Азаттық радиосы 1993 жылғы 25 маусым күні Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығына байланысты өткен еске алу кешінен репортаж, сұхбаттар әзірлеген. Ақынның туған күнінде Алматыда сол кездегі Алатау кинотеатрында өткен арнайы кеште Мағжанның "Батыр Баян" дастаны желісімен түсірілген Сіләмбек Тәуекелдің осы аттас көркем фильмінің премьерасы өткен. Фильмді әзірлегендер оны Мағжанның 100 жылдығына тарту деп атайды.
КӨЗІ ТІРІСІНДЕ ҚУДАЛАП, ӨЛГЕН СОҢ ҚАРАЛАҒАН
Мағжан Жұмабаев – сталиндік қуғын-сүргіннің қысымын өткеріп, қудаланып, ақыры 1938 жылы ату жазасына кесілген. Алайда оны соғыс жылдарынан кейін Магадандағы еңбек лагерінде көрдік дегендер де болған. Бұл туралы ілгерідегі эпизодтардың бірінде айтылған.
Мағжан "жылымық" жылдары ақталғанымен, оның шығармашылығын ақтау бертінге дейін созылған. Азаттық радиосында сақталған деректерге қарағанда, Мағжан – тірісінде қысымнан, өлген соң қаралаудан арылмаған ақын.
Жазушылар одағы жасақталар алдында Мағжанның "Алқа" қаламгерлер ұйымын құрмақ болғаны да большевиктерге ұнамаған.
Олар "Алқа" ұйымын құру талпынысын Алашорданы тірілту ретінде қабылдаған.
Мағжан Жұмабаев әуелде 1929 жылы Мәскеудің Бутырка түрмесіне қамалып, кейін 10 жылға сотталған.
Жазасын Карелияда, Архангельскіде өтейді. Атышулы Соловкидегі айрықша тәртіптегі лагерьде болады. Оған "контрреволюционер", "пантюркист", "ұлтшыл", "жапон тыңшысы" деген жала жабылады.
"АЛАТАУ" КИНОТЕАТРЫНДАҒЫ ШАРА
1993 жылғы 25 маусымға, ақынның туған күніне арналған Азаттық радиосының сол кезде Алматыдағы тілшілерінің бірі Едіге Мағауин әзірлеген хабары былай басталады.
"Маусымның 25-і күні Алматыдағы "Алатау" киносарайында Мағжан Жұмабаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ақынды еске алу кеші болып өтті. Бұл салтанатты жиынға Мағжанның өлеңдерін сүйіп оқитын оқырман қауым, ақынды күні кеше ғана таныған мектеп оқушыларынан бастап, студент жастар, орта буындағылар, аға буын өкілдері, Мағжанның өлеңдерін алғаш рет жас кезінде естіген, жатқа айтқан кемпір-шалдарға дейін қатысты. "Алатау" киносарайының кең залы толып кетті. Салтанатты кеште ақынның өзін көрмесе де, сөзін көкейінде түйген, жүрегінде сақтап келген ағаларымыз бен апаларымыз Мағжанды еске алып, сөз сөйледі. Мағжанның қарындасы Райхан Қалижанқызы Жұмабай, ақынның туған жиені, сол жиені болғаны үшін кезінде 10 жыл айдауда болған Серғазы Нұрмағамбетұлы, Мағжанның ұстазы және Алаш көсемі болған Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар Міржақыпқызы, осы жиын өтіп жатқан кезде Алматыда іссапармен жүрген, Мағжанның атын ести сала бар ісін тастап, осы жиынға жеткен Хасен Өралтай және басқа да азаматтар сөз сөйледі. Мектеп оқушылары Мағжанның өлеңдерін оқып, домбырамен өлең айтты. Кеш соңында Мағжанның "Батыр Баян" поэмасының желісімен түсірілген киноның тұсауы кесілді. Кеш соңынан жұрт біраз гуілдесіп, пікір алысып, тарамай тұрды. Осы мезетті пайдаланып тілшілеріміз бірнеше сұхбатты таспаға түсіріп үлгерген еді. Сол сұхбаттарды назарларыңызға ұсынамыз", – дейді Азаттық тілшісі.
