызстан министрлер кабинеті басшысының орынбасары Еділ Байсалов.
Қырғызстан министрлер кабинеті басшысының орынбасары Еділ Байсалов.

Қырғызстан 15-16 маусымда Швейцарияда өткелі отырған Украинаның "бейбітшілік саммитіне" қатыспайды. Бұл жөнінде Қырғызстан министрлер кабинеті басшысының орынбасары Еділ Байсалов Deutsche Welle агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Байсаловтың сөзінше, қырғыз тарапы "бұл ақылға сыймайтын жағдайды тоқтатуды белсенді түрде қолдайды". Ол "Бішкек Мәскеуге экономикалық санкцияларды айналып өтуге көмектесуге мүдделі емес" деді.

"Украина тарапымен ұзақ уақыттан бері тығыз байланыстамыз. Мемлекет басшысы басынан бастап Украинаға да, Ресейге де бірдей қарайтынымызды мәлімдеді. Екеуі де бізге жақын мемлекеттер", – деді ол.

Байсалов Қырғызстан "бейбітшілік саммитіне" неге қатыспайтынын Украинаға жеткізгенін айтып, "украин тарапы себептерімізді түсінеді" дейді.

"Біз әлі толыққанды екіжақты келіссөздер сатысына жеткен жоқпыз, біздің тікелей қатысқанымыз әзірге соншалықты құнды болмайды, Украина біздің ұстанымымызды қабылдады", – деді Байсалов.

24 мамырда Украина президенті Владимир Зеленский Харьковте Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан журналистеріне берген сұхбатында Швейцарияда өтетін "бейбітшілік саммитіне" Орталық Азия басшыларының қатысқанын қалайтынын мәлімдеген.

Қазақстан Киев шақырған саммитке қатысу мәселесін әлі қарастырып жатыр.

Швейцарияда өтетін саммитке қатысушылар Зеленский ұсынған "бейбітшілік формуласы" мен басқа да мәселелерді талқылайды. Швейцария сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, саммитке 160-тан астам делегация шақырылған. "70-тен астам мемлекет бейбіт конференцияға қатысатынын растады, олардың басым бөлігі – мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде" деп хабарлады министрлік.

Олардың арасында Еуроодақ, "Үлкен жетілік", ҰҚШҰ елдерінің өкілдері бар екені белгілі. Саммитке Мәскеуді шақырмады. Ресей шақыру алған жағдайда да кездесуге қатыспайтынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG