Accessibility links

Қазақстан билігі ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қарамақ


ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) символы бейнеленген матаны жамылып отырған адамдар. Көрнекі сурет.
ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал, трансгендер) символы бейнеленген матаны жамылып отырған адамдар. Көрнекі сурет.

9 маусымда Қазақстанда ЛГБТ насихатына қарсы петицияға 50 мың адам қол қойды. Мәдениет және ақпарат министрлігі өтінішті қарауға қабылдағанын хабарлады.

"Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі тараптарды, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық бірлестік өкілдерінен жұмыс тобын құрады. Петицияны қарау заң талаптарына сай өтеді" делінген министрліктің баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Өзін қоғам белсендісі деп таныстырған петиция авторы Бағила Балтабаева елде жынысы бір адамдар қарым-қатынасы жан-жақты насихатталып жатыр деп есептейді. Оның пікірінше, ЛГБТ өкілдері "дәстүрлі құндылықтар мен салт-дәстүр ұстануды ескі заманның қалдығы, мешеулік белгісі деп таниды".

"Біз Қазақстан Республикасындағы ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз" деп аталатын петицияда ЛГБТ "қасірет" деп сипатталған.

Бағила Балтабаева – "Қазақстандық ата-аналар одағы" бірлестігінің өкілі. Былтыр бұл ұйым Семей театрындағы қойылымда "гомосексуализм пропагандасы бар" деп тапқан. Әлеуметтік желідегі шудан соң қойылым көрерменге жете алмай қалды.

Биыл сәуірде мәжілістің бірнеше депутаты ЛГБТ тақырыбын қозғаған фильмдерге тыйым салуды, оны насихаттағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынған. Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан "Масс-медиа туралы" заңға БАҚ-қа ЛГБТ өкілдері туралы жазуға тыйым салуды қарастыратын түзету енгізуді ұсынған. Белсенділер мен сарапшылар мұны "көрші Ресейдегі ЛГБТ-ға тыйым салған заңды қайталау" деді.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер "ЛГБТ насихатына қарсы" деген ұранмен қабылданатын заңдар мен шараларды адам құқығын бұзу әрекетіне жатқызады. Құқық қорғаушылар мемлекеттің мұндай әрекеті Қазақстанның зайырлы мемлекет деген статусына, халықаралық беделіне нұқсан келтіреді дейді.

Биыл ақпанда мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТК+ тақырыбындағы Selftanu.kz сайтын бұғаттады. Министрліктің интернет-ресурстарды тексеретін парақшасында сайт "баланың денсаулығына, рухани және адамгершілік тұрғысынан дамуына зиян келтіретін ақпарат жариялағаны үшін" бұғатталды деген.

Еуропарламент 2021 жылы қабылдаған қарарында Қазақстанда ЛГБТ азаматтарды "әлі күнге дейін алалайтыны" жазылған. Құқық қорғаушылар бұған алаңдайтынын айтып, жекелеген жайттар бойынша Астананы адам құқығының сақталуын бақылауға үндеген.

Былтыр Қазақстанда "Қоғамдық бақылау туралы" заң қабылданды, оған сәйкес, 50 мыңнан астам дауыс жинаған петицияны үкімет 40 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.

2022 жылы желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын заңға қол қойған. 2023 жылы Ресей Жоғарғы соты ЛГБТ-ны және феминитивтерді ЛГБТ-ға қатысы бар деп, экстремистік топ деп таныған. Ресейде кемпірқосақ түстерін қолданғаны үшін сотталып жатқандар да бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG