Accessibility links

Ұлыбритания да Мәскеу биржасына санкция салды


Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы валюта айырбастау пункті алдында тұрған адам. 13 маусым, 2024 жыл.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы валюта айырбастау пункті алдында тұрған адам. 13 маусым, 2024 жыл.

Ұлыбритания Ресейдің Мәскеу биржасына, Ұлттық клиринг орталығы мен Ұлттық есеп айырысу депозитарийіне санкция салды. Мұндай ақпаратты Ұлыбритания үкіметінің сайты жариялады. Бірер күн бұрын АҚШ қаржы министрлігі Мәскеу биржасын санкцияның жаңа тізіміне енгізген еді.

Мұндай шара қолдануға осы ұйымдардың Ресей үкіметінің экономикадағы стратегиялық маңызды салалардан пайда табуына септескені түрткі болды.

Бұдан бөлек, "СПБ Биржа", "Мурманск СПГ", "НОВАТЭК-Мурманск", "Русхимальянс", "Ингосстрах" компаниясы, Қазан және Тамбов оқ-дәрі зауыттары да санкцияға ілінді.

Тізімдегі жеке тұлғалар қатарында Мәскеу биржасы басқармасының төрағасы Юрий Денисов, S8 Capital иесі Армен Саркисян және Шешенстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі және ресейлік Danone компаниясының басшысы Якуб Закриев бар. Санкция тізіміне жеті жеке тұлға мен 35 компания енген.

Мәскеу биржасы АҚШ қаржы министрлігі салған санкцияға байланысты 13 маусымнан бастап доллар мен еуро саудасын тоқтататынын мәлімдеді. Ал Ресей Орталық банкі АҚШ долларына байланған Гонконг долларымен сауда-саттықты тоқтатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG