Accessibility links

ҰҚК ШЫҰ саммиті кезінде бірнеше қалада террорлық қауіптің "сары деңгейін" енгізді


Ақорда маңында жүрген полицей. Бейтарап сурет.
Ақорда маңында жүрген полицей. Бейтарап сурет.

ҰҚК Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті кезінде Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетау қалаларында террорлық қауіптің "сары деңгейін" енгізді. Бұл шара 2-5 шілдеде аралығында болады.

Саммитке байланысты кейбір аумақтарда көлік пен адамдардың жүруіне шектеу қойылады. Көшелерде, алаңдарда, стадиондарда, скверлерде, саябақтарда, магистральді теміржол желілерінде, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, әуежайларда, метрода, бұқаралық іс-шаралар өтетін орындарда күзетті күшейтеді.

Астана мен Алматы қалаларында, Ақмола мен Қарағанды облыстарында саммитке қатысушылар жүретін жолдарға да шектеулер қойылмақ.

"Арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысына түсінікпен қаралауларыңызды және олардың қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауды сұраймыз" деп мәлімдеді ҰҚК.

Астанадағы саммитке 16 елдің басшылары мен өкілдері қатысады. Олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзірбайжан, Катар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан. Саммитке БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те келеді. Саммитке қатысатындар арасында Ресей президенті Владимир Путин, Қытай басшысы Си Цзиньпин, Түркия президенті Режеп Ердоған бар.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммит "Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу" деген тақырыпта өтетінін айтқан. Бұл жиын Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы жалғасып жатқан тұста өтпек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG