Accessibility links

Путин: Ресей орта қашықтыққа ұшатын ракета шығаруды қайта бастауы керек


Совет кезінен қалған, орта қашықтыққа ұшатын СС-4 ракетасы.
Совет кезінен қалған, орта қашықтыққа ұшатын СС-4 ракетасы.

Ресей орта және қысқа қашықтыққа ұшатын ракеталар шығаруды қайта бастап, содан кейін оларды қайда орналастыру керектігі жөнінде шешім қабылдауы керек. 28 маусымда қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен өткізген жиында Ресей президенті Владимир Путин осылай деп мәлімдеді. Ол АҚШ ракеталарын "әлемнің түрлі аймағында" орналастырады дегенді алға тартып, бұл жайт "алаңдаушылық туғызады және реакцияны қажет етеді" деді.

Путиннің "шамасы, біз осы қару жүйесін шығаруды бастап, содан кейін нақты қалыптасқан жағдайға сүйене отырып, егер ол қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін қажет болса, оларды қайда орналастыру жөнінде шешім қабылдауымыз керек" деп айтқан сөзін ТАСС агенттігі таратты.

Путин АҚШ осындай ракеталарын Даниядағы жаттығуларға, оған қоса Филиппинге апарғанын айтты. Филиппинде орта қашықтыққа арналған ракеталарды ұшыратын қондырғыларды орнату жоспары барын бұған дейін АҚШ әскери күштері өкілдері мәлімдеген. Олар мұны аймақта тұрақтылықты нығайтуға септеседі деп түсіндірген.

Орта және қысқа қашықтыққа ұшатын қаруға – 500-ден 5500 шақырымға дейінгі жердегі нысанаға жететін және әдетте ядролық заряд тасымалдай алатын баллистикалық және қанатты ракеталар жатады. 1970-80 жылдары Совет одағы қару-жарақ қорын осындай ракеталармен толтырып, оған жауап ретінде АҚШ ракеталарын Еуропа құрлығына орналастыруы екі ірі держава арасындағы шиеленістің негізгі себептерінің бірі болды.

1987 жылы Вашингтонда АҚШ пен Совет одағы орта және қысқа қашықтыққа ұшатын ракеталарды жою туралы келісімге қол қойды. Келісім 2019 жылға дейін күшінде болды. Кейін АҚШ Ресейді 9M729 қару жүйесін орналастырып, келісімді бұзды деп айыптап, шарттың тоқтатылғанын мәлімдеді. 2019 жылдың тамызында Ресей СІМ келісім тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеді.

Сол шақта Путин егер АҚШ орта қашықтықтағы ракеталарын Еуропаға орналастыратын болса, онда Ресей де солай жасайды, бірақ Ресей Еуропада ондай қаруды бірінші болып орналастырмайды деп айтқан.

АҚШ пен НАТО Ресей өзі мәлімдеген мораторийді бұзып, іс жүзінде 9m729 ракеталарын орналастырып жатыр деп мәлімдеген. Батыс ол ракеталар 500 шақырымнан да алысқа ұшып жете алады дейді, Мәскеу оны жоққа шығарған.

Жұма күні Қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен өткен жиында Путин Мәскеудің орта және қысқа қашықтыққа арналған ракеталарды қайда орналастырмақшы екенін ашып айтпады. Маусымның басында Путин Пхеньянға сапары барысында Солтүстік Кореямен, оның ішінде әскери салада ынтымақтастық туралы шартқа қол қойған. Одан бұрын Путин АҚШ-тың Украина қарулы күштеріне Ресей аумағындағы нысаналарға шабуыл жасауға рұқсат беруіне жауап ретінде Мәскеу өз қаруын "әлемнің түрлі аймағына жеткізе бастауы мүмкін және сол аймақтарда әлгіндей ұстанымдағы елдердің нысандары нысанаға ілінуі ықтимал" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG