Жамбыл облысында әскерде жүргенде комаға түскен 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпатта оянды. Бірақ жағдайы әлі де ауыр. Бұл туралы оның ата-анасы әлеуметтік желіде хабарлады.
"Ішкі құрылысы әлі қалпына келген жоқ, емделіп жатыр. Комадан тұрғанының өзі бізге үлкен дәреже болып тұр" дейді сарбаздың анасы Жанна Жаналина әлеуметтік желіде жарияланған видеода.
Оның айтуынша, дәрігерлер Нұржігітті күніне 6-8 сағатқа медициналық седацияға ұйықтатады. Сол уақытта оған басқа ем-дом шаралар атқарады. Жаналинаның сөзінше, ұлы ояу болса, тыныш жатпай, қолы жыбырлап, түтікшелерді жұлып тастауға талпынады екен.
"Мені "таныдым" деп басын изеді. Қазір сөйлей алмайды, өйткені тамағында түтік тұр. Ес жиған күнде де бала әлі толық жазылған жоқ. Реанимацияда жатыр, жасанды тыныс аппараты (ИВЛ) қосулы тұр, әзірше өзі дұрыс демала алмайды. Ішкі құрылысының қызметін арнайы аппараттар атқарып жатыр" деді Жаналина Азаттыққа.
Айтуынша, қазір ұлының дәрілері мен емін қорғаныс министрлігі төлеп жатыр. Сарбаздың анасы Нұржігітке алда ұзақ оңалту ем-домы қажет болады дейді.
17 маусымда Нұржігіт Әбділпаттаны Қордайдан Алматыдағы әскери госпитальге ауыстырған. Сарбаз Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген.
Нұржігіт әскерге биыл мамырда алынған. Маусымның аяғында оның ант қабылдау рәсімі өтеді деп жоспарланған еді. Әскерге бармас бұрын Шымкенттегі "Авиценна" жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Демалыста Қостанайдағы үйіне қайтқанда әскерге өз еркімен барғысы келетінін айтқан.
Бұған дейін Жанна Жаналина әскердегі ұлына әлімжеттік жасалғаны жөнінде тергеушіден естігенін айтқан. Ішкі істер министрлігінің әскери тергеу басқармасы келісімшарт негізіндегі әскери қызметшінің үстінен "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қорғаныс министрлігі сарбаз емдеу мекемесіне түскенде оның денесінде көгерген іздер болмады деп хабарлаған.
Сарбаздың ата-анасы бұған дейін тергеуге келіспейтінін айтқан. Олар "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" бабы бойынша да іс қозғауды сұраған.
17 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеуді және кінәлі адамдарды жазалауды талап еткен. Президент қорғаныс министріне әскерде мұндай жағдайға жол бермеу қажетін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырған.
- 2022 жылы Қазақстан қорғаныс министрлігі бейбіт уақытта әскердегі өлімге жол бермейтін бағдарлама әзірлейтінін хабарлаған. Министр Руслан Жақсылықов әскери басшылармен жиын өткізіп, "бейбіт уақытта әскери қызметкерлердің жаралануы мен қаза болуына жол бермеу үшін барлық лауазымды тұлғалар іс-шара қолдануға тиіс" деген тапсырма берген.
- 2023 жылы қарашада Жақсылықов "сарбаздар суицидінің 99 пайызының әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ" деген. Министр әскердегі сарбаздар қазасын "адамның өз басындағы мәселемен" байланыстырған.
ПІКІРЛЕР