Ақтөбе қаласы мен оған жақын елдімекендерде 1 шілдеден бастап автогаздың бір литрі 59 теңгеден сатылып жатыр. Ал облыс орталығы Ақтөбеден 200 шақырымнан әрі аудандар мен ауылдарда 64 теңге болды. Яғни, сұйытылған газдың бағасы Ақтөбе облысында 5 теңгеге қымбаттаған.
1 шілде Ақтөбеде автогаз тапшылығы байқалды. Сұйытылған газ сататын бекеттердің басым көпшілігінде "газ жоқ" деп жазылған тақтайша ілулі тұр. Автогаз сатып жатқан бірен-саран бекеттен ұзынсонар көлік кезегін байқауға болады.
Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, автогаз энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес қымбаттаған. Ал Ақтөбе облысындағы сұйытылған газ тасымалдаушылар қауымдастығының төрайымы Алтынай Мұқанова "газ өндіруші бағаны 12 пайызға өсіргенін" айтады
- Газ өндіруші бекіткен бағаға қарамастан Ақтөбе облысындағы автогаз сатушы кәсіпкерлер бағаны 9 пайызға ғана қымбаттатты. Яғни, сұйытылған газдың саудасынан кәсіпкерлер пайда емес, зиян шегіп отыр. Мұнай кенішінің іргесінде отырып, қымбатшылыққа жол берілгеніне, әрине, наразымыз. Әдетте газ бағасы өзгергеннен кейін азық-түлік пен басқа да тауарлар қымбаттайды. Өйткені облыстағы автокөліктердің 60 пайыздан астамы сұйытылған газбен жүреді, - Мұқанова.
"Газ және газбен жабдықтау туралы" заңға сәйкес, Қазақстан энергетика министрлігі өндіруші зауыттар үшін сұйытылған газдың көтерме сауда бағасын белгіеп берген. Ақтөбелік кәсіпкерлер 2024 жылғы 1 шілдеге дейін сұйытылған газдың бір тоннасын зауыттан мемлекет бекіткен бағамен, яғни 45158 теңгеден сатып алып келген. Қазір газдың бір тоннасы - 54 189 теңге.
Кешелі бері Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы байқала бастады. Мұны Мұқанова Ақтөбе облысына әлеуметтік газдың аз бөлінуімен байланыстырып отыр.
- Облыстың ай сайынғы қажеттілігін толық өтеу үшін 14-16 мың тонна автогаз керек. Жаз кезінде сұраныс тіпті артып кетеді. Транзит көліктер де көбейе түседі. Соған қарамастан маусым айында облысқа 10 мың тонна сұйытылған газ бөлінді, - дейді Мұқанова.
Әкімдіктің мәліметінше, маусым айында облысқа 10 031 тонна әлеуметтік газ бөлінген. Шілде айының жоспары - 10 960 тонна. "Жазда газға сұраныс артады. Тапшылық осыдан туындап отыр" деп мәлімдеді Ақтөбе әкімдігі.
Қазақстандағы газдың басым бөлігі өндірілетін батыс аймақтың тұрғындары бағасы салыстырмалы түрде арзан болғандықтан автокөлікке сұйытылған газ құяды. 2022 жылғы қаңтарда Жаңаөзен қаласында жұрт сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы шығып, бұл наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдаған еді. Қаңтардағы бейбіт наразылық соңы қантөгіске ұласып, кемі 238 адам мерт болды. Сарапшылар мен үкімет сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсылық пен 5 қаңтардан кейінгі тәртіпсіздікті екі бөліп қарастырады.
ПІКІРЛЕР