Бұл хабар сұхбат берушілердің айрықша эмоциясын көрсетеді екен. Бір кезде қуғын-сүргіннің неше атасын көрген адамдардың бұлқынған, буырқанған қуанышы. Сенер-сенбестей жан лебізі.
"ҮШЕУМІЗ ҒАНА ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛДЫҚ"
Алғашқы сұхбатты Азаттық тілшісі Мағжанның қарындасы Райхан Қалижанқызынан алған. Райханның әкесі Қалижан – Мағжанның туған інісі. Кештен алған әсерін бөліскенде толқып тұрғаны байқалады.
"Тіпті осындай күнге жетеміз деп ойламап едім. Әйтеуір бір аты шығар деген үміт қана бар еді. Бірде жазушы Ғабит Мүсіреповтің қараңғы коридорда маңдайымнан сүйгені есімнен еш кетпейді. Сонда "жарық күнде осылай сүйетін күн болар ма екен?" деуші едім. Бүгін жүзге толған ағам 36 жасында қамалды да, 44 жасында қыршынынан қиылып кетті. Бұ дүниеде түк рахат көрген жоқ. Сондай аянышты тағдыр... Ол аз өмір сүрсе де, ойындағысын айтып үлгерген сияқты. Біз Мағжан ағамнан кейінгі екінші буын боламыз. Сол буыннан санаулы адам қалып отырмыз. Жамбылда Гүлханыс апам тұрады. Серік бауырым бар. Бастомарда – Сәлімжанның баласы Тасболат, Бурабайда Қаһарманның баласы Әділшах бар. Осылардың ішінде үшеуміз ғана жоғары білім алдық. Бәрімізді тағдыр бұршақтай шашып жіберді ғой. Қазіргі жастар 1937 жылғы халықтың қаймағын әкеткен қайғыны көрмесе екен", – дейді Мағжанның қарындасы Райхан Қалижанқызы.
Мұнда аты-жөні аталған Сәлімжан, Қаһарман – Мағжанның туған бауырлары.
МАҒЖАННЫҢ ЖИЕНІ БОЛҒАНЫ ҮШІН ЖАЗЫҚТЫ ҚЫЛДЫ
Советтік қауіпсіздік ұйымы өкілдері Мағжанды небәрі алты жасында көрген ақынның жиені Серғазы Нұрмағамбетовке де қысым көрсетіп, 26 жасында ұстап әкетіп қамаған.
"Менің жасым 83-те. 26 жарым жасымда Мағжан Жұмабаевтың туған жиені екенсің деп бір ауданның халық соты болып істеп жүрген жерімнен ұстап алып, Қарағанды облыстық НКВД-сінің түрмесіне салды. Сол кездегі Қылмыстық кодекстің 58-бабының оныншы тармағы [тыңшылық – Азаттық] және он бірінші тармағы [билікке қарсы белсенді күрес – Азаттық] бойынша айыптап, "Алашорданың белсенді мүшесісің" деп, сол айыпты мойындатуға айналды. Өзім сонда комсомол мүшесімін. Мен сонда "Мағжан нағашым екені рас дедім. Бірақ Мағжан – алты жасымда көргеннен кейін көрген кісім емес. Білім саласында жұмыс істеп жүргенде ауылдағы мектепті тексеріп, бір жұма біздің үйде жатып кеткені рас дедім. Менің мойнымда басқа қылмысым жоқ" деп едім, тергеуші оған қарамады. 15 тәулік ұйықтатпай күндіз-түні қинады. Ұрып-соқты. "Атып таста!" дедім. "Атпаймыз, мойныңа ал" дейді. Солай болуы керек болған соң, ақыры "Алашорда ұйымына мүше болғаным рас" деп мойныма алуға тура келді. Мені 10 жылға айдап жіберіп, соны 1946 жылы өтеп шықтым", – дейді Мағжанның жиені Серғазы ақсақал.
АБЫЛАЙДЫҢ СҰРАҒЫ
Осы кеште көрсетілген Сіләмбек Тәуекелдің "Батыр Баян" фильмінде жазушылар да актер болып ойнайды. Азаттық тілшісі сондай жазушының бірінен сұхбат алған. Фильмде Абылай хан рөлін ойнаған Сәтімжан Санбаев сол кезде тәуелсіздігін енді алған Қазақстанның жағдайына тиістіріп сөйлейді.
"Бұл – біздің Мағжанның 100-ге келген торқалы тойына тартуымыз. Абылай өзі басқарған елдің жер бетінде қандай мықты ел бар, солардың ортасынан өз орнын алса екен деп армандап кетті. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев "Батыр Баян" дастанында Абылайдың осы арманын әдемі көрсеткен. Сол арман қазақтың бірнеше буынының күресі мен ісіне айналды. Әлі де атқарылмақ іс бар. Абылайдың үш жүзден қалың қол жиналғанда "Уа, халайық, бізге жан керек пе, әлде жер керек пе?" деген сауалына әлі де жауап бере алмай келе жатқан сияқтымыз. Қазір тәуелсіз Қазақстан, егеменді Қазақстан деп жүрміз ғой, бірақ әлі шекара да ашық, ұлттық ақшамыз да жоқ. Елдің рухани мұрасы әлі түгенделген жоқ. Ұлттық сана-сезім процесіне де кірген жоқ. Сондықтан алда әлі талай атқарар жұмыстар бар. Ал кино көрермен көңілінен шығып жатса, біз де қуанамыз. "Біткен іске сыншы көп". Киноға өзімнің көңілім аса толмайды. Қаражат жағы да қиын болды. Соңына қарай тіпті қаражатымыз жетпей қалды", – дейді Сәтімжан Санбаев.
Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге 1993 жылы қараша айында ғана шыққан болатын.
1993 жылы Азаттық тілшісі Едіге Мағауин Мағжанның 100 жылдығына орай еске алу кешін ұйымдастырушылардың бірі, өзін Күлән апай деп таныстырған адамды да сөзге тартқан. Ол сол кездегі асқақ көңіл-күйін білдіріп, толқып сөйлеп сұхбат берген.
"Адамдардың жақсылыққа бет алғанын байқадым. Ұйымдастырушы ретінде жүгіріп жүрдік. Ұйымдастыруда айтарлықтай қиындық та болмады. Бірлікті аңсаған, жақсы орта іздеген адамдардың қауымын көрдім. Олар өздері бір-біріне тартылып, бір-бірін іздеп табысқандай болды", – дейді Күлән апай.
КЕШТІҢ КЕЗДЕЙСОҚ ҚОНАҒЫ
Мағжаны еске алу рәсімінде сөз сөйлегендер сол кештің маңызы, ақын Мағжанның, қайраткер Мағжанның әдебиет пен мәдениеттен алар орны жайындағы ой-пікірлерін бөліскен. Солардың бірі – Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің сол кездегі басшысы Хасен Оралтай. Ол сонда сөйлеген сөзінде Мағжанды еске алу кеші туралы кездейсоқ хабарландырудан біліп қалып, осы отырысқа тап болғанын айтқан.
Азаттық радиосының сол кездегі орталығы Мюнхеннен келіп, Алматыда іссапарда жүрген ол Мағжан өлеңдерінің бірнеше шет тіліне аударылғанын айтады. Хасен Оралтай Қазақстанда да Мағжан шығармалары жарық көре бастағанын, алайда бір кезде ол қуғындалған тұстағы опасыздықтың қайталанбауы керектігін ескертеді. Айтуынша, Мағжанның кейбір өлеңдері толық жарияланбаған. Сондай мысалдардың бірі ретінде Хасен Оралтай "Желе бер, жаным, қаракөк" өлеңін келтіреді. Бұл өлең "Жауынгердің жыры" атымен жарияланып жүр.
1993 жылғы 25 маусымда Алматыда "Алатау" кинотеатрында өткен Мағжанның 100 жылдығына арналған кеште ақынның өлеңдері оқылады, әндер шырқалады.
Осы мақалада қысқаша баяндалған оқиғалар жайлы толығырақ "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 66-эпизодында толығырақ мәлімет берілген. Бұл эпизодта Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған материалдар пайдаланылды.
Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.
ПІКІРЛЕР