Accessibility links

Зеленский: АҚШ пен Қытай бейбітшілік үшін арадағы қайшылықты тоқтатуы керек


Владимир Зеленский.
Владимир Зеленский.

Украинадағы соғыс Киев пен бүкіл әлемге әділетті түрде аяқталуы үшін АҚШ пен Қытай арадағы қайшылықты тоқтатып, Ресеймен келіссөздерде араағайын болып бірге шығуы керек. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Зеленскийдің сөзінше, соғысты аяқтауда Пекин маңызды рөл атқаруы керек, себебі Ресей Қытайдың экспорт нарығына қатты тәуелді. Бұған дейін Bloomberg-пен сөйлескен Финляндия президенті Александр Стубб Қытай басшысы Си Цзиньпиннің бір қоңырауы Ресейдің Украинамен әскери қақтығысын шешеді деп мәлімдеген. Зеленский Стуббтың пікіріне қосылады.

Украина президенті Мәскеумен келіссөздер өтетін болса, оған Ресей президенті Владимир Путин қатысады деп ойламайды, өйткені ол келіссөздерге барудан "тым қорқады" дейді.

Зеленский Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның "келіссөз бастау үшін қақтығысты тоқтату керек" деген ұсынысын қабылдамағанын хабарлады. Оның айтуынша, атысты нақты жоспарсыз тоқтату қақтығыстың аяқталғанын емес, уақытша тоқтатуды білдіреді. Украина басшысы үзілісте Ресей күш жинап, қақтығысты қайта бастап кете ме деп алаңдайды.

Зеленский Украина қарулы күштерінің майдандағы жағдайын "тығырық" деп атауға келіспеді. Оның айтуынша, жеке құрам тұрғысынан қазір армияның жағдайы бірнеше ай бұрынғы кезге қарағанда жақсы, ал жаңа қарымта шабуыл бригадалардың қару-жарақ мәселесіне байланысты.

"Бұл тығырыққа тірелу дегенді білдірмейді, бұл – проблемалық жағдай. Тығырық болса, одан шығар жол жоқ. Мәселені ниет пен құралдар болса шешуге болады", – деді ол.

Украина президенті АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамппен кездесіп, оның Ресеймен бейбітшілік орнату ұсынысын тыңдауға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, Украина билігін АҚШ-тағы сайлаудан кейін Киевке "күшті қолдау бола ма, әлде ол жалғыз қала ма" деген сұрақ мазалайды.

Бұған дейін Трамптың кеңесшілері Киев Ресеймен келіссөздер бастаса ғана көбірек қару алады деген жоспар ұсынған еді.

Киев Мәскеумен бейбіт келіссөздерге келу үшін бірнеше шарт қойған, оның бірі – Украинаның 1991 жылы белгіленген жерінен, оның ішінде аннексияланған Қырымнан Ресей әскерін шығару. Ал Ресей бейбітшілік туралы келіссөздерді бастау үшін Украинада басып алған аймақтарды ескеру қажет дейді. Кремль Украина НАТО-ға кіруден бас тартуы керек деген де талап қойған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG