Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот 25 маусымда Ресейдің бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб басшысы Валерий Герасимовты тұтқындауға ордер берді.
Сот екеуін де Ресейдің Украинамен соғысы кезінде қылмыс жасады деп айыптаған. ХҚС бұған олардың азаматтық нысандарға соққы беруді басқарып, бейбіт тұрғындарға шамадан тыс зиян келтірген әскери қылмыстары себеп болды дейді. Халықаралық қылмыстық сот хабарламасында Украинадағы адамзатқа қарсы қылмыстар туралы айтқан.
ХҚС судьялары Шойгу мен Герасимовты шабуыл жасауға бұйрық бергені үшін немесе қол астындағы күштерді тиісті бақылай алмағаны үшін өздерін қылмыстық жауапқа тартуға жеткілікті негіз бар дейді.
Халықаралық қылмыстық сот Шойгу мен Герасимов 2022 жылғы 10 қазаннан 2023 жылғы 9 наурызға дейін Украинаның энергетика инфрақұрылымына жасалған зымыран соққыларына жауапты деп ұйғарған. "Ресей қарулы күштері сол уақытта Украинаның түрлі аймағындағы көптеген электр станциясы мен қосалқы станцияға соққы жасаған" деді сот.
Ресей Қауіпсіздік кеңесі ХҚС-ның Сергей Шойгуға шығарған шешімін "түкке тұрғысыз" деп атады.
Наурызда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей ХҚС шешімін мойындамайды деп айтты. "Біз Рим статутына қатыспаймыз, біз оны мойындамаймыз" деді Песков журналистерге.
Былтыр наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берген. Сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған.
12 мамырда Путин қорғаныс министрі Сергей Шойгуды қызметтен алды. Ол көп жылдан бері Путиннің ең жақын әрі сенімді адамы болып келді. Көбі Путин билігін Шойгуға сеніп қалдыруы мүмкін деп топшылаған.
ПІКІРЛЕР