Accessibility links

Тоқаев Астанаға келген БҰҰ бас хатшысымен кездесті


БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш (сол жақта) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 3 шілде 2024 жыл.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш (сол жақта) пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 3 шілде 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 шілдеде Астанаға келген БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді. Сапар аясында Гутерриш Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатыспақ. Тоқаев Гутерриштің сапары Қазақстан мен БҰҰ арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік береді дейді. Бұл туралы Ақорда жазды.

"Астанаға сапарыңыз бен ШЫҰ саммитіне қатысатыныңыз Қазақстан мен БҰҰ арасындағы тығыз қарым-қатынастың жарқын белгісі саналады. Бұл біздің БҰҰ қызметіне атсалысып жатқанымызды көрсетеді. Қазіргі күрделі жағдайда Қазақстан және мен де мемлекет басшысы ретінде БҰҰ жұмысын жан-жақты қолдаймыз" деді Тоқаев.

Ақорданың жазуынша, Гутерриш Қазақстан Сирия бойынша Астана процесінің орталығына айналды деген. Ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан "ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолдайтынын, елдің жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынын" айтқан.

Олар кездесуде Орталық Азия мемлекеттері арасындағы аймақтағы кооперацияны нығайту мәселелері туралы талқылаған.

Ақпаратқа қарағанда, олар "Қазақстан мен БҰҰ арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылаған".

4 шілдеде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтеді.

Оған қатысуға Қытай басшысы Си Цзиньпин, Ресей президенті Владимир Путин, Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Катар әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәни келді.

БҰҰ бас хатшысы 29 маусымда Орталық Азияға сапарын бастап, Астанаға дейін Өзбекстан мен Қырғызстанға барып, сол елдердің президенттерімен кездескен. Антониу Гутерриш Орталық Азияға екінші рет сапарлап отыр. Ол аймаққа алғаш рет 2017 жылы келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG