Accessibility links

Қазақ-өзбек шекарасында контрабандалық дәрі-дәрмек таситын туннель табылды


Үндістанда жасалған дәрі-дәрмектер. Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі жариялаған видеодан скриншот.
Үндістанда жасалған дәрі-дәрмектер. Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі жариялаған видеодан скриншот.

Өзбек-қазақ шекарасында, Өзбекстанның Ташкент облысы аумағында ұзындығы 310 метр жерасты туннелі табылды, оның контрабандашыларға қатысы бар болуы мүмкін. Бұл жөнінде Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, жедел іс-шара кезінде Делиден (Үндістан) жіберілген дәрі-дәрмектің кезекті партиясы транзитпен Ташкент арқылы алдымен Алматы қаласына жөнелтіліп, кейін Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы өзбек шекарасына жақын Достық ауылына келіп, құпия туннель арқылы Ташкент облысы Ташкент ауданының "Урикзор" махалласына жеткізілгені анықталған.

"Үндістаннан Қазақстан арқылы елімізге сапасы белгісіз дәріні үлкен мөлшерде заңсыз түрде жөнелтуге қатысып келген трансшекаралық қылмыстық топ анықталды" делінген Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәлімдемесінде.

Ұзындығы 310 метр туннель 49 жастағы тұрғынның үйінен шықты. Туннельдің ішіне желдету аппараты мен жарық қойылған, жүк тасымалдауға арналған арбалар мен арқандар да бар дейді Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі.

Қылмыстық топқа мүше болды деп күдікке ілінген адамдардан Үндістанда жасалған 107 дәрі-дәрмектің 17048 данасы, жалпы бағасы 1 млрд сумнан асатын (шамамен 80 мың доллар) дәріні тәркілеген. Оның ішінде "Альбумин", "Ремдесивир", "Меропенем" және тағы басқалары бар.

Осы іске байланысты қылмыстық іс қозғалған, күдікті ретінде бірнеше адам ұсталды. Арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғы нақтыланбаған. Қазақстан жағы әзірге бұл бойынша мәлімдеме жасаған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG