Accessibility links

WP: АҚШ Израиль мен Ливандағы "Хезболла" арасында жанжал болғанын қаламайды


Израиль мен Ливан шекарасындағы қақтығыс. 12 маусым, 2024 жыл.
Израиль мен Ливан шекарасындағы қақтығыс. 12 маусым, 2024 жыл.

Вашингтон Израиль мен АҚШ, Еуропа одағы және басқа да бірқатар елдерде террористік ұйым деп танылған ираншыл "Хезболла" тобы арасында Ливанда кең ауқымды соғыс тұтануына жол бермеуге тырысып жатыр. Америкалық шенеуніктер қақтығысты тоқтату туралы келісім әзірлеп жатыр. Бұл туралы өз ақпарат көздеріне сүйеніп The Washington Post жазды.

Газеттің дерегінше, президент Джо Байден әкімшілігінің қызметкерлері Израиль мен АҚШ пен Еуроодақ террористік деп таныған палестиналық "ХАМАС" тобы арасындағы келіссөздерге делдал болған Қатардан енді Израиль мен Ливан шекарасындағы қақтығысты реттеуге көмектесуін сұраған.

"Хезболла" 2023 жылдың қазан айынан бері Израильдің солтүстігіне үнемі шабуылдайды, ол Газа секторындағы ХАМАС-қа қолдауын осылайша білдіріп отыр. Ливандық "Хезболла" тобының өкілі The Washington Post газетіне Израиль мен ХАМАС арасында уақытша бітім жасалатын болса, онда "Хезболла" да шайқаста үзіліс жасайтынын айтқан.

Осы аптаның басында АҚШ-қа барған кезде Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант Израиль Ливанмен соғысқысы келмейтінін, бірақ кез-келген жағдайдға дайындалып жатқанын айтқан.

"Хезболлаға" қарсы операция болуы ықтимал деген хабарлар тарап жатқан тұста британдық Middle East Eye ақпараттық-талдау сайты АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздеріне сүйеніп, егер Вашингтон Израильге қолдау танытатын болса, онда Ресей қақтығысқа араласуы мүмкін деп хабарлады.

"Мәскеу Таяу Шығыста әскери ықпалын арттыру мүмкіндігін Украинаны қолдап отырған АҚШ-қа қысым шарасы ретінде қарастырады", – деп жазады басылым.

Сонымен бірге, The Washington Post газеті сөйлескендердің бірі Израиль АҚШ-тың қолдауына толық сенімді болмайынша «Хезболлаға» шабуыл жасамайтынын айтқан. Бұған дейін басылым Галант Вашингтонға сапары кезінде Израильге қару-жарақ жеткізу кестесіне қатысты барлық мәселені шеше алды деп жазған еді.

Бұдан бөлек, Галант Ақ үйге Газа секторындағы соғыстан кейінгі қоныстану жоспарын ұсынған. Жоспарда секторды 24 әкімшілік округке бөлу және АҚШ-тың қамқорлығымен оны бақылауға алатын халықаралық Араб коалициясын құру көзделген.

Бұл жоспар тіпті ХАМАС террористік тобы АҚШ-тың атысты тоқтату және кепілге алынған адамдарды босату туралы ұсынысынан бас тартса да жүзеге асырылады деді басылымға сұхбат беруші.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG