Accessibility links

Си Цзиньпиннің Қазақстанға бесінші сапары қалай өтті?


Астанаға мемлекеттік сапармен келген Қытай басшысы Си Цзиньпинді Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолшатырмен күтіп алды. 3 шілде 2024 жыл.
Астанаға мемлекеттік сапармен келген Қытай басшысы Си Цзиньпинді Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолшатырмен күтіп алды. 3 шілде 2024 жыл.

Бүгін, 3 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қытай басшысы Си Цзиньпинді салтанатпен қарсы алды. Қытай Халық Республикасының төрағасы Астанаға кеше мемлекеттік сапармен келген. Сапар аясында ол екіжақты кездесумен қатар 4 шілдеге белгіленген Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатыспақ.

Қазақстанға бесінші рет келіп отырған Си Цзиньпинді Ақорда алдында Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алып, екеуі Қазақстан әуе күштері ұшақтарының қызыл-сары жолақ қалдыра ұшқанын тамашалады.

Ақордада тараптар шағын және кеңейтілген құрамда кездесті.

"Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жақын досымыз әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Біз ортақ тарихтың, тату көршілік қатынастардың және өзара қолдаудың мызғымас құндылықтарына сүйене отырып, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Жылдан-жылға өзара байланыстарымыздың мазмұны байып келеді" деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық әріптесіне ілтипат білдіріп.

Шағын құрамдағы бұл кездесуде Қытай басшысы Си Цзиньпин Тоқаевты "қымбатты досым" деп атап, Пекин мен Астана арасындағы қарым-қатынасты "Алтын отыз жылдық" деп бағалады.

Қытай президенті Си Цзиньпин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы салтанатты қабылдау шарасында. 3 шілде 2024 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы салтанатты қабылдау шарасында. 3 шілде 2024 жыл.

ЕКІЖАҚТЫ САУДА ЖӘНЕ СТАТИСТИКА

Сапар қарсаңында "Қазақпарат" агенттігінің сайты мен “Казахстанская правда” газетінде Қытай президентінің мақаласы шықты. Онда ол Қытай Қазақстанның бас сауда әріптесіне айналғанын, Қазақстан тауарының ең ірі импорттаушысы Қытай екенін жазған. Оның сөзінше, былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 41 миллиард долларға жетіп, рекорд жаңартқан.

Қазақстан сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы екіжақты сауда көлемі 31,5 миллиард доллар болған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 24,1 миллиард доллар, 2021 жылы 18 миллиард доллар құраған.

БҰҰ сауда статистикасына қарағанда, 2023 жылы Қытайдың Қазақстанға экспорты 24,7 миллиард доллар, импорты 16,4 миллиард доллар болған. Қосындысы Си Цзиньпин айтқан 41 миллиард доллар болады. Бұл – БҰҰ-ға Қытай тарабы берген мағлұмат.

Ал Қазақстан тарапы берген мағлұмат бойынша, 2023 жылы Қазақстанның Қытай экспорты 14,8 миллиард доллар, ал Қытайдан импорт 16,8 миллиард доллар көлемінде деп көрсетілген. Яғни Қытай мен Қазақстан дерегінде алшақтық бар.

Қазақстан Қытайға көбіне шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатса, ол жақтан киімнен бастап, электроникаға дейін мыңдаған тауар түрін алады.

Астана БҰҰ-ға ұсынған дерекке қарағанда, Қытай кейінгі екі жылда расымен де Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналған. Оған дейін бұл тізімде көш бастап келген Ресеймен Қазақстанның екіжақты саудасы былтыр 26 миллиард доллар болған.

Кеңейтілген құрамдағы кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында қазір құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 ортақ жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл "жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды қамтиды".

Сондай-ақ, Тоқаев кейінгі 15 жылда Қытайдың Қазақстанға инвестициясы 24 миллиард долларға жетті деді.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰТАСТЫҒЫ МЕН "БІРТҰТАС ҚЫТАЙ" САЯСАТЫ

"Қазақпараттағы" мақаласында Си Цзиньпин Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтынын айтты.

"Қытай тарапы Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғауға күш салуын, өзі таңдаған даму жолын ұстануын, ішкі және сыртқы саясатын мемлекеттің гүлденуі үшін жүргізуін қолдайды; сыртқы күштердің Қазақстан ішкі саясатына қол сұққанына қарсы шығады" деді ол.

Ол бұл пікірін осыған дейінгі сапарында да мәлімдеген. Кейінгі уақытта Астанаға сапарлайтын қуатты елдердің басшылары Қазақстанның аумақтық тұтастығы жайлы жиі айтып жүр.

Бүгінгі кездесуде бұған жауап ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев "Қытайдың бүкіл әлем елдерінің егемендігі мен тәуелсіздігін құрметтеуге шақыратын тұрақты ұстанымын" бағалайтынын, "Біртұтас Қытай саясатын қолдайтынын айтты. Ол осыған ұқсас ұстанымын Тайвань аралы төңірегіндегі дау кезінде де жария еткен.

Қытай аралды өз жеріне балап, қажет болса, оны күшпен басып алатынын айтып келеді. АҚШ Тайвань аралының түбі Қытайға қосылғанына қарсы емес, бірақ бұл бейбіт сипатта болуы керек дейді. Арал төңірегіндегі дау Қытай мен Батыс арасын қиындатушы мәселе қатарына жатады.

ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС

Сонымен қатар Қазақстан басшысы Қытайдың "терроризм, сепаратизм және экстремизм секілді "үш зұлым күшке" қарсы күрес жөніндегі ықпалдастықты қолдаймыз" деді.

Кейінгі 10 жылда Қытай экстремизммен күресеміз деп адам құқығын жаппай бұзу жөнінде дауға қалды. Осы науқан аясында Пекин елдің батысындағы Шыңжаң өлкесінде азшылық құрайтын мұсылман ұлттары – ұйғыр, қырғыз және қазақтарды "еңбек лагерьлеріне" қамап, "қайта тәрбиелемек" болды. Мұндай лагерьлер туралы алғаш рет 2017 жылы айтыла бастады. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы мұндай лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деген. Қытай бұл айыптарды терістеп, науқанды "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған. 2020 жылы маусымның соңында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні жазылған.

Шыңжаңдағы адам құқығының бұзылуы мәселесі Қазақстанды қамтыды. Пекин билігі қысым көрсетті, лагерьге қамады деген бірқатар Қытай қазағы Қазақстан шекарасын кесіп өтіп, Астанадан босқын мәртебесін сұрады. Лагерьдегі шынайы ахуалды әлемдік қауымдастық солардың сөзінен білген еді. Қазақстан бұл азаматтарға босқын мәртебесін танытуды құлықсыздық танытып, кейбірі шетелге кетуге мәжбүр болды. Бұдан бөлек туыстары Қытайда ұлты мен дініне бола қамауда отыр деген Қазақстан азаматтары тұрақты түрде Алматыдағы Қытай консулдығы алдына наразылыққа шығып, туыстарын босатуды талап етіп келді. Күн сайын наразылыққа шығып жүрген бұл топ Қазақстан билігінің қысымына ұшырағанын айтты. Осы топтың жетекшілерінің бірі Байболат Күнболатұлы әкімшілік қамауға алынды. Кейін ол АҚШ-қа бас сауғалап кетті.

КЕЗДЕСУДІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Екіжақты кездесуден соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнелту рәсіміне телекөпір режимінде қатысты, Цзиньпин жүк паромдарының қозғалысын іске қосты. Сондай-ақ екеуі Қазақстанның Пекиндегі және Қытайдың Астанадағы мәдени орталықтарын, Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің Тіл және мәдениет университетінің филиалын ашты.

Қос президент ортақ нысандардың салтанатты ашылу рәсімінде.
Қос президент ортақ нысандардың салтанатты ашылу рәсімінде.

Кездесу аяғында қос президент бірлескен мәлімдемеге, екі тараптың өзге өкілдері мемлекетаралық және ведомствоаралық 20 құжатқа қол қойды.

Кездесуден кейін екі президент бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг берді.

Онда Қытай президенті Си Цзиньпин "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында екіжақты ынтымақтастықты жалғастыра беретінін айтты.

"Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасын белсенді іске асырамыз. Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен елдеріміз арасындағы үшінші трансшекаралық темір жол құрылысын жеделдетеміз".

Қытайға маманданған сарапшылардың айтуынша, Ресей Украинаға басып кіргелі Қытай "Орта дәліз" деп аталып кеткен осы бағытқа басымдық беріп отыр. Сондай-ақ жақында Пекин Қазақстаннан бөлек қырғыз және өзбек жері арқылы өтетін теміржолды да қолға алатыны мәлім болды.

СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ

Қытай “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында Орталық Азия елдеріне инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру үшін ондаған миллиард доллар несие беріп отыр. Құрылыс барысында жоба құнының қымбаттауы, жемқорлық және тиімсіз басқару секілді факторлардың әсерінен ол жобалар болжанған табысты бере алмай, Қырғызстан және Тәжікстан секілді мемлекеттердің Қытайға қарызы ұлғайды. Қытайға берешегі бар елдердің қатарында Қазақстан да бар. Астана Пекинге қанша ақша қарыз екені жөнінде ортақ цифр жоқ. Мемлекеттің өзі алған қарыз бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде Қытайға берешегі ең аз елдердің қатарында. Бірақ тәуелсіз зерттеу ұйымдары жасырын қарыз барын айтады.

Ұлттық банк дерегінше, 2024 жылғы қаңтарда Қазақстанның сыртқы қарызы 162,7 миллиард доллар болған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2 миллиард долларға көп дейді банк. Ал оның ішінде мемлекеттің өз қарызы 14 миллиард доллар. Банктің есебіне қарағанда, Қазақстанның Қытайға қарызы 9,3 миллиард долларға жуықтайды.

2021 жылы күзде АҚШ-тағы William and Mary колледжі жанындағы AidData халықаралық зерттеу орталығы Астананың Пекинге жасырын қарызы елдің жалпыұлттық ішкі өнімінің 10 пайызынан асады деді. Орталықтың бағалауынша, 2000-2017 жылдары Қазақстан Қытайдан 35 миллиард доллар несие алған. Астанада жемқорлық дауына батқан LRT жобасы да Қытай несиесіне салынбақ болған. Жеңіл рейсті көлік жолының құрылысы басталғалы 10 жылдан асқан бұл жоба әлі аяқталмады. Құрылысқа жауапты компанияның басшылары бөлінген қаражатты талан-тараж етті деп сотталды, Қазақстан билігі құрылысты аяқтауға бекініп отыр.

Қытай басшысы ертең Астанада өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысады. Саммитке 16 мемлекеттің басшысы мен үкімет жетекшілері келеді деп күтіліп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG