14 маусымда Ресей президенті Владимир Путин "Украина Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарындағы әскерін толығымен шығарып, НАТО-ға кіруден бас тартқанын мәлімдесе ғана Мәскеу атысты тоқтатады және бейбіт келіссөздер бастауға дайын болады" деп мәлімдеді.
"Егер Киев шарттарды орындаса, Ресей атысты дереу тоқтатады" деді Путин Ресей сыртқы істер министрлігі басшылығымен кездесуде.
Путин "Киев бейбіт келісімге келем десе Ресей аннексиялаған Қырым мен Украинаның төрт аймағын халықаралық түрде мойындау керек және Украина ядролық қарудан бас тартуы қажет" деп отыр. Ресей президенті "Батыс елдері Мәскеуге салған санкциялардың бәрін алып тастауға тиіс" деді.
Путин 2022 жылы Украинаға ұсынған бейбіт келісімде (2022 жылы көктемде Стамбулда өткен келіссөз) Запорожье мен Херсон облыстары туралы талаптар болмағанын, бірақ қазір Мәскеу олардан бас тартуға дайын емес екенін айтты. Путин "Украина мен оны қолдайтын Батыс елдері бұл шарттардан бас тартса, Мәскеудің талаптары тағы өседі деп сес көрсетті.
Путин шарттарын Швейцарияда өтетін "Бейбітшілік саммиті" алдында айтты. Оған қазірге дейін 90-ға жуық мемлекет қатысатынын растаған. Жиында Украина президенті Владимир Зеленскийдің "Бейбітшілік формуласы" деп аталатын Киевтің шарттарын талқылауы мүмкін деп отыр. Онда Ресей әскерін Украина аумағынан, соның ішінде Қырымнан шығару, Ресейді және оның әскери қылмыскерлерін халықаралық сотқа тарту, Мәскеуден репарация алу бар.
Халықаралық бірнеше бұқаралық ақпарат құралы Швейцарияда осы формуланың қысқа нұсқасы немесе сот пен репарацияға қатысы жоқ оның бірнеше бөлігі талқыланады деп хабарлады.
Дипломатиядағы дереккөздерге сүйенген Жапонияның NHK телеарнасы саммиттің алдын ала қорытынды мәлімдемесінде Ресей әскерін Украина аумағынан шығару және Украинаның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру туралы сөз жоқ деп мәлімдеді. Киев бұл туралы пікір білдірмеді.
Украина әзірше Путиннің мәлімдемелеріне жауап бермеді.
ПІКІРЛЕР