Accessibility links

Қытайдың CNPC компаниясы Шымкент мұнай өңдеу зауытына инвестиция салмақ


Шымкент мұнай өңдеу зауыты.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты.

Қытайдың China National Petroleum Corporation (CNPC) компаниясы Шымкент мұнай өңдеу зауытына инвестиция салмақ. Бұл жайлы Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен CNPC компаниясы директорлар кеңесінің төрағаы Дай Хоулянмен кездесуінде айтылды.

Премьер-министрдің сайты кездесуде "Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жөніндегі бірлескен жобаға ерекше назар аударылды" дейді. Ақпаратқа қарағанда, Қытай компаниясы Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізат көлемін жеткілікті қамтамасыз ету және Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларын кеңейтуге инвестияция салады.

Бектенов бірлескен кәсіпорындар табысты әрі экономикалық жағынан тиімді екенін айтқан.

"Біз Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Біздің барлық жобаларымызды іске асырудағы басымдықтардың бірі – жергілікті қамту мәселелері" деген премьер министр.

Қытай билігіне қарайтын CNPC Қазақстанның мұнай-газ саласындағы көптеген ірі жобаға қатысады. Ресми БАҚ-тың мәліметінше, Қазақстанда CNPC кор­по­ра­ция­сының қатысуымен жеті мұнай өңдеу жобасы, екі мұнай құбыры, екі газ құбыры, бір мұнайды қайта өңдеу зауыты мен темір құбырлар шығаратын бір зауыт жұмыс істейді. Корпорация сонымен бірге "ҚазМұнайГазбен" бірігіп, "СНПС-Ақ­тө­бе­мұнайгаз", "ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз", "Маңғыстаумұнайгаз", Азия­ газ құбыры, Қазақстан – Қы­тай құбыры сияқты бірқатар бірлескен жобаны іске асырады. Одан бөлек, CNPC корпорация­­­­­­сы North Caspian Operating Com­pa­ny консорциумының құ­ра­­мында Қашаған мұнай кен орнын игеріп жатыр.

Үкіметтің есебінше, CNPC Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіне 45 млрд доллардан астам қаражат салған, елде CNPC кәсіпорындарында 30 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың 98,3%-ы – қазақстандықтар.

Былтыр көктемде Қазақстан билігі Қашаған мұнай кен орнын игеріп отырған ірі кәсіпорын North Caspian Operating Com­pa­ny-дан 2,3 триллион теңге (5,1 миллиард доллар) айыппұл төлеуді талап етіп, сотқа арыз түсірген.

2022 жылы қарашаның аяғында Ақтөбе облысының экология департаменті "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясына айыппұл салған. Департамент мұнай ұңғымасынан беймәлім сұйықтық ағып, айналаны ластағанын анықтаған.

"СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясында жұмысшылар жалақыны өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп бірнеше рет наразылыққа шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG