Accessibility links

​Өскемен әкімдігіне "қарыз" қандастар ісі: алғашқы үш адамның соты аяқталды


"Нұрлы көш" бағдарламасымен салынған үйлердің қабырғасына пайдаланылған СИП-панель аулада жиналып тұр. Шығыс ауылы, 27 ақпан, 2024 жыл.
"Нұрлы көш" бағдарламасымен салынған үйлердің қабырғасына пайдаланылған СИП-панель аулада жиналып тұр. Шығыс ауылы, 27 ақпан, 2024 жыл.

Өскемен әкімдігі "2011 жылдан бері жалдамалы баспана ақысын уақытында төлемеді" деп сотқа берген үш қандастың ісі аяқталды. Қазір сотта 11 адамның үстінен түсірілген арыз қаралып жатыр. Қала билігі тағы 270-тен астам адамды сотқа бермек. Бұл жөнінде бүгін, 3 шілдеде Азаттық тілшісіне қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Амантай Бақыт айтты. Бірақ тұрғындар бұл қарыз "негізсіз" есептелді дейді.

Сот шешіміне қарағанда, әкімдік тұрғындарға қарыз мөлшері бойынша үш жыл ішінде ғана талап қоя алады. Сондықтан тұрғындардың кейінгі үш жылдағы, яғни 2021 жылдан бергі қарыздары ғана есепке алынып жатыр.

– Әкімдікке қарасты бөлімде істейтін жауапты мамандар уақытылы төлем жасамаған адамдарға үш ай сайын ескерту айтып немесе оларды сотқа беріп, ақшаны алып отыруы керек болған. Бірақ бастапқы жылдары "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында берілген бұл үйлердің сапасы мен электр қуатының ақысы көп шығуына қандастардың наразылығы туындаған. Сондықтан облыс басшылығы олардан төлемақы сұрамай, кеңшілік жасаған. Десе де, қарыз жиналып қалғаннан кейін мәселе заң аясында шешілуге тиіс қой. Біз сотқа жүгіндік, судья заң аясында арызды үш жылдағы қарыздар бойынша ғана қарай алатынын айтты, – деді тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Амантай Бақыт.

Сот шешімі шыққан алғашқы адамның бірі – Әскерхан Қуанбай. Оның қарызы – 497 мың теңге, ал ай сайын 0,1 пайыз қосылған өсімпұлы 1 млн теңгеден асқан. Сот оны тек 2021 жылдан бергі 95 мың теңге қарызы мен 33 мың теңге өсімақысын, жалпы 128 мың теңге төлеуге міндеттеді.

Ал Мирагүл Талапхан мен Жайна Ақшоқының кейінгі үш жылдағы үй жалдау ақысы төленгендіктен сот әкімдіктің арыздарын қараусыз қалдырған.

2011 жылы Өскемен іргесінде "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында Шығыс деп аталатын ауыл салынып, қандастар қоныстандырылған. Жергілікті жұрт "қағаз үй" деп атайтын, қаңқасы СИП-панельден құрастырылған бұл баспаналар қыста суық тартып, тұруға жарамай қалғаннан кейін халық наразы болған. Үйді тоқ пешпен жылытатын олардың электр қуатына берешегі, барлығын қосқанда, 88 млн теңгеге жеткен. Тұрғындардың айтуынша, 2013 жылы осы жағдайдан соң әкімдік "үйді жөндеп алыңыздар, жалдау ақысын сұрамаймыз" деп жеңілдік берген. Бірақ кейін, яғни биыл ақпанда сол кезден бері қарыздары жиналып, оған өсімақы қосылып кетті деп ескерткен.

"Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі, марқұм Бердібек Сапарбаевтың халыққа берген уәдесі бар еді. Үйлерді жөндеп алсаңдар, төрт-бес жылда өздеріңдікі болады, сондай заң бар деп айтқан. Халықтың көбі соған алданған. Аренда ақшасын салмаған. Оның есебіне үйлерін жөндеткен" деді ауыл тұрғындары Азаттыққа.

"Нұрлы көш" – шетелден көшіп келетін қандастарды үй-жай, жұмыспен қамту үшін үкімет 2008 жылы іске қосқан арнайы бағдарлама. Бұл бағдарлама аясында Қазақстанның бірнеше облысында қандастарға арнап салынған үйлер бар. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында ондай үйлер суық екенін айтып шағымданған адам көп. Кей үйдің төбесінен су ағып, астынан жел соғады, ал енді бірінде электр желісі дұрыс тартылмағандықтан өрт шығу қаупі жоғары. Аталмыш өңірлерге оңтүстік облыстардан барып қоныстанғандардың кейбірі қайтадан кері көшіп кетуге мәжбүр болған жағдайлар болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG