4 шілдеде Атырау қаласы маңында тасқыннан зардап шеккен Соколок каналы бойындағы отыздан аса шаруа қожалығының иелері өтемақы талап етіп, қала әкімдігіне жиналды. Оларды әкім Шәкір Кейкін қабылдап, мәселелерін жиналыста тыңдады.
Жайық өзені тасығанда қала аумағымен өтетін Соколок каналының бөгеті бұзылып, айналасын су шайған. Канал бойында Бесікті, Талғайраң, Ақжар, Ақсай, Томарлы, Геолог, Бірлік елдімекендері орналасқан. Фермерлердің қыстағы, шабындық жерлері, жем-шөбі, үй-қорасы, егіні суға кеткен.
Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, мал мен егін шаруашылығымен айналысып отырған 53 фермерден өтемақы бойынша өтініш түскен. Фермерлер су басқан қожалыққа жете алмай отырғанын, жайылым мен шабындық жерлерін де су басып, шаруашылық жүргізу қиындап тұрғанын айтты. Олар қыста малға жем-шөп табу қиындап кете ме деп алаңдайды.
Шаруа қожалығын су басқан Ербол Тойлыбаев сиыр мен жылқы ұстайды. Қожалық аумағындағы үйі мен қора-қопсысын да су алған. Тойлыбаев қожалығына қайықпен барып жүр. Фермерлерге суға кеткен егіні мен малына, үй-қорасына өтемақы берілетіні айтылған. Әкімдікке жиналғандардың басым бөлігі қожалық орналасқан үйі мен қорасы заңдастырмағанын айтты. Қылышбай Ешім – қалаға қарайтын Қайыршақты ауылдық округіндегі "Ешім" шаруа қожалығының иесі. Оның үш жылқысы және екі түйесі суға кетіп өлген.
– Әкімдікке өтемақыға өтінішті апта басында жаздым. Өлген малға өтемақы бір айда береді деп жатыр. Қазір бір түйе бағасы 1 млн теңге болса, әкімдік бір түйеге 315 мың теңге береміз деп жатыр, үкімет қарастырған баға деді. Қазір су ортасында тұрған қожалыққа жетудің өзі қиын. Тек малға бару үшін жер айналып өтуге тура келеді, – дейді Қылышбай Ешім. Ол қожалықтағы үйі мен қорасын заңдастыруға кіріскен.
Лұқпан Бисалиевтің де қожалығы Соколок каналы бойындағы Қайыршақты ауылдық округінде орналасқан. Оның малы су ортасында қалып, айдап шыққан кезде үш биесі мен бір құлыны, төрт сиыры кеткен. Бисалиев те апта басында өтемақы талап етіп, әкімдікке өтініш жазған.
Әкімдікте өткен жиында шаруаларға заңдастырылмаған нысандарға өтемақы бермейтінін айтты. Шаруа қожалығындағы жұмысшыларға арналған үй мен қоралардың өтемақысы бойынша құрылған комиссия бұл нысандар заңдастырылған соң қаралады деді. Ал қала әкімі Шәкір Кейкін үй-қорасын салып алуға 2 тонна цемент, 100 шифер, ағаш сияқты құрылыс материалдарын беруді ұсынды. Бұған фермерлер арасында келіскендер бар.
19 мыңнан астам үйді су алған көктемдегі тасқын кезінде Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланып, ондаған мың адам мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.
ПІКІРЛЕР